
Облыста балық өсіру жоспары орындала ма?
Атырауда биыл балық өсіру көлемін арттыруды қарастыру және осы бағыттағы проблемалық мәселелерді талқылауға арналған жиын өтті.
Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясында өткен жиынға инспекция мамандары, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармаларының басшылары, «Балық шаруашылығының ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС-нің Атырау және Батыс Қазақстан филиалдарының өкілдері, «Qazaq balyk» республикалық балық шаруашылығы және акваөсіру қауымдастығы Батыс Қазақстан облысы және Атырау облысы филиалы директорлары, сонымен қатар 3 облыстағы тауарлы балық өсірумен айналысатын мекемелердің басшылары қатысты.
Инспекция басшысы Нұрлыбек Ғайсиннің айтуынша, балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған бағдарламасы негізінде 2024 жылы Атырау облысында — 373 тонна, Маңғыстау облысында — 150 тонна және Батыс Қазақстан облысында 750 тонна балық өсіру жоспарланған. 2024 жылдың қорытындысына сәйкес өсірілген балық көлемі Атырауда — 373,6 тонна (100%), Маңғыстауда — 63 тонна (42%), Батыс Қазақстан облысында 519 тонна (69,2%) болған.
Ал 2025 жылға Атырауда — 739 тонна, Маңғыстауда — 286 тонна, Батыс Қазақстан облысында 1055 тонна жоспарланып отыр.
Қазір Атырау облысы бойынша тауарлы балық өсіру шаруашылығымен 5 балық шаруашылығы мекемесі, Маңғыстау облысында 3 балық шаруашылығы мекемесі айналысса, Батыс Қазақстан облысында 37 тауарлы балық өсірумен айналысады.
Биыл жоспарланған индикаторға жету бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатқандығы туралы спикерлер баяндама жасап, ұсыныс-пікірлерімен бөлісті.
Алмас ҚАБДОЛОВ
Суретті түсірген автор