
Облыста 49 жаңа су өткізгіш құбыр мен 13 мал өткелі салынды
Атырау облысында су тасқынының алдын алу мақсатында кешенді жұмыстар жүргізілді. Өңірде 49 жаңа су өткізгіш құбыр мен 13 мал өткелі салынып, 27,9 шақырым жол қайта қалыпқа келтірілді. Бұл жұмыстар көктемгі су тасқыны кезінде тасқын судың еркін ағуына мүмкіндік беріп, көлік инфрақұрылымының қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.

Атырау облысының төтенше жағдай жөніндегі жедел штабының хабарлауынша, былтыр су тасқыны салдарынан 11 көлік инфрақұрылымы нысаны зақымданған болатын. Осыған байланысты облыс әкімдігі тарапынан арнайы жоспар жасалып, жолдарды нығайту жұмыстары қолға алынды.
Облыс аумағында барлығы 183 су өткізгіш құбыр бар. Олардың барлығы қоқыс пен қардан тазартылып, су өткізу қабілеті жақсартылды. Сонымен қатар, жаңа су өткізу нысандары облыстық маңызы бар Атырау-Индер, Атырау-Индер-Сағыз-Қарабау тас жолдары мен Индер ауданындағы кірме жолдарға орналастырылды.

«Бүгінде өңірдегі 200-ге жуық су өткізу нысаны көктемгі су тасқынына дайын. Бұл жұмыстар аймақтық жолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және табиғи апат салдарынан болатын шығындардың алдын алуға бағытталған», – деп мәлімдеді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ержан Хайноллаев.

Айта кетейік, көлік инфрақұрылымын жетілдіру шаралары аймақтағы жол қауіпсіздігін арттырып, тұрғындардың қалыпты қозғалысын қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА