
Өндірісте өрілген өмірлер
Бала тәрбиесімен қатар, жер жыртып, өндірісті де алға сүйреп, қолына май, бетіне күйе тисе де адал еңбек етіп жүрген арулар қаншама! «Жұмысшы мамандықтардағы әйелдердің табыс тарихы» атты облыстық конференция жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы рөліне, сондай-ақ осы салалардағы әйелдердің табысты оқиғаларына арналып, олардың тәжірибесі мен жетістіктерін көпшілікке үлгі ету мақсатын көздеді.

Іс-шарада алғаш болып сөз алған Атырау облысы әкімі аппаратының басшысы Нұрлыбек Жеңісбекұлы мен С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің басқарма төрағасы-ректоры Гүлзада Шакуликова конференцияның маңыздылығына тоқталып, әйелдердің жұмысшы мамандықтардағы ролін арттырудың қажеттілігі туралы айтты.

–Атырау облысында жұмысшы мамандықтарды игерген әйелдердің саны жыл сайын артып келеді. Мұнай-газ, құрылыс, көлік және энергетика салаларында нәзік жандар ер-азаматтармен иық тірестіре еңбек етуде. Олар — дәнекерлеуші, кран жүргізуші, зертханашы, слесарь сынды техникалық мамандықтарды игеріп, өндірістің алғы шебінде жүр. Бұл өңірде әйелдер тек отбасын ғана емес, ауыр салаларды да алып жүрген еңбек иесіне айналған. Олар өз табандылығымен Атыраудың өндірістік әлеуетін арттырып, жас ұрпаққа үлгі болуда, — дейді Нұрлыбек Жеңісбекұлы.
Басқосу барысында түрлі салада табысқа жеткен әйелдер өздерінің еңбек жолдары туралы әңгімелеп, кездескен қиындықтар мен оларды қалай жеңгендері жайлы бөлісті. «Ақжайық-7» ЖШС кран машинисі Бақытгүл Сәнкібаева қарапайым жұмысшының қажырлы еңбегі де үлкен жетістікке жеткізетінін атап өтті. Ол Мемлекет басшысының қолынан марапат алғанын мақтан ететінін, бұл адал еңбектің жемісі мен жеңісі екеніне тоқталды. Ал темір жонушы Майра Аманова жұмысшы мамандықтардың ел дамуы үшін маңызын сөз етті.
«Асыл-Ана» ЖШС басшысы Бибігүл Ізбасова үйден тәтті тоқаш-бәліш пісіріп сатудан басталып, кәсіпкерге айналған өмір жолын баяндай отырып, әр әйелдің өз әлеуетін ашуға мүмкіндігі бар екенін жеткізді.

Панельдік пікірталас барысында қатысушылар сұрақтар қойып, өзара тәжірибе алмасты.
Облыстық мәслихат депутаты Фатима Төлеева мен облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Зәмзагүл Жалмурзина конференцияда айтылған ойлар мен ұсыныстар алдағы уақытта нақты шараларға негіз болатынын атап өтті.
Әйелдер – тек отбасының емес, ел экономикасының да тірегі. Бұл конференция әйелдердің жұмысшы мамандықтарда да табысты, беделді бола алатынын дәлелдеді. Олардың еңбек жолы — жас ұрпаққа бағыт, болашаққа сенім береді. Осы тектес кездесулер мен форумдар өңірдегі гендерлік теңдікке, еңбек нарығындағы әйелдердің белсенділігіне оң серпін беретіні сөзсіз.
Жиын соңында еңбек жолында ерекше көзге түскен әйелдерге облыс әкімінің Алғыс хаттары табысталды.
Арайлым ҚҰМАР,
«ҚТЖ-Жүк тасымалдары» ЖШС «ГП Атырау бөлімшесі» филиалы Мақат станциясының кезекшісі:
Тағдыр мен таңдаудың бірлігі

–Мен теміржол бойындағы тіршілікпен бірге тыныстап келемін. Бұл мамандық менің тағдырыма айналған. Жолдың шаңы, поездың үні, рельс үстіндегі әр сәт — менің өмірімнің айнымас бір бөлшегі. Бала кезімде шалғай стансада поезға ұзақ қарап отыруды жақсы көретінмін. Әр вагон маған алыс арманның бейнесіндей көрінетін. Сол арман жетелеп, мені теміржол саласына алып барды. Ер азаматтар көптеп қызмет ететін бұл салада әйел адамға да өз орнын табуға болатынын дәлелдегім келді.
Алғаш қолыма кілт пен аспап ұстаған күнім әлі есімде. Қыстың қақаған аязы, жаздың аптап ыстығы — бәрі де біз үшін бөгет емес еді. Себебі жүрдек пойыздардың уақытында жүруі, жолаушылардың амандығы — біздің жауапкершілігімізде. Бұл — сенім жүгін арқалаған ауыр, бірақ абыройлы еңбек. Қай істі де ықыласпен, табандылықпен атқарсаң, оның жемісі міндетті түрде болады. Қазір мен өзім секілді жас қыз-келіншектерге бағыт-бағдар беріп жүрмін.
Бір кездері «теміржол — ерлердің кәсібі» деп қарайтын. Ал бүгінде сол темір жолда нәзік иықпен зілдей жүкті көтеріп жүрген қыз-келіншектер көп. Өйткені бізге де жол ашық, біз де ел тірегіміз. Әр шегеленген рельс — біздің еңбегіміздің ізі.
Теміржолшы болу — тағдыр мен таңдаудың бірлігі. Мен өз жолымды дұрыс таңдадым деп сенемін.
Рита ӨТЕУҒАЛИ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