ҚОБДА ЖЕРІНДЕ ТУҒАН ОЙ
Үстіміздегі жылдың 23-24 қазан күндері Исатай ауданының делегациясына Қобдаға жол түсті. Делегация құрамында ауданның құрметті азаматтары, Исатай батырдың ұрпақтары, тарихшы – өлкетанушылар болды.
Қобда жері – қазақ еліне ерлік пен елдіктің өлшеусіз өнегесіне айналған батырлардың мәңгілік мекені болған киелі жер. Орта ғасырлық Алтын орда, Ноғай ордасы дәуірінің аса көрнекті тұлғасы, түбі бір түркі жұртшылығына ортақ Қарақыпшақ Қобыландының сүйегінің табылуы, заманының данышпаны, Дешті қыпшақ хандарының, Қазақ ханының бас уәзірі, кеңесшісі болған, алдын болжаған әулие Асан-қайғы Сәбитұлының баласы Абат батырдың кесенесінің бой көтеруі, Алтай батыр, Әжібай би, Арал есімдерінің осы өңірден шығуы, Бекет әулиенің қасиетті асатаяғының мұрагерінің де осы жерден шығуы, елінің теңдігі мен халқының азаттығы үшін күрескен Исатайдың мәңгілік рухының осы жерден тыным алуы, қаршадай шағында жауға қарсы оқ атып, ерлікпен көз жұмған Әлия Молдағұлованың Қобданың кәусар бұлағынан сусындап өсуі – барлығы осының айғағы.
Біз аудандағы батырларға арналған кесенелер мен ескерткіштерді көре отырып, Исатай Тайманұлының басына жетуге асықтық.
Исатай батырдың ескерткіш белгісі Қобдадан 90 шақырым жерде, «Ақтөбе – Орал» тас жолынан 15 шақырым Шейітсай деген жерде. Бұл Исатай ауылдық округінің аумағы. Селолық округ орталығы Қиыл ауылында 60-тай үй, 230 тұрғын тұрады екен.
Біз келеді деген хабарды естіп, ауыл әкімі Абдолла Ақылбеков бастаған бір топ ауыл тұрғындары қазақы дәстүрмен бауырсақ, шұбаттарын ұсынып қарсы алды. Айнала жазық төбелер небір оқиғалар мен терең тарихты ішіне бүгіп жатқандай. Терең сайлар Исатай – Махамбет бастаған сарбаздардың жауға қарсы шабуылдау үшін бой тасалаған жерлері екені көз алдыңа келеді. Ал, сайдың ұрыс жасалған жоғарғы жазықтығында сансыз ұсақ төмпешіктер – азаттық жолында шейіт болған бабалардың бейіттері тізбектеліп жатыр.
Міне, аласалау ескерткіш белгі көзге шалынды. Арнайы іздеп, жақын келмесең, алыстан көрінбейді. Батыр рухына дұға бағыштап, ескерткіш белгінің темір қоршауы ішіне ендік. Қоршау ішіне ақшыл түсті мрамор тас төселіпті. Оның үстіне биіктетіп жатқызылған бөлек тасқа: «Исатай Тайманұлы 1791-1838», «Оспан Исатайұлы 1822-1938» деген жазулар жазылған. Ал, адам бойынан сәл биіктеу тұрғызылған белгіге Махамбеттің өлеңі жазылыпты:
Аруақты туған Исатай
Дегеніне жете алмай,
Арманда өтіп кетті деп,
Қиналсаңыз біздерге,
Мың рахмет Сіздерге!..
Махамбет
…Ескерткіш басында тарихқа жазылған сол бір оқиға ойға оралды.
1837 жылы 15 қарашадағы Тастөбе шайқасынан кейін Исатай Тайманұлы бастаған көтеріліс дабылы Санкт-Петербургке жетіп, ішкі Бөкей Ордасын шарпыған дауылды толқыннан секем алған император «бүлікшілерді» қатаң жазалауды талап етеді. Исатайды ұстағанға немесе өлтірген адамға ақшалай сыйлық тігеді.
