
Нұрсая мен Өркенде емхана құрылысы жүріп жатыр
Атырау қаласының Нұрсая және Өркен ықшам аудандарында заманауи емхана құрылысы жүргізілуде. Бүгінде жұмыстың 40%-ы орындалып тұр. Бұл туралы облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нұрберген Құсайынов мәлім етті, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Құрылыс жұмыстарының бас мердігері – «Бекболатовтар Құрылыс Компаниясы» ЖШС. Техникалық қадағалауды «Тұран Құрылыс» ЖШС, авторлық қадағалауды «Astana-Project» ЖШС жүзеге асыруда.
Құылыс барысында жер асты суларының көтерілуіне байланысты жобаның конструктивтік бөлігі мен қосымша техникалық жабдықтарға қажеттілік туындап, жобалау-сметалық құжаттамаға тиісті өзгерістер енгізілді. Жаңартылған жобаға сараптаманың оң қорытындысы биыл 4 сәуірде алынды.
Жоспар бойынша нысан 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында пайдалануға беріледі. Емхананың іске қосылуы қаланың жаңа ықшам аудандарындағы тұрғындарды алғашқы медициналық көмекпен қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек.