НЫСАНА: Дәрі қайда? …Қоймада!
Atr.kz/30 қазан, 2020 жыл. Коронавирус індетінің екінші толқынына дайындық мәселесі қазір жан-жақты пысықталуда. Жаз айларындағы жағдай күрт ушыққан кезде дәріханалардан қажетті дәрі-дәрмегін таба алмаған жұрттың сабылып кеткені есте болар. Алыстан арнайы алдыртқандар да, бар тапқанын көтерме бағамен сатқандар да болғанына бәріміз куәміз. Ал, қазіргі ахуал қандай? Дәрі-дәрмек қоры қаншалықты деңгейде?
Та я уд а ө т ке н ж и ы н д а «Атырау – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Альфия Әдиева тақырыпқа қатысты бір түйткілді баян еткен-ді. Дайындық барысымен танысу үшін емханалар мен ауруханалардың дәрі-дәрмек қоймасына тексеру жүргізген топ «қоймада 2 айлық қор жоқ» деген-ді. «Қажетті дәрідәрмектер аптаның әр бейсенбі күні емхана мен ауруханалардың сұранысы бойынша әкелінеді. Сонда дәрі-дәрмек неше күнде Атырауға жетіп, қажетті орынға қашан жеткізіледі?» деген сауалға қатысты облыстық денсаулық сақтау басқармасынан жауап алғанбыз.
Облыстық денсаулық сақтау ұйымдарының қоймасында сақталған дәрілік заттардың екі айлық қорына қатысты түсінік берген тиісті басқарма: «Атырау қалалық №3 емханасында және «СК-Фармация» ЖШС-нің Атырау облысындағы операциялық қоймасында екі айлық қор толық емес деген ақпарат шықты. Оның ешқандай негізі жоқ. Өйткені, коронавирус инфекциясын емдеу үшін амбулаториялық дәрідәрмектермен қамтамасыз етуге арналған Денсаулық сақтау министрлігінің №666 бұйрығы шыққан. Соған сәйкес, осы жылдың 20-шілдесінде емдеу тізіміне 3 антикоагулянт пен 2 қызу түсіретін дәрілік препарат енгізілген болатын. Бүгінгі күні оның облыс бойынша 194 460 данасы әкелінген. Яғни, бұл дәрілік заттардың барлығы бастапқы медициналық санитариялық ұйымдардың қоймаларында сақтаулы» деді ресми өкілі.
– Ал, қалалық №3 емханада 53 380 дана дəрілік зат тұр. Айта кетерлігі, пандемияның бірінші толқынында аталған емхана тіркелушілерінің 1 пайызы ғана коронавирус инфекциясына шалдыққан. Осы көрсеткішті басшылыққа ала отырып есептесек, №3 емхананың қоймасында қазір тіркелушілердің 7 пайызына жететіндей дəрілік заттар бар. Емханаға келген топ емханадағы күнделікті дəріні ғана қараған, — деп түсіндірді Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының медициналық көмекті ұйымдастыру жəне лицензиялау бөлімінің басшысы Нина Оспанова.
Мониторинг тобы негізгі қоймаға барған кезде дəрілік заттардың болмауы себебін «СК-Фармация» ЖШС-нің өкілі операциялық қоймаға дəрілік заттар тек медициналық ұйымдардың сұранысына сəйкес жеткізілетінімен түсіндірді. Батыс өңірі үшін дəрілік заттың қоймасы Ақтөбе қаласындағы үлкен қоймада сақталады. Атырау облысындағы филиалдың сұранысына сай дəрілер əр аптаның сəрсенбі күні əкелінеді. Ал, мониторинг тобы қоймадағы дəріні облыстағы ұйымдарға таратып босаған кезге тап келген.
– Қордағы дəрі мəселесі көтерілгенде Денсаулық сақтау министрлігі жəне «СК-Фармация» ЖШС басшылығымен хабарласып, Атырау облысына тиесілі дəрілік заттарды өңірдегі қоймаға əкеліп қою туралы сөйлескен едік. Бірақ, ол тарап бүгінгі күні Атырау облысындағы емхана мен қоймадағы қажетті дəрілік заттардың жеткілікті екенін алға тартып отыр. Мəселен, 21 қазан күні «СК-Фармация» ЖШС қоймасына 35, 6 миллион теңгеге 80 түрлі дəрі əкелінді, — деді Нина Оспанова.
Бұдан бөлек, облыс əкімінің жəне демеушілік қолдаумен «Іңкəр» ЖШС арқылы 251 миллион теңгеге дəрілік заттар алынған болатын. Бұлар Атырау қаласындағы Геолог емханасының қоймасында сақтаулы. Облыста эпидемиологиялық ахуал өршитін болса, медициналық ұйымдарға таратылатын болады.
Сондай-ақ, «Атырау əлеуметтік кəсіпкерлік коорпорациясы» арқылы 500 млн. теңгеге дəрілік заттардың төмендемейтін тұрақтандыру қоры жасақталды. Қазіргі уақытта бөлшек саудамен айналысатын дəріханалар үшін пандемияның екінші толқынына 2-3 айлық дəрілік заттардың қоры «Іңкəр» ЖШС қоймасында сақтаулы. Қажет болған жағдайда аталған дəрілік заттар облыстың дəріханаларына таратылып, тұрғындарды қамтамасыз ететін болады.
Бізге белгілі болған жәйт осындай. Яғни, дәрі жеткілікті, жеткізуде кедергілер болмайды. Қалай дегенде де аурудың алдын алатын дәрідәрмектің қажетті деңгейде қамтамасыз етілуі – індеттің өршімеуіне бірден-бір себеп.
Гүлжан ТАСБОЛАТҚЫЗЫ