Оқулықтағы олқылық әлі де түйінді мәселе болып отыр
Бүгінде мектеп оқулықтарын шығаруға жыл сайын қомақты қаражат бөлінуде. Оқулықтар үшін 2015 жылы – 10 млрд, 2016 жылы 19 млрд. теңге бөлінсе, былтыр 27 млрд. теңге қаражат жұмсалды. Жыл сайын Білім және ғылым министрлігі мектеп оқулықтарын жетілдіруде орасан жұмыстар жүріп жатқаны жөнінде мәлімет береді. Алайда, олардың сапасы сын көтермейді. Концептуалдық, фактологиялық, орфографиялық, стильдік қателерді табушылар және салмағы мен көлемінің үлкендігіне алаңдаушылық білдірушілер аз емес.
Сөзіміз жалаң болмас үшін зиялы қауым өкілдерінің пікірлерін бергенді жөн көрдік. Еліміздің Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова: «Бізде оқулық жаза алатын білікті мамандар аз, ал, оқулықтану ғылымы тіпті дамымаған. Жоғары оқу орындарының кәсіптер реестрінде мұндай кәсіп мүлдем қарастырылмаған. Оқулықтарды осы сала бойынша арнайы білімі жоқ мамандар жазып жүр. Авторлық ұжымдардың бір-бірімен байланыс орнатуы да кемшін екені көрініп тұрады. Түрлі пәндердің оқулықтарында бір оқиғалар, фактілер мен олардың болған уақыттары әртүрлі болып көрсетіледі» дейді.
Шынында да, жоғары оқу орындарында оқулық жазатын арнайы маман дайындалуы керек және авторлық ұжым білімді, білікті, интеллектуалды тұлғалардан жасақталғаны жөн. Ұлттық ғылым академиясының академигі Досмұхамед Кішібеков: «Расында бұл күндері оқулықтарды кімдер жазып жүр? Оған мән беретін оқытушылар қауымы болуы керек. Оқулыққа талап қойып, баға беретін де солар. Оқулық – мемлекеттік ортақ рухани құрал, жеке біреулердің меншігі емес. Ол – идеология, негізгі мемлекеттік құрал» деп көрсетеді.
Педагогика ғылымдарының докторы, профессор Жанат Дәулетбекова: «Қазақ тілі» пәнінің жаңартылған оқу бағдарламасын сөз етіп, «Қазақ тілі» пәнінің жаңартылған оқу бағдарламасында әлемдік әдістеме ғылымында берік орныққан пәнді оқыту канондары: Оқыту мақсаты (не үшін оқыту?), Білім мазмұны (нені оқыту?), Оқыту формалары мен әдістері (қалай оқыту?), Оқыту нәтижелері (неге қол жеткізу?) шатастырылған. Оның ішкі жүйесі бұзылып, өзара байланыстары сетінеген» деп, жаңартылған оқу бағдарламасының бірқатар кемшіліктерін айтқан.
Әрбір пән мұғалімі жақсы біледі, алдымен, кез-келген пәннің бағдарламасы дайындалады да, сол бағдарлама негізінде оқулық жарық көреді. Ал, мынадай «дімкәс» бағдарлама қандай сапалы оқулыққа негіз болмақ?
Сөзіміз дәлелді болуы үшін жекелеген оқулықтардың олқылықтары мен кем-кетіктеріне нақты түсінік беру қажет деп білемін. Қазіргі кезде «Қазақ әдебиеті» пәнінің оқытылуы төңірегінде көптеген олқылық бар. Бұл ҰБТ-ны «Қазақ тілі» пәнінен тапсыру кезеңінде-ақ басталған. ҰБТ-ға 10-11 сыныптарды дайындау барысында бүкіл Қазақстан бойынша «Қазақ әдебиеті» пәні оқудан тысқары қалып қойды. Осы кезден бастап «Қазақ әдебиетінің» оқытылуы, яғни, оқулықты оқу тоқтады десек те болады. Алғашқы ҰБТ-ны тапсырған оқушылар бүгінгі күні ата-ана болып отыр. Ата-аналардың мектепке деген көзқарасының өзгеруін солардың санасынан, ойлауынан-ақ аңғаруға болады. Жалпы, кітап оқымаған ұрпақтың тәрбиесінің осал болатыны айдан анық. Ал, бұрынғы Кеңес елі құрамында болған Украинада «Украина әдебиеті» деген пән осы елдің барлық жоғары оқу орындарында 1-курстан бастап 5-курсқа дейін оқытылады.
«Бізде «Қазақстан тарихы», «Қазақ әдебиеті», «Қазақстан географиясы» пәндері университеттер мен институттарда неге 4-5 жыл оқытылмайды?» деген ой мазалайды. Сонда ғана ұрпақтың санасындағы рухани жаңғыру шын мәнінде «қозғалысқа» келген болар еді.
Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы: «Мен 11 жасар немеремнің кітабынан «мына сөздердің ішінен жалпы айтылатын сөздерді және жергілікті ерекшеліктерге жататын сөздерді анықта» деген тапсырманы көрдім. Қазақстанның әр түкпіріне бармаған, ол жақтың халқымен араласпаған мектеп оқушысы жергілікті ерекшеліктерді қайдан біледі? — дейді. Өкінішке қарай, оқулыққа қатысты осындай күмәнді сұрақтар көп, нақты жауап жоқ.
Бастауыш мектеп оқулықтары да оқушылардың санасын сергелдеңге салуда. Мысалы: 1-сыныптың «Сауат ашуында» қозы мен ботаның суреті салынып, «Өркеш» деген «әңгіме» берілген: «Қозы ботаға»:
– Арқаңдағы шошайған не? — деді.
– Өркеш қой,- деді бота.
– Өркеш саған неге керек? — деді қозы.
– ….
Ботаның сөзін жалғастырып көріңдер», — дейді. Бұл тапсырмаға жауап беруге жас бүлдіршіндердің шамалары жете ме?
Ал, бірінші сыныптың «Математикасында» «Ойлан» есебінде: «Қаламсауытта 4 жай және 2 түрлі-түсті қарындаш жатыр. Қолдағы қарындаш жай қарындаш болуы үшін ең аз дегенде қанша қарындаш алу керек?» — делінген. Бұл «миға шабуылдың» қай түрі? Оқушыны үйрету емес, үркіту болып тұр ғой. Тап-таза қойыртпақ!
Тобықтай түйін
Оқулықтардағы мұндай олқылықтардың алдын алуда оған енгізілуге тиісті материалдардың сұрыпталуын, сапасын, құрылымын талап ететін арнайы құжат болғаны жөн. Мектепке жол тартатын әрбір оқулық тәжірибеде қолданылмас бұрын апробациядан өткізіліп, сарапшылар, педагогтар, ата-аналар тарапынан оң бағасын алуы қажет. Сондай-ақ, оның сапасына жауап беретін мемлекеттік құзырлы мекеме құрылса игі.
Айдар САБЫРОВ,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің доценті.