Облыста балық өсіру көлемі артады
Балық шаруашылығы аймақтың экономикасында маңызды рөл атқаратын салалардың бірі.
Атырау облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021 – 2025 жылдарға арналған кешенді жоспарында балық өсіру шаруашылықтарын құру және дамыту үшін жер учаскелерін беру туралы шаралары енгізілген.
Сонымен қатар, кешенді жоспарда облыста 9 балық өсіру жобасы, оның ішінде Құрманғазы ауданында 7 тоған шаруашылығы, балық өсіру шаруашылығы және балық цехын салу іске асырылатындығы айтылған. Осы 9 жобаны іске асыру нәтижесінде балық өсіру көлемі 2025 жылға қарай 10 тоннадан 7 мың тоннаға, балық экспорттау көлемі 9 мың тоннадан 13 мың тоннаға артады, 300 жаңа жұмыс орны құрылып, тауарлық балық өткізуден түсетін салық көлемі 5,2 млрд теңгеге дейін ұлғаяды делінген.
Облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлының сөзінше, 2021-2022 жылдары тауарлы балық шаруашылығын жүргізу үшін Атырау қаласы, Дамба ауылынан «Caspian Эко-Тур» ЖШС-не 64 га., «Тілекші» ЖШС-не 22,47 га., Махамбет ауданы, Талдыкөл ауылынан «А-Дана» ш/қ-на 0,6 га., Құрманғазы ауданы, Көптоғай ауылынан «СевКаспийФиш» ЖШС-не 950 га., жер телімдері берілген. Сондай-ақ, балық қабылдау орыны, су кемелер тұрағы үшін Құрманғазы ауданы, Кудряшов ауылы, Қиғаш өзенінің жағалауынан «Каспий-Балық» ЖШС-не 2 га., «Сарсенбаев Ержан» ш/қ-на 0,5 га., жер телімдері қолданыстағы заңнамаға сәйкес берілген.
Облыстағы балық шаруашылығын одан әрі өркендету үшін бірқатар жүйелі шаралар қабылдау өте маңызды.
Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