Өкпені жасанды желдету құрылғысының құны қанша?

aaf8d3172c259395b1cd8c052bcf9a9a l Жаңалықтар

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Талғат Жанжүменов Қазақстанда жасалатын өкпені жасанды желдету аппаратының бағасы туралы сұраққа жауап берді.

Бұл туралы «Сoronavirus2020.kz» сайты хабарлады.

«Бір ӨЖЖ аппараты компрессор, ылғалдауыш және өзге де қажетті құралдарымен бірге және тасымалдау шығындарын қосқанда 8,9 млн теңгеге айналады. ӨЖЖ аппараттарының толық еместігі туралы сенатор сыны расталса, бүгін отставкаға кетуге әзірмін», – деді Талғат Жанжүменов министрлікте өткен брифингте.

Сонымен бірге, вице-министр «Қазақстандық ӨЖЖ аппараттары электр қуатынсыз жұмыс істей ала ма?» деген сұраққа жауап берді.

«Жарық сөніп қалса да, барлық ауруханалар резервтік қуат көзімен жабдықталған. Мұнда генератор емес, компрессор туралы айтып отырмыз. Электр энергиясы емес, стационарлық оттегі жеткізу жөнінде. Өкінішке қарай, стационарлық оттегі беру жүйесі еліміздің барлық ауруханасында жоқ. Сол үшін де бұл құрылғылар қосымша компрессормен жабдықталған, олар оттегін толықтырып тұрады. Яғни, орталық оттегімен жабдықтау жүйесі болмаса да, олар өздігінен жұмыс істей алады. Ауыр оттегі баллондарын тасу қажет емес», – деді Т. Жанжүменов.

Бұған дейін сенатор Нұрлан Қылышбаев республикалық бюджет қаражатын жұмсауды, әсіресе мемлекеттің әлеуметтік міндеттерді орындауына және COVID-19-ға қарсы күрес жөніндегі шараларға байланысты тәсілдерді қайта қарауға шақырды.

«Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Үкімет резервінің қаражаты есебінен отандық өндірушіден 1500 дана ӨЖЖ аппаратын сатып алған, 17 өңірдің денсаулық сақтау ұйымдары іс жүзінде тек 831-ін ғана қабылдады. Қалған 669 ӨЖЖ аппараты толықтырылмағаны үшін қабылданбаған», – деп мәлімдеді депутат.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз