Жарнама
Жаңалықтар

Өңірлік спорт: Біз кімге өкпелейміз?!

Төрткүл дүние көз тігіп, әлемнің кіл мықтылары жиналатын жазғы Олимпиада ойындарының аяқталғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Сол сында ел намысын қорғауға аттанған спортшыларымыздың қарымын байқап, шеберлігіне куә болдық. Әсіресе, отандастарымыз жарыс алаңына шыққан кезде барлығымыз дерлік «сарапшы-маманға» айналып, экранның бер жағында жер тепкілегеніміз рас. Еуропа төріндегі дүбірлі додаға облыстың атынан қатысқан екі спортшымыз алғашқы үштікке де ілінбей, көңіліміз құлазып еді.

Атырау өңірі өз тарихында Олимпиада ойындарына лицензия алған спортшылары аз облыстардың қатарында. Ендеше, аймақтағы спорт саласының бұрынғы және қазіргі даму деңгейі, спорттың олимпиадалық және олимпиадалық емес деп бөлінуінің пайдасы мен көлеңкелі жағы қандай? Олимпиада жүлдегерлерін айтпағанда, қатысушылар санының аз болуының себебі неде? Кең дамыған спорт түрлерінің өзінен ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктердің болмауына не кедергі? Өңірдегі спорт саласының өркен жаюы үшін қандай өзгерістер керек? Осы және өзге мәселелер туралы облыс спортында өзіндік орны бар білікті спорт мамандары өздерінің пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды.

Үлкен өзгерістер керек

Қабибек МҰХИТОВ,

ардагер таэквондошы:

– Облыстағы спорттың дамуы көңіл көншітпейді. Үнемі нашар нәтиже көрсете беруге спортшыларымыздың да, біздің де етіміз үйренген. Құр босқа мақтаудан пайда жоқ. Спорт – олимпиадалық және олимпиадалық емес деп бөлінеді. Олимпиаданың пайдалы жағы еліміздегі дамып жатқан спорт түрлері мен спортшыларымызды көрсетуге жақсы. Төрт жылда бір өтетін мәртебелі Олимпиаданы дүниежүзі көреді.

Кешегі дүбірлі дода кезінде дзюдо күресі бойынша қол жеткізген алтын жүлде арқылы елімізді танып жатыр. Басқа да спорт түрлері бойынша бізді өзгелер біледі. Ал, елдің ішінде бұлай бөлу спорттың дамуына кедергі келтіреді. Өйткені, ақшаның көп бөлігі олимпиадалық спорт түрлеріне бөлінеді де олимпиадалық емес спорт түрлері тасада қалып қояды. Олимпиадалық емес спорт түрі деген де спорт қой. Спортпен айналысқысы келетін жас балалар олимпиадалық емес спорт түрін таңдағанымен ол спорттың дамуы кемшін болса қатысушылардың қатары азаяды. Айталық, өзім тұрып жатқан шағынаудандағы спорт мектептерінде самбо күресінің секциясы жоқ. Қателеспесем, қала бойынша «Вокзал маңы» шағынауданында ғана бар.

Мұның себептерінің бірі – ақшаның аз бөлінуі, жаттықтырушылардың аздығы. Сонымен қатар, аралас жекпе-жек, таэквондо спорт түрлері бойынша мемлекеттен қаражат алмай-ақ, балалардан ақша жинап, үйретіп жатқандар бар. Осындай шектеулердің нәтижесінде көп адам қалаған спорт түріне қатыса алмай жатады. Келеңсіздіктің бір ұшы осында жатыр деп ойлаймын. Спорттың қай түріне де қаражатты көбейткен дұрыс.

Облыста жазғы Олимпиада ойындарына қатысушылар аз. Ал, қысқы Олимпиада ойындарына қатысатындар жоқ та шығар. Мұның себебі неде? Бір-екі адам жазғы Олимпиадаға барғанын айтып, қуанып жүреміз. Ал, басқа өңірлерден додаға көп барады. Айталық, Жамбыл облысынан Олимпиадаға қатысатындардың қатары көп, тіпті Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері бар. Бізге басқаша көзқарас қалыптастыратын кез жетті. 

