Жарнама
Жаңалықтар

Оқырманмен орайлы ойласу

«Атырау» газетінің Махамбет ауданындағы күндері ашық, әрі терең пікір алысумен ерекшеленді.

%d0%b5%d0%b0%d1%81-010

Ең алдымен Махамбет ауданы әкімінің міндетін атқарушы Мәлік Амановтың қабылдауында болған облыстық газет редакцияларының бас редакторлары бастаған шығармашылық топ жаңадан қолға алынайын деп отырған тың жобалармен танысты. Ақ Жайық жағасындағы  төрт мың гектар жерге қызанақ егіп, аудан орталығына томат өндіретін зауыт салынбақшы екен. Ол үшін 30 гектар жер алынып та қойылыпты. Бұл жоба Ақтөбе, Қызылорда облыстарында тәжірибеден өткізіліп, тиімділігі айқын байқалған. Бұдан басқа да аудан экономикасын ілгері бастыратын іргелі жоспарлар бар екені де атап айтылды.

Қабылдауда баспасөздің ел өміріндегі ролі мен бүгінгі ақпараттық кеңістіктегі жаңалықтар хақында келелі әңгіме қозғалды.

— Облыстық «Атырау» газеті ғасырға жуық уақыт бойы Жайық бойын жайлаған аймақтың тынысын, жағымды жаңалықтарды бұқараға жеткізіп келеді. Махамбет ауданының жұртшылығы да аталмыш басылымды сүйіп оқиды және алдағы жылға белсенді түрде жазылады деп сенемін. Алдағы уақытта да қоғамда болып жатқан өзгерістерді дер уақытында ел мен жұртқа құлағдар етіп, рухани деңгейімізді жоғарылатудағы, мәдени өмірімізге айшық берудегі еңбектеріңіз жемісті болсын, — деді Мәлік Аманов.

«Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы кеңсесінде жиналған оқырмандарымыздың арасында еңбек ардагерлері де, жастар мен кәсіпкерлер де бар еді. Кездесуде бірінші болып сөз алған Махамбет ауылдық округі әкімі міндетін атқарушы Амангелді Сисенов селода атқарылып жатқан игі істер хақында баяндады.

Модернизация модаға айналмауы тиіс!

— Қазіргі таңда «модернизация» деген сөзді жиі қайталау модаға айналып бара жатқандай. Ал, оның мәні неде? Ең алдымен, осыған назар аударуымыз тиіс. Әлеуметтік, экономикалық модернизациядан бұрын әңгімені жалпы адамның модернизациясынан бастауымыз керек деп ойлаймын. Бұл орайда  Елбасының көрсетіп берген нақты бағыттары бар. Олардың біріншісі — Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам болса, екіншісі – білім қоғамына қарай қадамдар жасау екенін білесіздер. Біз осы екі бағытта да көп және үлкен жетістіктерге жететін болсақ, қоғамдағы көптеген мәселелердің өзегін ашып, мәнін түсінер едік. Жалпы, осы тұрғыдан алсақ, бұқаралық ақпарат құралдары – елдің тыныс-тіршілігі, көңіл-күйінің айнасы, — деген облыстық «Атырау» газетінің бас редакторы Исатай Балмағамбетов жиынға қатысушылардың назарын бірнеше маңызды факторларға аударды.

%d0%b5%d0%b0%d1%81-008

«Біріншіден, қазіргі таңда Қазақстан да, жалпы әлемдік кеңістік секілді, әлемдік экономикалық және қаржы дағдарысының әсерін сезініп отыр. Еуропаның көптеген мемлекеттері дағдарыстың ықпалынан арылмауда. Егер біздің мемлекеттегі ірі компаниялардың Еуропа елдерімен трансұлттық ынтымақтастығын ескерер болсақ, Қазақстанның да кері үдерістерге бой алдыруы мүмкін екендігін естен шығармауымыз керек. Бұл туралы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев күні кешегі «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты халыққа Жолдауында да нақты атап көрсетті.