Бұл кезде жаңа жоспар құрған Исатай 1837 жылы желтоқсан айында өзіне сенімді жанашыр адамның көмегімен Сарытоғайдың тұсынан Жайықтан мұз арқылы азғантай адаммен Кіші жүзге етеді. Енді Исатай мен Махамбет Кіші жүзді аралап, ел арасына патша өкіметінің отарлық саясатын және жергілікті хан – сұлтандардың халыққа жасап отырған озбырлығы мен әділетсіздіктерін түсіндіріп, азаттық үшін күреске шығуға шақырады. Күш біріктіре бастайды.
Сөйтіп, 1837 жылы шілде айның ортасында 500 сарбазбен келе жатқан Исатай ойламаған жерден Қиыл бойында Ақбұлақ өзенінің жағасында патшаның Геке бастаған әскері мен Баймағамбет сұлтанның жазалаушыларына кездесіп қалады.
Бұл Исатай батырдың соңғы шайқасы еді. Әскери күші жағынан бірнеше есе басым әрі зеңбірекпен қаруланған патша әскерлерінен көтерілісшілер жеңіліс табады.
Тарихшы А.Рязановтың 1926 жылы жарық көрген «Востание Исатая Тайманова» деген кітабы нақты тарихи құжаттарымен шындықты жеткізгендей. Ол кітабында Гекенің хабарлама қағаздарында Исатайдың соңғы шайқасы мен қазасы туралы мәліметтердің толық екендігін айта келіп, былай баяндайды:
«Соңғы ұрыста Исатай ат үстінде жүріп жауларына садақ оғын жаудырып, өзіне ұмтылған урядник Богатыревтің атын екі жерден жаралады. Сол кезде казак Зеленин батырға екі рет оқ атқанымен тимей кетті. Содан оның үшінші оғы барып батырдың атын құлатты… Батыр бұған қарамай жауларымен жаяу қылыштаса жүріп, тағы бір казакты жаралады. Оның сауыты және екі пистолеті болатын. Алайда күш тең болмағандықтан жақын келген бір казак қапысын тауып найза салды. Урядник Богатырев қылышымен сол арада басын кесті.Батыр қансырап құлап бара жатқанда қазақ жігіттері оның қолдарынан ұстай беріп еді, бірақ казактар олжаны өздерінен шығарғысы келмеді. Богатырев винтовкасын оның кеудесіне тұрып тағы атты.
Осы бес адам орыс өкіметі батырдың басына тағайындаған 500 сом сыйлықты бөліп алды…»
Осылайша, Бөкей ордасы мен Кіші жүздің батыс бөлігінде ел теңдігі үшін егесіп, егеулі найза қолға алған, «қара қазан, сары бала қамы үшін» күрескен Исатай Тайманұлына Қобда жерінен топырақ бұйырды, мәңгілік рухы киелі жерде тыным алды.
Әрине, батырдың сүйегі іздеусіз қалған жоқ. 1966 жылы Исатай қабірін алғаш іздеу Ойылдан бастау алып, Қиыл бойында жалғасты. Алматыдан атақты антрополог Ноэль Шаяхметов келіп, жергілікті атқарушы органдар көмегімен қазба жұмыстарын жүргізеді. Мақсаты – батырдың мүрдесін тауып, оның бас сүйегі бойынша Герасимовтық әдіспен келбетін жасау болатын.
Қазір өмірде жоқ, 1900 жылы туған Құбаш Мұқанов деген азаматқа қаза болғандардың жерленген жерін, оны жас кезінде атасы жетектеп әкеліп әдейі көрсеткен екен. Сол Құбаш аға іздеушілерге батырдың сүйегінің Шейітсайдың қай жерінде екенін айтып көрсеткен.
Осы сапарда 1968 жылы Шаяхметов қазу-іздестіру жұмыстарын жүргізгенде қасында болған, бүгінде 81 жастағы зейнеткер Жауғашты Жұмағалиев деген ақсақалмен жүздесіп әңгімелестік. Ол осы оқиғаларды жазып жүр екен. Айтқаны: «Қазу кезінде сарбаздар шәйіт болған төбеге тап болдық. Совхоздардан қазуға ерікті жұмысшылар тартып, айлап жұмыс істеді. Тарихи деректер мен мұрағат құжаттары ауыздан-ауызға жеткен жергілікті ақсақалдардың айтуы бойынша ізделді. Антрополог бірнеше бас сүйектерін зерттеуге алып кеткенмен қорытындысы белгісіз қалды. Бірақ батырдың сүйегінің осы топырақта екені анық еді».