Облыста спорт саласына бөлініп жатқан қаражат та аз болмас, алайда нәтижесі неге төмен? Жаттықтырушыларымыздың деңгейі көңіл көншітпей ме? Басқа жақтың мамандарын шақырғанмен, олар кеткен соң сырттарынан түрлі әңгіме айтылып жатады. Бұл жағдайлар көзқарастың төмендігін байқатады.

Олимпиадаға қатысқан атыраулықтар санаулы-ақ. Айталық, Олимпиадаға жүлде алған таэквондошы Арман Шылманов, жүлдегер болмағанымен, тым-тәуір өнер көрсеткен таэквондошы Лия Нуркина, дзюдошы Ринат Ибрагимов секілді спортшылар болды. Соңғы уақытта Олимпиадаға қатысатын жергілікті спортшылар шықпай тұр.

Қазіргі таңда дамып келе жатыр деген спорт түрлерінің өзінен жетістіктеріміз жоқ, нәтиже төмен. Спортқа жұмсалып жатқан қаражаттың жемісін көре алмай отырмыз. Оны бақылап отырған адам да жоқ секілді. Шын мәнінде мұның барлығымен облыстық спорт басқармасы айналысуы керек қой. Олардың әлі күнге дейін тұрақты басшысы тағайындалған жоқ…

Менің ойымша, облыс спортына түбегейлі өзгерістер қажет-ақ. Айталық, бір спорт түріне жылына бірнеше миллион теңге қаражат бөлінеді. Ал, енді ол ақшаны кімдер бөлді? Спортшылардың қатысып келген әрбір жарыстарына баға беру қажет. Оқу-жаттығу жиындарына барған спортшылардың дайындығы қалай болды, өздерінен басқа кімдер барды, тіпті кейбір жаттықтырушылар жай ғана демалып, уақыт өткізу үшін барып келген шығар…

Осындай жағдайларға үңіліп, сараптап отыратын орталық керек. Бізде мониторинг жұмыстары жоқ. Жарыстарға қатысып келіп жатқан балаларды білмейміз. Бұрын тоқсаныншы жылдары атақты боксшыларымызды тәрбиелеп шыққан мектебіміз жоғалып кетті. Елдегі жарыстардың өзінен жүлдеге ілігетіндерді таба алмай қалдық. Осы мәселелерді шешу үшін сала басшылары бір-бірімен кездесіп, ортаға ой салып, ақыл-кеңестерін айта ма, жоқ па, ол да сұрақ күйінде қалып отыр. Ал, ойдан-қырдан келгендер спортқа бөлінген ақшаны ғана айтып, мәселені жылы жауып қана отырады.

Жарыста шыңдалмаған шынықпайды

Таңат НҰРЫМОВ,

кекушинкай каратэден аға жаттықтырушы:

– Бұрын Олимпиадаға Атыраудың өзінен спортшылар қатысатын еді. Байдарка және каноэ есуден мәртебелі жарысқа облыс спортшылары баратын. Олар өздері дайындалып, елімізде ғана емес әлемде де мықтылығын көрсетіп жүрді. Оның бер жағында дзюдошы, таэквондошылар бақ сынады. 2012 жылдан бері легионерлерді қоспағанда, жергілікті атыраулық спортшылар Олимпиадаға қатысып жүрген жоқ.

Облыста спорт саласы дамудың орнына құлдырап кетті. Балалар спортын олимпиадалық және олимпиадалық емес деп бөліп, олимпиадалық спорт түріне көбірек көңіл аударып, оған көп қаражат жұмсауға ұмтылады. Сол арқылы болашақ Олимпиада чемпиондарын тәрбиелеп шығаруды мақсат тұтады. Десе де қанша жерден оларға ақша салып жатқанымен, нәтижесі аз болып тұр. Олимпиадалық спортты дамыту үшін облыста дарынды балаларға арналған спорт мектеп-интернаты бұрыннан болуы керек еді. Ал, оның біздің облыста ашылғанына бір жыл ғана уақыт өтті. Енді олимпиадалық спортты дамыту үшін оншақты жыл жұмыс істеу қажет. Сонымен қатар, балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі де атсалысуы керек.

 Атырауда олимпиадалық емес спорт түрлері де жақсы дамыған. Сондықтан қай спорт түрі нәтижелі әрі балалар көп қатысады қаражатты соған салған дұрыс. Қалада үлкен теннис орталығы бар. Оны мемлекеттің ақшасына күтіп ұстайды. Алайда, ел чемпионатында жеңіс тұғырынан көрінетін спортшы жоқ. Хоккей спортына да миллиардтап қаражат бөлгенімен, оның нәтижесі байқалмайды. Дзюдо күресінен де соңғы жылдары ел чемпионатында жеңіске жеткен спортшылар өте аз.

Бүгінгі таңда облыстан Олимпиада жүлдегерлерінің шығуы мүмкін еместей көрінеді. Себебі, «Мұнайшы» спорт кешенінің іші асты-үстіне шығып жатыр. Дәретханасының өзі көрер көзге сұмдық. Спорт залының сиқы кеткен. Жалпы, спорт кешендерінің түгелге жуығының тозығы жеткен. Арнайы спорт кешендері жоқ. Барының өзінде жағдай жасалмаған. Қыста суық, жазда қапырық. Атырауда аз дегенде жиырма шақты спорт кешенін салу қажет. Бізде экологиялық ахуал нашар екендігі белгілі. Сондықтан жергілікті спортшылар үшін спорттық медицинаны жақсы дамыту керек. Бұрын балалардың жағдайына үңіліп, қан қысымын өлшеп, ішіп жатқан тамағы мен дәрумендеріне көңіл бөліп қарап отыратын дәрігерлік-дене шынықтыру диспансерлері болатын. Ол жерде спортшының қазіргі жағдайы, жүрегі, өкпесі, белі, сүйектері, сіңірінің жағдайы қандай екенін айыра алатындай мүмкіндік болса дейсің.

Қазіргі таңда облыста дәрігерлік-дене шынықтыру диспансерлері жоқ. Сонымен қатар, балаларды әртүрлі жарыстарға қатыстырмай, бірден ел чемпионаттарына апарып жатады. Ал, ол тәрбиеленушілер оның алдында оқу-жаттығу жиындарына бармаса, басқалармен жұптасып шеберлік танытпаса, өзінен мықты спортшылармен жекпе-жекке шықпаса жақсы нәтиже көрсете алмайтыны белгілі ғой. Тіпті мүмкін де емес. Барғандарының өзі ел чемпионаттары мен ел кубогына арналған жарыстарда жүлденің маңына жете алмай оралады. Ұлттық құрамаға осы жарыстардан жүлдеге іліккендер ғана алынады ғой. Қай спортшы болса да жақын шетелдер мен көрші облыстардағы жарыстардан шыңдалмаса жетістікке жете қоюы неғайбыл.

Облыста тұралаған спорт түрлеріне енді жан кіре бастағанымен бұрынғы деңгейге жету үшін қыруар қаражат бөлініп, жаттықтырушылар ауысуы керек. Сондай-ақ, бізде спорт саласында жүрген азаматтар арасында шиеленіске толы жайттар мен төрешілердің әділетсіздігі тағы бар. Айталық, олимпиадалық спорт түрлері бойынша облыстың атынан шығатын спортшыға іріктеу жасаған кезде де ішкі бәсекелестіктерінің дұрыс еместігін көреміз. Ол іріктеуден нағыз мықты спортшы емес, қай бапкердің беделі күшті, соның тәрбиесіндегі спортшы таңдалып жатады. Сондықтан ол басқа жарыстарда сүрінеді.

Бұрын Олег Закаблучный деген байдарка және каноэ есуден мықты жаттықтырушы болған еді. Сол кісі тәрбиелеген спортшылар Олимпиадаға қатысып, жақсы өнер көрсеткен. Олардың Жайық жағасында «Эллинг» ескек есу базасы бар еді. Кейін ол басқаға сатылып кетті де ескекшілер қайығын қоятын жер таба алмай, ақыр аяғында бұл спорттың халі мүшкілге айналды. Осылайша жаттықтырушының еркін жұмыс істеуіне жағдай жасалған жоқ.

Кешегі Олимпиадаға Атыраудың өзінде күрестің әліппесін үйренбеген, жасөспірімдер қатарында өнер көрсетпеген екі қандасымыз барды. Бірақ, ол екі спортшы да өзге елде туып-өсіп, сол жақта күреске қатысқан. Сол елдің балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде тәрбие алып, алғашқы нәтижелерін көрсетіп, өз салмағында мықты болған қыздар. Дегенмен, Атыраудағы 90-ға жуық дзюдо жаттықтырушыларының еңбегін көрмей, сырттан спортшы алдыру қисынсыз секілді. Осыдан соң жас балалардың күресуге зауқы соқпай қалады. Жергілікті балаларды алмайды, жарыстарға апарып, оларға шығындалмайды. Ал, жауаптыларға дайын, күресіп жүрген спортшыларды шақырту тиімдірек.

