“Нұрсаяда” кәріздік сорғы станциясы жаңартылуда
Атырау қаласы «Нұрсая» шағынауданындағы 2009 жылы салынған кәріздік сорғы станциясы апаттық жағдайға ұшырауына байланысты қайта жаңарту жұмыстарынан өтуде. Бұл жұмыстар облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының тапсырысымен жүзеге асырылуда.
Аталған басқарманың баспасөз хатшысы Амангүл Айтбайдың хабарлауынша, бүгінде толық демонтаж және тазарту жұмыстары аяқталды. Қазір станцияны қайта құру жобасы қарқынды түрде жалғасуда.
–Бүгінге дейін станцияны толық демонтаждау жұмыстары аяқталып, шахта ішіндегі барлық кәріз суы сорылып шығарылды. Сондай-ақ, нысанның түбінде жиналған тұнбалар толықтай тазартылып, қысымды құдықтардың жаңа іргетасы құйылды. Жаңартылған құдықтар орнатылып, станцияның негізгі құрылымы дайындалды. Қазір шахта ішінде бетон жұмыстары жүргізіліп, арнайы анкерлік V-lock қаптамасы орнатылуда. Бұл материалдар кәріз жүйесінің беріктігі мен ұзақ мерзімділігін қамтамасыз етеді, — деді Амангүл Айтбай.
Жоба шеңберінде 4 Grundfos маркалы суасты сорғысы, дизельдік генератор, кәріздік ұсақтағыш секілді заманауи жабдықтар орнатылады. Сондай-ақ, ескі нысанның орнына арнайы модульдік блокты ғимарат салу жоспарланған. Бұл блокта диспетчерлік қызметке арналған арнайы бөлме қарастырылған.
Айта кету керек, құрылыс жұмыстарын «Диар және Компания» ЖШС мердігер мекемесі атқаруда. Мекеме мамандары барлық технологиялық талапты сақтап, нысанның құрылысын сапалы және уақытылы аяқтауға уағдаласқан.
Жобаның іске асуы “Нұрсая” шағынауданының тұрғындары үшін аса маңызды. Жаңғыртылған сорғы станциясы кәріз жүйесінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етеді деп күтілуде. Бұл жұмыс қаладағы инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту аясындағы ауқымды жобалардың бірі.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА