Жарнама
Жаңалықтар

Өңірде сібір жарасына байланысты карантин енгізілді

Кеше, 20 қарашадан бастап Атырау облысындағы «АсылАгро» шаруашылығы аумағында сібір жарасы ауруының таралу қаупіне байланысты карантин жарияланды. Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкиннің бұл шешімі республика «Ветеринария туралы» заңына сәйкес қабылданған.

Карантин енгізілген аумаққа 8 832 шаршы метр ғимарат алаңы, 2 981 шаршы метр аула, барлығы 38 650 шаршы метр жер телімі кіреді.

Бұл мәселеге байланысты өңірде қандай шаралар қолға алынып жатыр? Сібір жарасының басқа аймақтарға таралу қаупінің алдын алу үшін қандай жұмыстар жүргізілуде?

Осы сұрақтарға жауап алу үшін біз республика Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті Атырау облыстық инспекция басшысының міндетін атқарушы Нұркен Бояровқа хабарластық.

— Бұл жағдай 24 қазанда «АсылАгро» шаруашылығына жеткізілген ірі қара малдың сібір жарасы ауруынан қырылуына байланысты орын алды. 12 қарашада сынамалар алынып, 15 қарашада аурудың белгілері расталды. Осыған байланысты малды сою цехы уақытша жабылды.

Қазіргі уақытта шаруашылық аумағында барлық қажетті ветеринарлық және санитарлық шаралар жүргізілуде. Мұндағы малдың барлығына жаппай вакцина салынып, нысан толық дезинфекциядан өтуде. Сонымен қатар, санитарлық-эпидемиологиялық қызметте байланыста болған адамдар анықталып, қызметкерлер тексеруден өткізілуде. Сібір жарасының таралуының алдын алу мақсатында эпидемиологиялық бақылау күшейтілді.

Жергілікті тұрғындарға сақтық шараларын қатаң сақтау және күдікті жағдайларда тиісті органдарға дереу хабарлау ұсынылады, — деді Н.Бояров.

Оның айтуынша, қазір ветеринариялық инспекция мен санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті аурудың шығу себебін анықтау бойынша қызу жұмыс істеп жатыр. Ал облыстық ветеринариялық зертхана ет сатылатын базарлардың барлығынан сынамалар алады.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button