Облыс әкімі Серік Шәпкенов Қатимолла Ризуановты мерейлі жасымен құттықтады
Бүгін аймақ басшысы Серік Шәпкенов «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, Атырау облысының Құрметті азаматы Қатимолла Ризуановты 85 жасымен құттықтады.
— Өнегелі өміріңіздің тағы бір қарлы шыңын халқыңыздың шынайы құрметі мен ыстық ықыласына бөленген бекзат қалпыңызда қарсы алып отырсыз. Мемлекет және қоғам қайраткері ретінде ғибратты ғұмырыңыздың басым бөлігін тәрбие ұйымдастыру-басқару, білім саласына арнадыңыз. Сол себепті шығар, кемел адам, кенен сөзді көшелі кісі, қоғам байлығы мен ұлт қазынасына айналған озық тұлға туралы сөз бола қалса, атыраулықтар Сіздің есіміңізді әрқашан құрметпен атайды. Биік болмысыңыз бен табандылық, ірілік, өрлік сияқты ізгі қасиетіңіз – соңыңыздан келе жатқан жас ұрпақ үшін әрқашан үлгі. Деніңізге зор саулық, шалқар шабыт, ұзақ ғұмыр тілеймін,-деді С.Шәпкенов.
Өз кезегінде Қатимолла Ризуанов жаңа жасымен құттықтап, лебізін білдіргендерге алғыс айтты.
— Бірлік пен сыйластықтың арқасында арамыздағы татулық жібі үзілмеді.Бірлігімізден айырмасын! Бүгінгі қабылдау үшін бек ризамын. Ардагерлер кеңесінің жұмысы жана берсін. Жалпы адамның кездескенже аман-саулық сұрап сәлемдесуі, оның бойынан көп нәрсені аңғартады. Болашаққа қол сілтеп, алға қойған жобаларыңыз оңынан болсын. Алға қойған мақсаттар орындала берсін. Сіздердің жұмысыңызды қадағалап, көріп-біліп отырамын. Еліміздің игілігі үшін атқарып жүрген қызметтеріңізге абырой тілеймін,-деді Қ.Ризуанов.
Қатимолла Ризуанов 1938 жылы 21 желтоқсанда Исатай ауданында дүниеге келген.
1963 жылдың басында партия мүшелігіне кандидаттыққа қабылданып, аудандық комсомол комитетінде жұмыс істеді.
1964 жылы облыстық комсомол комитетін бюро мүшесі ретінде ұйымдастыру бөлімін басқарған.
1971-1978 жылдар аралығында Гурьев облыстық партия комитетінің ұйымдастыру жұмыстары бөлімінің нұсқаушысы;
1978 жылы Индер аудандық партия комитетінің екінші хатшысы;
1988 жылы облыстық партия комитеті жанындағы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы;
1990 жылы ұйымдастыру-партиялық жұмыстары бөлімінің меңгерушісі;
1992 жылы халық депутаттары облыстық Кеңесін басқарды.
1993 жылы Кеңестердің орнына құрылған облыстық Маслихат хатшысы;
1994 — 1999 жылдар аралығында Атырау облысы әкімінің орынбасары, ұлттық саясаты жөніндегі басқарма бастығы, Қазақстан халықтары кіші ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі қызметтерінде болды.
1999 жылы Атырауда Қазақстан Азаматтық партиясы облыстық ұйымының төрағасы;
2000 жылғы желтоқсаннан осы партияның Орталық Комитетінің бюро мүшесі. «Отан» партиясына қосылғаннан кейін зейнетке шықты.
2011 -2021 жылдар аралығында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін атқарды.