НОУ-ХАУ: алғашқы нәтижелер
Өндірілген қуат – 300 мегаватт
«ЕХРО – 2017» көрмесіндегі ең негізгі сәулеттік ғимарат, яғни «Нұр Әлем» «жасыл технологиясымен» ерекшеленеді. Халықаралық шара ресми ашылған күннен бері мұнда 300 мегаватт баламалы энергия өндірілген. Өйткені, ғимаратта орнатылған жел генераторлары мен күн панельдері үздіксіз жұмыс істеп жатыр.
– Қос жел генераторы сағатына 20 киловатт энергия өндіреді. Ал, күн панельдері 30 киловатт қуат шығарады. Бұл «ақылды» технологиялар көрмеден кейін де қолданылады. Олардың жарамдылық мерзімі 25 жылға дейін жетеді. Фотоэнергиялық станция жүзден астам халықаралық павильонды қуатпен жарақтауға арналған,-дейді «Астана ЕХРО-2017» ҰК» АҚ басқарушы директоры Владимир Соболев.
Тағы бір ерекшелік – көрме қалашығы экологиялық таза көліктермен жабдықталған. Қазір мұнда отыздан астам электрокар жұмыс істеп жатыр.
Биоөндіріске – 45 миллион еуро!
Хабар 24 арнасының хабарлауынша, Италияның «Бионет ЭсЭр-Эл» компаниясы елімізде ашылатын биоөндіріске 45 миллион еуро көлемінде инвестиция салатын болды. Бұл – «ЕХРО – 2017» көрмесі аясында қол жеткізілген маңызды келісімдердің бірегейі.
Көрмедегі Италияның павильонында «Бионет» компаниясының өнімдері көрсетіліп, «Болашақ энергиясымен» үндесетін жаңа бастамаларының да тұсауы кесілді. Бұл ұжым осыған дейін биоорганикалық қалдықтарды өңдей отырып, баламалы қуат көзін өндіруде табысты нәтижелерге жеткен. Енді осы жобаны біздің елде ұйымдастыруды көздеп отыр.
«Қазір зауыттың орнын анықтауымыз керек. Содан кейін барып, басқарушы компаниялармен келіссөздер жүреді» дейді «KAZNEX INVEST» ҰК төрағасының орынбасары Нұрсұлтан Жиенбаев.
Еуро одақпен әріптестік
Соңғы бес жылда Еуропалық инвестициялық банк Қазақстанға 500 млн еуро бөлді. Бұл туралы «Болашақ энергиясы» форумының бесінші конференциясында Еуропалық комиссияның Энергетика мәселелері бойынша бас директорының орынбасары Герасимос Томас мәлім етті.
Қазір әлем шикізатқа тәуел-діліктен арылудың жолдарын қарастырып жатыр. Бұл қадам әлемнің болашақта толықтай баламалы энергия көздерін пайдалануға көшетіндігін көрсетеді. «Астана – болашақтың, инновацияның қаласы. Дегенмен, бас шаһардың өсіп-өркендеуімен қатар өзге де қалалардағы құрылыс жұмыстарында экологиялық таза өнімдерді пайдалануға ден қойған жөн. Яғни, кез келген салада энергиялық тиімділікті арттыру керек» деген Еуропалық комиссияның энергетика бо-йынша бас директорының орынбасары Герасимос Томас Еуро одақтың Қазақстанмен әріп-тестікті одан әрі дамыта түсуге ниетті екендігін атап өтті.
Келушілер ЕКІ миллионға жуықтады
309 мың 832 адам! Бұл небары алты күн ішінде, яғни, шілденің 24 мен 30 аралығында халық-аралық «ЕХРО – 2017» көрмесіне келген адамдардың саны. Орта есеппен алғанда, күніне көрмені тамашалауға 44 мың 261 адам келген. Оның ішінде өз еліміздің азаматтары мен шетелдік туристер де бар.
Күні кеше ұйымдастырушылар көрме кешенінің ең көп тамашаланатын нысандары мен таңдау жиі түсетін павильондардың ондығын жариялады. Сонымен, топ ондыққа кірген керемет нысандар рейтингісін «Нұр Әлем», яғни, Қазақстанның негізгі туындысы бастап тұр. Одан кейінгі орында «Шелл», «Балалар саябағы», «Тақырыптық С3.5», «Дю Солей Циркі», «Амфитеатр», «Тақырыптық С 2.4», «Шығармашылық Энергия Аймағы» болса, тізбені «АРТ орталығы» аяқтайды.
Таңдаулы павильондар ондығына Африка Плазасы, Үндістан, Мысыр, Түркия, Ресей, Таиланд, Жапония, Өзбекстан, Әзербайжан және Сауд Арабиясы Патшалығының нысандары еніп отыр.
Шілденің 30-ы күнгі мәліметке сәйкес, «ЕХРО – 2017» көрмесі ашылғалы бері, оған келушілердің саны 1 миллион 794 мың 132 адамды құраған.
Баян АТАЙМАНҚЫЗЫ