Облыста дзюдо күресінің дамуына өте қомақты қаражат аударылып отыр. Өңірдегі дзюдо федерациясында елге белгілі азаматтар басшылық етеді. Олар бұл спортқа керекті қаражатты шығартып отыр. Атыраудың өз топырағынан спортшылар даярлау ісі мүлдем кенже қалған.

Аймақта спортты дамыту бағытында жұмыстар жасалып жатқанымен,  оның нәтижесі болмай тұр. Қалалық, облысаралық, республикалық турнирлер, ел кубогы мен чемпионаттарына қатысып жүрген спортшыларымыз болса үміт болар еді. Қарапайым елдегі жарыстарда бақ сынамай, бірден әлем чемпионатын ұтып кетуі мүмкін еместігін түсінбейтіндер бар.

Париж Олимпиадасына облыстың атынан бірнеше басшы барды. Олардың облыстың атынан қатысып жатқан екі-ақ спортшыға қолдау көрсетіп немесе әлеуметтік желілерде пікір білдіріп жатқандығын көрмедік. Барғаннан соң ұшты-күйлі жоғалып кеткендей. Олимпиадаға бюджет есебінен сапарлағаннан кейін спортшыларымызға тым болмаса ауызша қолдау көрсетіп жатқандарын көрсетулері керек еді.

Облыста спорт түрлерін дамыту бойынша жоспар болуы керек. Болған күннің өзінде қалай жүзеге асып жатыр, ол да белгісіз. Спортшыларымыз жарыстарға қатысып, жүлдесіз орала берсе оның себебін анықтау керек қой. Мүмкін физикалық-психологиялық дайындығы нашар ма, жарыстарға шаршап шыға ма, осындай себептерін анықтау керек шығар… Облыста дамып жатыр дейтін спорт түрлерінен ересектер арасында жеңімпаздар неге шықпай жатыр? Сондай-ақ, еркін күрес шебері Сырбаз Талғаттың Олимпиадаға бармай қалуының себебі неде? Ал, облыс бойынша спортшы ретінде мемлекет тарапынан жалақы алып отырған санаулы спортшы болса, соның бірі осы жігіт қой. Олимпиадаға бармай қалуының нақты себептері ашып айтылмайды. Қазақта «ауруын жасырған өледі» деген сөз бар ғой. Оның бармай қалу себебін ешкім ашып айтқысы келмейді. Ал, бұл спортшының жанбай жатып «сөнуіне» әкеледі. Жоспарсыз жұмыстардың кесірінен нәтиже жоқ. Мемлекеттен көп қаражат алады да құмға сіңген судай ғайып болды. Кейбір федерацияларда жеңімпаз шығару мақсат емес секілді көрінеді.

Түйін:

Облыста 27 олимпиадалық, 43 олимпиадалық емес, 11 ұлттық спорт түрі бар. Алайда, спортты дамыту мақсатында спортшылардың бір жерде тұрақты түрде дайындалуына жағдай жасалған база жоқ. Ауа райы спортпен кедергісіз айналысу үшін қолайсыз. Қыс айлары салқын, ал жазы ыстық. Бұл мәселені шешу үшін көпфункционалды алаң қажет. Облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшысының уақытша міндетін атқарушы Ернұр Нетжанов спорт саласында мәселелердің баршылық екендігін жасырмайды. Облыста дене шынықтыру диспансерін ашу үшін құжаттамасы дайындалып, соңғы кезеңі жүзеге асып жатқан көрінеді. Басқарма өкілі өңірде олимпиадалық спорт түрлерін дамытуға күш салып, жеңіл атлетика, жүзу секілді спорт түрлерін дамытуға баса мән беру қажеттігін алға тартады. Ол үшін еліміздің өзге облыстарынан білікті мамандарды шақыру жұмыстары жүргізілуде.

Демек, спорттың дамуына жұмсалып жатқан қаражатты тиімді игеріп, жүйелі жұмыстар атқарылуы қажет-ақ.

Жазып алған Алмас ҚАБДОЛОВ

Коллажды жасаған Дәурен ҚУАНЫШ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button