«Nur Otan»: Бизнес иелерін қолдау – басым бағыттың бірі

img 20201217 wa0017 Жаңалықтар

«Nur Otan» партиясы атынан Атырау қалалық мәслихаты депутаттығына үміткерлердің бір тобы кәсіпкер әйелдермен кездесу өткізді.

Іскер әйелдер қауымдастығы өкілдерімен онлайн басқосуға Әділбек Тұрдалиев, Ғабиден  Қанатов, Айжан Сәрсембаева және Еркін Сүлейменовтің сенімді өкілі Серік Арыстан қатынасты.

Zoom платформасындағы басқосу барысында кандидаттар партиялық бағдарлама, оларды іске асыру тетіктері туралы кеңінен әңгіме өрбітті.

Биылғы сайлаудың басты ерекшелігі партиялық тізім бойынша дауыс беру екенін атап өткен Әлібек Олжабайұлы саяси науқанға «Nur Otan» партиясының үлкен дайындықпен келгенін атап өтті. Бұған дәлел – партиялық праймериздің өткізілуі.

«Партияның сайлауалды бағдарламасында қоғамдағы әр топтың мүддесі көзделген. Дамудың 7 басым бағыттары негізінде жасақталған бағдарлама адам өмірінің сапасын жақсарту, экономикалық дамуды негізге алады. Осының аясында бизнесті дамытуға жағдай жасау да айқын көрініс тауып отыр. Аталған салаға жастарды тарту, кәсіпкерлікке енді қадам басқандарды құқықтық қолдау, арнайы мектептер ашу арқылы бизнестің қыр-сырын меңгерту – «Nur Otan» партиясы көздеген меженің бірі. Бизнес саласын дамыту арқылы тұрақты жұмыс орындарын ашу да – басты ұстаным» деген Әділбек Тұрдалиев алдағы сайлауда «Nur Otan» партиясын қолдауға шақырды.

Өз кезегінде үміткер Ғабиден Қанатов та сайлау науқанына белсенді атсалысу қоғам үшін өзекті екенін атап өтіп, саяси оқиғадан қалыс қалмауға үндеді.

Басқосу барысында облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Нұрлы Әйтиева бизнестегі нәзікжандылармен ер адамдардың кездесуі көп бола бермейтінін атап өтіп, бүгінгі басқосу үшін ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді. Бизнес, экономика саласына қоса, көпбалалы, жалғызбасты, мүгедек аналарға қатысты әлеуметтік мәселелер де назардан тыс қалмаса деген ой-пікірін жеткізді. «Отбасы, денсаулық, бала тәрбиесі – қоғам үшін өзекті тақырыптардың бірі. Аталған мәселелердің «Nur Otan» партиясы ұстанымындарының айқын бағыттарының бірі екенін көріп, біліп отырмыз. Дегенмен, сайлау аяқталған тұста, түрлі деңгейдегі мәслихаттар, арнайы комиссия отырыстарында жалпы аналар тақырыбы назарларыңыздан тыс қалмаса» екен дей келе, кандидаттарға сәттілік тіледі.

Үміткер Еркін Сүлейменовтің сенімді өкілі Серік Арыстан сайлауға біркісідей атсалысып, белсенділік танытудың маңыздылығына тоқталып, аналарға қатысты мәселелердің әркез партия назарында екенін атап өтті. Өзге қатысушылар да маңызды тақырыптың түйткілді тұстарын бірлесе шешу көзделген меже екенін жеткізді.

Өз кезегінде кандидаттар облыстық іскер әйелдер қауымдастығы өкілдерін «Nur Otan» партиясының Атырау қалалық филиалында күн сайын ұйымдастырылып жүрген «Қоғамдық қабылдау» шарасына қатысуға шақырып, ашық диалог алаңында тақырыптарды бірлесе талқылауға дайын екендерін жеткізді.      

«Nur Otan» партиясының Атырау облысы Атырау қаласының сайлау қоры қаражатының есебінен төленді

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз