«Nur Otan» партиясы: Жарқын болашаққа – нық қадам
Қала іргесіндегі ауыл тұрғындарын не толғандырады? Аумағы күн санап өсіп келе жатқан жаңа ықшам аудандарда қандай шешілмеген мәселелер бар? Осы сауалдар аясында Қайыршақты ауылдық округіне барып, тұрғындармен арнайы кездескен Атырау қалалық мәслихаты депутаттығына үміткерлердің бір тобы «Nur Otan» партиясының бағдарламасын таныстырып, сайлаушылардың ұсыныс-пікірін тыңдады.
«Nur Otan» партиясының әркез халықпен етене жақын, ашық форматта жұмыс жасайтынын атап өткен кандидат Қаршыға Жауымбаев пандемия кезінде іргелі саяси ұйымның бастамасымен жүзеге асқан ауқымды шаралар туралы айтып өтті. Аз қамтылған 10 мыңнан астам отбасыға «Біз біргеміз» қоғамдық қорынан 50 мың теңгеден берілгенін атап, тұрмысқа қажетті азық-түлік себеттерін ұсынғанын жеткізді. «Партиялық іріктеу, яғни, праймериз кезінде де тұрғындармен сан мәрте кездесіп, ұсыныстарын тыңдадық. Соның нәтижесінде жан-жақтан жиналған пікірлер негізінде бесжылдық бағдарлама жасақталды» дей келе, ауыл-аймаққа қатысты өзге де маңызды мәселелер болса, партия құзырына жеткізіп, назарға алуға мүдделі екендерін айтты.
Аталған бағдарламаның «Жастарға арналған қала» бағытының басым тұстарын атап көрсеткен кандидат Альфия Әдиева партияның жастарға да ашық екеніне тоқталды. «Жастар мәселесі бағдарламада кеңінен көрініс тауып отыр. Мен де өзімнің осы додаға қатысуым арқылы жастар үшін партия көздеген міндеттерді бірлесіп, жүзеге асыруға мүдделімін. Спорт нысандарын салу, сол арқылы салауатты өмір салтын ұстанатын ұрпақ санын арттыру – көзделген мақсаттың бірі» деген ол көгалдандыру бағытындағы жоспарлы жұмыстардан хабардар етті.
Серболат Шораев – Томарлы ауылына арнайы келген кандидаттың бірі. Ол «Nur Otan» партиясының әрқашан халықпен бірге екенін атап, шағын аудандар, жаңадан салына бастаған тұрғын үйлерге қатысты маңызды мәселелер туралы бұған дейінгі үгіт-насихат жұмыстары барысындағы кездесулерде де айтылып келе жатқанын жеткізді. «Партия әр ұсыныс-пікірді назардан тыс қалдырмайды» деді ол.
Мен балабақша меңгерушісі болғандықтан, сәбилер және олардың ата-аналарымен тығыз байланыста жұмыс жасаймын. Оның үстіне ана ретінде ерекше қажеттілігі бар балаларға қатысты мәселеге алаңдаймын. Партия бекіткен бағдарлама аясында кедергісіз орта құруға назар аударылған, — деді кандидат Айжан Сәрсембаева өз сөзінде. Экономиканы дамыту арқылы саланың өрістеуімен қатар, жаңа жұмыс орындарының ашылуына серпін берілетінін сөз еткен үміткер Ілияс Қонысбаев жас кандидат ретінде «Nur Otan» партиясы берген мол мүмкіндіктер туралы баяндады.
Келесі кандидат та – жас буын өкілі. Әнуарбек Батаев тұрғындар алдында сөйлеген сөзінде жастарды қолдау бағытында партия жасақтаған бағдарламаның басымдықтарын атап көрсетті.
«Жыл сайын «Жас кәсіпкер» жобасы аясында 30 жасты оқытып, 200 АЕК мөлшерінде грант берілмек. Сонымен қатар, «Жасыл ел» еңбек отрядтарына кемінде 200 адамды қамту арқылы жұмыссыз жастар санын кемітіп, жастайынан еңбекке баулу көзделіп отыр» деді ол.
Тұрғындар атынан сөз алған мемлекеттік қызмет саласының ардагері Ұлдай Әйтішева аталған партияның алғашқы құрылған кезіндегі қиындықтар мен бүгінгі жеткен белесін айта келе, «Негізгі мәселе жастарға қатысты болуы тиіс. Өйткені, қазіргі жұмыстарды жалғаушы да, болашақта іске асырушы да солар. Сондықтан, олардың білімді әрі тәрбиелі болуын тең дережеде ұстау қажет. Ұлтжанды, мәдениетті, тәрбиелі ұрпақ – жарқын келешегіміз. Осы бағыттағы «Nur Otan» партиясы жүзеге асырып отырған жұмыстардан зор нәтиже күтеміз» деді ол. Оған қоса, баспанамен қамтудың да өзектілігін сөз етіп, әр тұрғынның қажеттілігіне қарай, яғни, шын мұқтаждарға бірінші кезекте беру мәселесін қарастыру туралы ұсынысын жеткізді.
Өз кезегінде кандидаттар аталған пікір-тілектердің назардан тыс қалмайтынын жеткізіп, сайлау науқанында «Nur Otan» партиясын қолдап, дауыс беруге шақырды.
Гүлжан ӘМІРОВА
«Nur Otan» партиясының Атырау облысы Атырау қаласының сайлау қоры қаражатының есебінен төленді