Ескерткіш белгі басында Ақтөбеде құрылған «Исатай қоғамдық қорының» төрағасы, тарих ғылымдарының кандидаты Беркін Құрманбеков бір шындықтың шетін шығарды.
— Менің емес, ел аузындағы ақиқат әңгіме. Исатай шайқаста қаза тапқаннан кейін тірі қалған сарбаздар мен жергілікті адамдар казактардың күзет қойғанына қарамай, оның сүйегін түнде ұрлап алып шыққан. Әрі-бері ақылдасып: «Басына темірден не ағаштан белгі қойсақ, уақыт өте келе шіріп жоқ болып кетеді. Сондықтан, жерді қазып ақ бор құяйық. Бор жаңбыр жауған сайын қатайып, мықты болады, орнын жоғалтпайды. Күндердің күнінде батырды іздеушілер көбейеді, сол кезде осы белгі арқылы тауып алсын», — деп, сүйекті осы төбеге жерлеген көрінеді. Ол — осы белгі тұрған жер…
* * *
Исатай ауданының делегациясының келуіне орай Қобда аудандық әкімдігі «Исатай – батырлық пен ерліктің символы» конференциясын дайындапты. Шара аудандық мәдениет үйінде өтті.
Сахнада шайқас даласындағы сарбаздары мен Исатай Тайманұлының суреті бейнеленген, А.Жұбанов атындағы облыстық филармонияның ұлт аспаптар оркестрімен бірге, Біздің делегация құрамындағы домбырашы Нэйлья Жақсымбетова оркестр бағдарламасына халық күйі «Қарасай қазы», Құрманғазының «Бас ақ желең» күйлерін қосып, оларды шеберлікпен жеткізді.
Қобда ауданының әкімі Асқар Қазиханұлы Жүсібалиев өз сөзінде халық батыры Исатай Тайманұлының тарихтағы орнына тоқтала келіп:
— Исатай ауданы мен Қобда ауданы арасындағы ынтымақтастық меморандумының тарихи тамырлас екі өңірдің арасын жақындатуға, жас ұрпақты елін, жерін сүйетін, оны қорғайтын рухы мықты азамат етіп тәрбиелеуге ықпал ететіндігіне толық сенемін, — деді. Сәлем хаты мен ескерткіш сыйлықтар табыстады.
Біз Исатай батырдың шырақшысы болып отырған қобдалықтарға елдің шынайы ризашылығын жеткіздік. Зал толы дүйім халықтың көкейінде де сұрақ, көзінде де бір ой тұрды. Ол – батырға арнап кесене салу мәселесі еді. Аудан әкімі 2016 жылы Исатай Тайманұлының 225 жылдығы екенін, оған бірлесіп дайындалу қажеттігін айта кетті.
Иә, 1991 жылы атыраулық делегация батырды іздеп келген еді. Арада біраз уақыт өтті. Біздің батыр баба басында болғанда түйген ойымыз – батырға арнап кесене құрылысын салуды қолға алу. Біз Қобдалықтар жиналған мәдениет үйінде де, жүрген жерімізде де исатайлықтар бұл мәселеге кірісетінін айттық. Әрине, ғалымдар мен тарихшылар батырдың сүйегінің жатқан жері туралы әңгімені әлі сан – саққа жүгіртуде. Сөзден не шығады. Әйтеуір, осы жерге жерленгені шындық!
Сахнада сөз берілген кезде делегация құрамында барған батырдың бесінші ұрпағы Шамақов Құрметтің қызы Ләззат Шамақова көзіне жас үйіріліп, осы пікірді қолдауға шақырды.
Шейітсайда Исатай ауылдық округінің азаматтары да бір сәлем жеткізуді тапсырған еді.
— Шейітсайға келіп, ұзын жолдың бойында кәсіпкерлікпен айналысам деген исатайлық бауырлар болса, құшақ жая қарсы аламыз. Мал өсіремін десе, жазық дала мен шұрайлы жайылым мынау, Қиыл өзенінің арналары жылдың қай мезгілінде де судан тапшылық етпейді. Исатай батырдың елінен жігіттер келіп, араласып қызмет етсек деген тілегіміз бар, — деп қалды.
Бұл да ескеретін тілек екен-ау…