Өздеріңмен өмір көрікті
Көктем айы келгенде жердің беті ерекше күйге бөленіп, алдағы жаймашуақ сәттерді елестетеді. Бұл кезде жаратылысынан сұлулық пен әсемдікке жаны құмар әйел заты да құлпырып, айналасына шуақ шаша түседі. Ертең әлем халқы наурыздың алғашқы онкүндігінде келетін Халықаралық әйелдер күні мерекесін атап өтеді.
Қиындығы мен қызығы мол журналистика деген іргелі мамандықты серік етіп, Атырау баспасөзіне сүбелі үлес қосқан әйелдердің орны тым бөлек. Кезінде ер азаматтармен иық тіресіп, баспасөздің қазанында қайнаған нәзікжанды журналистердің қатары аз емес. Сондай жандардың бірсыпырасы туралы өткен ғасырдың 70-жылдарынан бастап, бүгінгі дейін үзеңгілес қызмет еткен, оларды құрмет тұтып, қамқорлық танытқан ардагерлердің жылы естеліктері мен тағылымды оқиғаларын ұсынуды жөн көрдік.
Көгілдір көктем айы – мейрамдар мен мерекелерге толы ай! Солардың бәрінен де ардақты аналарымыздың, асыл арулардың, қадірлі қыздардың мерекесі – 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні біз, ерлер қауымы үшін бәрінен де ең ерек, бәрінен де ең қымбат! Ұзақ жылдар бойы баспасөз саласында қызмет еткен мен үшін осы ерекше күнде сол бір ардақтыларымызды ойға оралтып, бірге өткізген, бірге газет шығарған шақтарды еске алу қандай ғанибет! Сонау аудандық «Қызылқоға» (бұрынғы «Коммунизм туы»), кейінгі облыстық «Атырау» газеттеріндегі апа-қарындастармен қоян-қолтық қызметтес болған кезеңдерді еске алу көңілге шуақ құяды. Миялыда баспахананың майталман баспагерлері Мәру Нәлиева, Қанипа Сапарова бастаған қыздардың, Төлеухан Ахметова, Құралай Бейсенбаева, Шолпан Ұғыбаева, Мағрупа Қазихан, облыстық газеттегі Майра Жекебаева, Лиза Сейтімова, Светлана Қайырғалиева, Елена Таңбаева, Сара Досниязова қатарлы қаламгер қыздарымыздың әрбіреуінің өмір жолдары, атқарған қызметтері жатқан бір-бір тарих.
Бір ғажабы, журналист қыздар қандай қиындықтан да қашып көрген емес. Қайда іссапарға жіберсе де тартынбайтын. Бір ғана мысал айтайын, аудандық, облыстық газеттерде болғанында да қолынан қаламын, блокнотын тастамаған Құралай Бейсенбаева ауыл-аймаққа іссапарға шығу қажет болса, қолына жас баласын ұстаған күйі алыс сапарға шығып жүре беретін. Ауылдарды аралап, жұрттан сұхбат алып, барған нысанын шұқшия зерттеп жүргенін көргендер «Не деген деген мықты, қайсар әйел, өз ісіне шынайы берілген журналист» деп аңыз етіп айтқандарын көз көріп, құлақ естіді. Облыстық газеттегі машинистка-терімшілер Ақлима Мақұлова, Ермек Ықсанова, Қымбат Әбдірахманова апайлардың жұмыс істеулері ғажап еді-ау. Аптасына бес рет шығатын газеттің алдарында үйіліп жататын материалдарын мүлтіксіз, қатесіз теріп, өз қызметтерін адал атқаратын. Олардың істерін қазір қатарымызда жүрген зейнеткерлер Рысты Қарымсақова, Бағзай Супьянова, Кенже Ахметова, сондай-ақ, Злиха Неталиева, Нұрбике Есқалиева, Зейнегүл Қайырова, Күләш Шаңқиева және тағы басқалары жалғастырды.
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басына дейін менімен бірге қызмет істегендерден облыстық газет редакциясында жалғыз Клара Елеусінова ғана қалыпты. Көз көрген, сыпайы, баяғы ақжарқын күйі, амандық-саулық сұрасудан жазбайды. Иә, уақыт өз дегенін істейді. Қазірде редакцияға барсақ бәрі дерлік жастар. Газетті өз мәнінде, өз деңгейінде шығарып жатыр. Бір тобы өндірдей күлімкөз қыздар. Баршасын мерекелерімен құттықтаймын! Өмірлерің өрісті, тұрмыстарың келісті, көңілдерің шат болғай!
Төлеген ЖАҢАБАЙҰЛЫ
облыстық газеттің 70-90-шы жылдардағы қызметкері, жазушы-публицист