Оқушыны ұрған мұғалім сот алдында жауап бермейтін болды
Оқушыны ұрып, әлеуметтік желіні шулатқан мұғалім сот алдында жауап бермейтін болды. Баламды ұрды деп шағымданған ата-ана арыздарын қайтарып алған деп хабарлайды 31 арна.
Мұғалім мен оқушы арасындағы кикілжің Алматы облысында болған еді. Байсерке ауылындағы №9 мектепте химия пәнінің мұғалімі 7 сынып оқушысына қол жұмсаған. Анықталғандай, 7-сынып оқушысы мүғалімнің қызын шапалақпен ұрып жіберген көрінеді. Оны естіген анасы ашуға булығып, үзіліс кезінде қызын ұрған ұлға есесін қайтарған.
«Бір-біріне наразылық білдірмейтіні, оған қоса бұдан әрі ешқандай шараны қолданбауды сұрай отыра өтініш келіп түседі. Осыған орай Қазақстанның қылмыстық процестік кодексінің 35-бабына сәйкес қылмыстық іс тоқтатылды», — деді Алматы облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Айман Мырзабекова.