Екіншіден, Қазақстанда ашық ақпараттық қоғамды қалыптастыру үдерісі белсенді жүргізілуде. Ал, қазіргі заманғы бұқаралық ақпарат құралдары қоғамдық пікірдің қалыптасуына әсер ететін үлкен мүмкіндікке ие. Сондықтан да, БАҚ-тың неғұрлым ашық болуына және объективті болуына мән беруіміз керек» деді Исатай Құндызбайұлы.

Бас редактор жиынға қатысушыларды газет пен оқырман арасындағы байланыс, басылым бетіндегі жетістіктер мен олқы тұстар хақында ашық ой бөлісуге шақырды. Осы сөзді күтіп отырғандай-ақ, оқырмандар тарапынан өздерінің ой-пікір, ұсыныс-тілектерін ортаға салушылар бірден-ақ бой көрсете бастады.

— Біздің «Прикаспийская коммуна» газеті де ел өмірінде үлкен орын алып келеді.  Тоқсан жылдан астам тарихы бар басылымда аймақтағы өзерістер мен жаңалықтар жариялануда. Әлбетте, қазақ тілді «Атырау» газеті жандарыңызға жақын екенін түсінемін. Біздің ұжымның да тоқсан пайыздан астамы қазақ журналистері.  Сондықтан, біздің басылымды да ұмытпаңыздар,-деп әңгімеге араласты осы тұста «Прикаспийская коммуна» газетінің бас редакторы Нәсіп Шалабаева.

Кемшіліктер де көзден таса қалмасын!

Алғашқы болып сөз алған ауыл тұрғыны Зейнол Нұранов ақсақал орнынан көтеріліп, өзін толғандырып жүрген өзекті мәселелерді ортаға салды:

— Газет қызметкерлерінің біздің ауданға ат басын бұрғанына қуаныштымын. «Атырау» газетін бәріміз оқимыз. Менің айтайын дегенім, жаңа мөлтекауданда тұрамыз, су, жол мәселелері қиындау болып тұр. Баларды ертеңгілік мектепке, балабақшаға апару өте күрделі мәселеге айналуда, жол болмағандықтан көліктің жүруі де қиын. Осыны шешуге көмектессеңіздер екен. Екінші айтайын дегенім, мен — зейнеткермін. Айына алатыным — 35 мың теңге. Денсаулығым нашар, 2006 жылдан бері ауырамын. Жазда инсульт алдым. Емделу керек, дәрігерлер дәрі жазып берді. Алайда, дәріханаларда ең арзан дәрі — 5 мың, одан кейінгісі 12 мың теңге тұрады. Сондықтан, зейнеткерлерге әлеуметтік көмек беру туралы да мәселе қозғасаңыздар екен.

Қарттарға құрмет жастарға міндет

Газетіміздің тұрақты оқырманы, Махамбет ауданының Құрметті азаматы Мәндірғали Оразғалиев  мінберге шығып, ақжарма тілегін ағытты:

— Иә, жаңа Зейнол айтып отырғандай, бәріміз де ақсақалдық жасқа жеттік. «Қазына — кеуде» қария атанып, жастарға жол көрсетіп, әдемі қартайғанға не жетсін?! Газет — аймақ тынысының жылнамасы. Тіршілікте болып жатқан алуан түрлі жағдайларды жазады. Елу жылдан бері осы басылыммен қоян-қолтық байланыстамын. Бұрынғы редакторларды жақсы танимын, Құмар Кенжеғалиевпен достығымыз да жарасты. Ол кісі өмірден өтерде жыр шумақтарын да арнаған еді.

Қарттарды құрметтеу, ізгілік хақында «Атырау» газеті жақсы мақалалар жариялап жүр. Осы үрдісті алға қарай да жалғастыра түсу қажет.

