Жарнама
Жаңалықтар

Өркениеттің  өлшемі

Наурыздың алғашқы күндері басталысымен-ақ бүтін әлемде жаңару мен жаңғыру жүреді. Жердің көбесі сөгілісімен қалың қардан араласпай қалған ағайын бір-бірін құшақтаса көрісетін болған екен. Яғни, көктем келіп, Жер-Ана  жаңарған шақты сағынысып жүздеседі.

Көрісу – табиғатпен, жаратылыспен астасқан дәстүр. Бұл күні қыстың қытымыр аязы мен қос алқымнан алған қары жібіп, көңіл тоғайып, ел аяғы кеңігенде алыстағы ағайын амандық білісіп, бірін бірі іздейді.

Көрісу дәстүрінің батыс өңірінде сақталу себебін түсіндіруде ғалымдардың пікірі, көп жағдайда, ортақ алаңға тоғысып жатады. Алаштанушы, ғалым Тұрсын Жұртбай бұл дәстүрдің батыс өңірінде жақсы сақталып қалуының себебін осы өлкенің кезінде империя астанасы болуымен байланыстырады. Жалпы, Көрісу сонау ғұндар дәуірінен басталады екен.

Ал филология ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Сабыр ежелде күллі қазақ даласында болған мереке, кейін ұмыт қалып, Батыс аймақтарында сақталғаны туралы жазған.

– 14 наурыз «Көрісу айты» – көрісу күні емес. Ауызекі тілде көрісетін күн дегенмен, бұл бір күнмен шектелмейтін мейрам. Мәшһүр Жүсіп Көпеев жазбаларында ертеде «14 наурыз, ескіше 1 наурыз көктемнің бірінші күні деп қазақ «Наурыздама» тойлайтын еді, Ол 8, 9 күнге созылатын еді» дейді. Яғни 22 наурыз күн мен түннің теңелуі, мерекенің шыңы. Қыс мезгілінің толық бітуі. Ал қыстан аман-есен шыққан қазақтар, қыс бойы бірін-бірі көре алмаған ағайын туыс, қозыдай жамырасып көрісіп, «бір жасыңмен» деп амандасатын болған. Оның шектеулі күні жоқ, наурыздың 14-нен бастап 1 айға дейін қыстай көрмеген ағайындар іздеп келіп, қауқылдасып көрісетін болған, — деген болатын ғалым.

Батыс халқының Самарқанмен, Бұқарамен ежелден бері байланыста, аралас-құралас болғаннан кейін де жалғасып отырған ғұрыптың мәні тым тереңде жатыр. Ең бастысы, іргесі сөгілмес бірліктің берекесі, ырысы төгілмес тірліктің мерекесі саналатын Көрісу – айбыны асқан, ізгілік шашқан тамыры терең өнегелі өркениетіміздің өлшемі.

Этнограф Серік Ерғалидың пайымдауынша, мүшел жылы 1 қаңтарда да, 22 наурызда да кірмейді, қазақтың есебі бойынша 14 наурызда кіреді.

– Жылқы жылы мүшел жүйесі бойынша 14 наурызда кіріп, көктемнің алғашқы күнін, жаңа жылдың маусымашар күнін бастайды. Ескі жылмен қоштасу 13 наурызда болып өтеді.

22 наурыз – аса ежелгі күнге табыну дәстүрінен қалған  төрт мерекенің бірі. Шын мәнінде 14 наурызда жаңа жыл кірсе, 22 наурызда күн мен түн теңеліп, бір емес, екі мереке беттеседі. Халқымыз бұл екеуінің жігін ажыратпай 8-9 күн бойы, тіпті ежелгі кездері ай бойы атап өткен,-дейді этнограф

«Бұқараның бірлігін біріктірер салт»

Наурыздың «беташары» болған көрісудің тәрбиелік те, әлеуметтік те маңызы зор. Бір кездері облыстың Құрметті азаматы Сәрсенбай Еңсегенов Көрісу күнін ресми мерекеге айналдыруды ұсынған болатын. Өйткені, мұндай мерекелер адамды адамгершілікке, мейірімділікке, жақсылыққа тәрбиелейді. Үлкенге құрмет көрсетуге баулиды. Қоғам қайраткерінің айтуынша, түрлі жағдайларға байланысты 1930 жылдан бастап бұл дәстүр кейбір жерлерде ұмытылып кеткен екен.

Дегенмен соңғы кезде Көрісу мерекесін батыс өңірі ғана емес, көк өніп, көңілі марқайған ағайынның бәрі тойлап, дәстүр ел көлемінде ұлықталып келеді.  Яғни, Ұлыстың ұлы күні алдында ағайын алдымен мал-жанның амандығын сұрастырып, елдің бүтіндігін ойлайды. Дәстүр бойынша 14 наурызда таң ата салысымен жасы кішілер үлкендердің шаңырағына амандық сұрап кіреді. Тіпті бірінші табалдырық аттағандардың осы елгезектігі үшін ағайын арасында мерейі үстем болып жүреді екен.  

«Қан тазалығын сақтауға да септігі бар»

Иә, кім бар, кім жоқ? Қарттар жағы қыстан аман шықты ма? Қыс бойы бір-бірімен қатынаса алмай қалған ағайын жер-аяғы кеңіп, қатынас жол ашылған соң бірін бірі іздеп, түгендеуге кіріседі. «Ұлық болсаң, кішік бол» демекші, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағында жастар жағы үлкендерді арнайы іздеп барып, қолұшын беруге асығуы керек. Көрісудің негізгі мәні де осында болса керек. Ендеше, қыстан қысылып шығып, көкке ілінген жамағаттың бар-жоғын түгендеп, малы шығын болған ағайынға көмек көрсетуі де осы Көрісудің бір ажырамас бөлігі. Яғни, аталған салттың тәрбиелік қана емес, әлеуметтік мәні де өте зор.

Соңғы кездері кейбір ағайындар Көрісу салтын мейрамханада атап өтіп, басқосуды үрдіске айналдырған.

– Біздің әулетте сегіз атадан тараған ұрпақтың жыл сайын кездесуі дәстүрге айналған. Бір жылы бір атаның ұрпақтары мейрамханада дастархан жайып, Көрісу кездесуін ұйымдастырса, келесі жылы бұл эстафетаны келесі атаның үрім-бұтағы жалғастырады. Осылай тізбектеліп кете береді. Бұл үрдіс, бір жағынан жыл бойы тіршілік күйбеңімен көрісе алмаған ағайынның арасын жақындатады. Өскелең ұрпақ та бірін бірі танып, білісіп жатады. Екінші жағынан, қазақтағы қан тазалығын сақтауға да септігі бар. Мұндай Көрісу дәстүрі адамды жақсылыққа, ізгілікке тәрбиелейтін құндылық қой. Осындай өз ішіміздегі дәстүрді көріп өскен қазіргі жас – ертеңгі біздің жолымызды жалғаса деген тәрбиелік мәні бар ойдан туған игі іс еді, — дейді исатайлық тұрғын Қайырғали Бахонов.

Көрісу күні бұрынғы өкпе-реніш кешіріліп, араздық ұмытылады деседі. Бұл күн адамдардың бір-біріне амандасып, жақсылық тілейтін, бір-бірімен қауышатын мерекесі ғана емес, сондай-ақ жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін күн. Өйткені Көрісу салты бұл күнмен шектелмей, наурыз бойы жалғаса береді.

Рита ӨТЕУҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button