Оңай ақша тапқысы келеді
Жуырда «Атырау» газетінде жарияланған «Газ тұтынушылар неге наразы?» тақырыбындағы мақаланы оқып, осы мәселеге қатысты өзімді толғандырған жайтты баяндауды жөн көрдім.
Өткен жылдың желтоқсан айынан бастап үйімнен газ үшін төлем қолдану нормасына қарай қабылдана бастады. Мұның себебі – есептегіш құралының тексерістен өтпеуі. Осыған орай Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы Атырау филиалының метрология бөліміне барғанымда, маған есептегіш құралды тексеру құқығына «ие» мекемелердің байланыс телефондарын берді. Хабарласқанымда мұндай қызмет 2500 теңге тұратынын айтты. Есесіне, «сырттай ғана бақылап, анықтама қағазын береміз» деп жауап қайтарды. Ал, кез келген тұрмыстық құралды тексерістен өткізу арнайы зертханаларда жүзеге асуы тиіс емес пе?
Ағымдағы жылдың сәуір айында үйге қызметкерлер келіп, «21 сәуірде есептегіш құралға тексеріс жүргіземіз. Бұл қызмет 4000 теңге тұрады» деп түбіртектің қағазына жазып кетті. Мен қарсылық танытпадым, алайда, бұл жұмыс қалай жүзеге асатынын өзім қадағалайтынымды ескерттім.
Сөйтіп, 26 сәуірге дейін тексеріс жүргізетіндердің бірі де келген жоқ. Неге? Осы сауалға жауап іздеп, Балықшы поселкесіндегі төлем қабылдайтын учаскеге барғанымда, мұндағы қызметкерлерден «үй иесі тексеру жұмысына өзі қатысуға ниет білдіргендіктен, бақылаушылар бармай қалды» деген жауап алдым. Сонда, олар да бармастан жай ғана сырттай бақылап, есептегіш құралдың қолдануға жарамдылығын растайтын сертификат қана табыс ете ме?
Білуімше, осы қызметті Атырау қаласының Алмагүл мөлтекауданындағы 3-үйде орналасқан «Ақтөбе газ инновейнш» (байланыс телефондары – 49-06-06, 58-48-68) мекемесі атқарады. Бірақ, мен бұл мекемеге бармай, Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығының, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ның Атыраудағы филиалдарының, Техникалық реттеу және метрология комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшыларына арнайы хат жазып, осы мәселені толықтай зерделеп, анықтап беруді сұрадым. Жауап тек сараптау орталығынан келді. Хатта тексеретін құрал-жабдықтар әзір жасамай тұрғаны, аталған органдарды тексеруге құқы жоқ екендігі мәлімделген.
Тағы бір айтар мәселе бар. Мысалы, түбіртекте үйге газ қолданғанымыз үшін норма бойынша ағымдағы жылдың наурыз айында 11 мың 615 мың теңге көлемінде қаражат көрсетіліп келді. Ал, қолданыстағы тариф бойынша есептегіш құралындағы көрсеткішпен бұл сома 7655 теңге болуы тиіс еді. Қазір жылу маусымы аяқталғанымен, төлем нормамен сол күйінде қала береді деп ойлаймын. Олай болса, бұл – оңай ақша табудың жолы ғана.
Бұл қызметтің сапасыздығына қатысты жалғыз ғана мысал емес. Айталық, Атырау облысында 600 мың халық болса, шамамен 200 мыңдай үй бар. Бұлардың барлығының есептегіш құралдары қай зертханада тексеріліп жатыр? Бұл қызметпен кім айналысуда? Құрал-жабдықтары қандай?
Бұл жағдайдың заңдылығын құқық қорғау органдары қызметкерлері қолға алуы керек деп ойлаймын. Өйткені, мұның бәрі лицензиясы бар мекемелердің тұрғындардан ақша талап ету мақсатында ғана қолдан жасап отырған ісі деген ой туады.
Төлеген БАЙЗАҚОВ,
ардагер мұнайшы,
Атырау қаласы.
Мен сертификат алдым, ягни есептегиш оз кызметин дурыс аткаруда деген, буган дейн Казахстаннын заны бойынша 5жыл сайын тексеристен оту керек деди, жарайды оғанда келистим. Тексерту себебім норм тарифтік жоспармен акша толемеу, енді сол есептегиш корсетуимен толейн десем осы уакытка дейінги төленбеген акыны нормамен толе деп тур, қаншалықты заңды ол, себебі менің есептегишим истен шыкпаган.