Қазір газетте сын аз, фельетон дегнн жанр мүлдем қарасын жойды. Әрине, сын шын болуы керек. Сонда жұрттың көңілінен шығасыздар. Сондай-ақ, концерттер, шығармашылық кештер туралы газет бетінде жақсы жазылып жүр, бірақ сондай шаралар аудандарда неге өткізілмейді?

Кәсіподақ туралы аз жазылады

— Мен спорт, кәсіподақ саласында еңбек еттім, — деп бастады өз сөзін Тыныштық Үмбеталиев. — Ол кезде де төл басылымды үзбей оқитын едім, қазір де содан жаңылған жоқпын. «Атырау» газеті — елдің айнасы, халықтың көзі мен құлағы. Газетте көптеген жақсы мақалалар жарық көріп жатыр. Ел тынысы, облыс тынысы айтылуда. Өкініштісі сол, соңғы кезде кәсіподақ саласы туралы материалдарды аз оқимыз. Бұрын кәсіподақ комитеттері зейнеткерлерге, сала ардагерлеріне демалыс орындарына жолдама беретін. Сол туралы басылымдарда айтылса жақсы болар еді. Біздер де оқығанда бір марқайып қалар едік. Еңбек ардагерлеріне, зейнеткерлерге кәсіподақ ұйымдарының көмектері көрсетілсе екен. Төл газетіміз — «Атырауға» 2017 жылға жазылып жатырмыз. Оны алмасақ, ел хабарларын біле алмаймыз ғой.

 

Ана тілегі

— Біз «Атырау» газетін күтіп, оны оқығанша асығамыз. Немере бағып отырған әже болғандықтан, газет бетіндегі танымдық, үлгі беретін мақалаларды жақсы көреміз. Жұмыс жасап жүргенде мақала да жазатын едік, оған сол кезде қаламақы келетін, мәз болушы едік. Бүгінде оның бәрі нарыққа байланысты өзгеріп жатыр. Біздің үйдің отағасы Хамза Бимағамбетов деген ауданның, облыстың абыройын қорғаған азамат еді. Өткен жылы шәкірті Қажымұқан Есқалиев «Жайық шұғыласы» аудандық газетіне мақала берді. «Облысқа танымал адам ғой, бірге қызмет жасағандар да оқысын» деген ниетпен «Атырауға» бергіміз келеді.

Өзім де — медицина қызметкері, дәрігермін. Аудандағы  дәрігер қазақ қыздарының алғашқы қарлығашымын. Өзіміз сүйіп оқитын басылымнан көрінсек дейміз, — деді зейнеткер ана Ұлмекен Оралбаева.

%d0%b5%d0%b0%d1%81-115

Халық сөзіңе қарап таниды  

 Келесі сөз алған жігіт ағасы өзін Сәлімжан Жайықов деп таныстырды.

— Аудан орталығында құрылыс нысандары салынуда. Егер келесі жылы келсеңіздер, Махамбет ауылын танымай да қаласыздар. Газетке келетін болсақ, өте жауапкершілікті талап ететін қызмет. Халық сөзіңе қарап баға береді. Қазіргі таңда экстремизм мен терроризмге қарсы мақалалар көп шықса, жастарға үлгі болар еді. Газетте түсіндіру жұмыстары жүргізілсе дегенім ғой. Жайық өзені экологиясы туралы проблемалық мақалаларымды жолдағым келеді, — деген Сәлімжан Жайықов өзінің нақты ұсыныстарын да айтты.

Жастар жұмыссыз жүр…

— Бүгінгі таңдағы ең басты мәселе – жастар арасындағы жұмыссыздық. Мәселен, фирма басшылары жастарды жұмысқа шақырады, сонау Құлсарыға, Атырауға ат арытып барады. Бір-екі айдан соң шығарып тастайды. Бұның өзі — жастарға деген қысымшылықпен бірдей. Жұмыстан шыққан жас отбасын қалай асырайды? Нәпақасын қалай табады? Осындай жастарды қорғайтын кәсіподақ ұйымының жұмысы да мардымсыз болып отыр. Еңбек адамына арашашы болатын кәсіподаққа қолдау керек. Сол туралы газет бетінде көбірек жазсаңыздар екен, — деді еңбек ардагері Жылқайдар Сұлтанов.

Тәрбие қайнары да – осы басылымда

«Алтын балық» балабақшасының тәрбиешісі Амангүл Жұмағұлова төмендегідей ой айтты:

— «Атырау» газеті қолға тиген сәтте әр бетіндегі мақаланы ой көзімен зерделейміз. салып қараймыз. Өлке жаңалықтарын, алуан түрлі оқиғаларды негізінен осы басылым арқылы білеміз. Елімізде айтуға тұрарлықтай жақсы істер атқарылып жатыр. Тәуелсіздіктің 25 жылдығы аясында керемет шаралар өтуде. Баршамыз оған үн қосуға тиістіміз. «Атырау» газетінде де осыған сәйкес жаңа айдарлармен мақалалар шығуда.

Аудан орталығында «Жасыл белдеу» деген шағын аудан салынуда. Ол жердің тұрғындарын газ, су, жол мәселесі қинап тұр. Осыны қолға алуға мұрындық болсаңыздар. Сондай-ақ, тәрбие беру бағытындағы мақалалар жиі беріліп тұрса екен…

 

Еңбексүйгіштік – асыл қасиет 

Еңбек ардагері, зейнеткер Ғинаят Қыдырұлы да көкейкесті ойларын ортаға салды:

— «Атырау» газеті — елдің сүйікті басылымы. Оған жазылу өте қажет. Газет рубрикалары мен ондағы материалдар да көптің көкейінен шығып жүр. Мен қырық жыл бойына бір мекемеде есепші болып қызмет жасадым. Өзім қызметімнен талай мадақтаулар да алдым. Ескеретін жәй, еңбегі сіңген адамдардың өмірін жастарға үлгі етіп беріп отыруға болмас па? Қазіргі таңда жақсы қызмет етіп жүрген жастарды да газетте мақтап, абыройын асырып отырған жөн.  Бұл кейінгі буынға үлгі-өнеге болар еді.

Мектептердегі білім беру сапасыздығы, оқу орындарындағы келеңсіздіктер, дене тәрбиесі пәнінің жағдайы, жастарды еңбекке тәрбиелеу пәндерінің барысы алда көңіл бөлер басты мәселе дер едім.

Жылы шырайлы жүздесуде бас редакторлармен қатар, «Атырау» газетінің хат және бұқарамен жұмыс бөлімінің меңгерушісі Гүлзада Ниетқалиева мен «Прикаспийская коммуна» газетінің тілшісі Ләззат Сәлімова да оқырмандардың сауалдарына жауап берді.

Тобықтай түйін

Оқырмандармен ойласу осылайша мәнді де, мазмұнды өтті. Газет пен бұқара арасындағы тікелей байланыстың шынайы көрінісі осындай-ақ болар. Ең бастысы, жұртшылықтың «Атырау» газетін тұрақты оқитындығы, оны асыға күтетіндігі әр лебізден-ақ айна-қатесіз аңғарылып тұрды. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: бұқаралық ақпарат құралдарындағы қандайма оқиғаға да байланысты үлкенді-кішілі барлық ақпарат тек қана шынайылыққа негізделіп, объективті берілуі тиіс. Әуелден тасқа басылған сөзге тәңіріндей сенетін халыққа газеттің әр хабары ақиқаттың айнасындай болып жетуінің мәні зор. Жұртшылықты абдыратпаудың, сан алуан қаңқу сөздердің желдей есуіне жол бермеудің жалғыз жолы осы. Ендеше, бұл қайсы баспасөздің де, қалам ұстаған қайсы журналистің  де басты міндеті екенін зердеге терең түйген абзал. 

     Өз тілшіміз.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button