Жарнама
Жаңалықтар

НОРВЕГТЕР НЕГЕ ҚЫЗЫҚТЫ?

 

Норвегия халқының тұрмысы жайлы, қазаны майлы елдердің бірі саналады. Дегенмен, олардың Атырауда жұмыс істейтін компаниялары тіптен аз болып шықты, бүгінде мұнда екі-ақ құрылым қызмет атқарады. Қабылдауда ынтымақтастықты кеңейту мәселелерімен қатар, осындай түйткілді тұстар да айтылды.

— Атырау — Қазақстандағы шикізатқа бай, мүмкіндігі зор аймақ. Отандық және шетелдік 600-ден астам ірі, орта кәсіпорын жұмысын жүйеге түсірген. Еліміздегі өндірілетін «қара алтынның» 40 пайызы біздің облысқа тиесілі, — деген Ғұмар Ислямұлы қонақтарды жергілікті ауқымды жобалармен таныстырды.

Облыс әкімінің бірінші орынбасарының айтуынша, үдемелі Индустрияландыру бағдарламасы ауқымында жасалып жатқан игі іс көп. Жалпы құны 8 млрд. АҚШ долларын құрайтын 44 жоба жүзеге асуда. Ал, екінші бесжылдықтың аясында шикізатты тереңдей өңдеу жұмыстарына маңыз беріледі. «Норвегиялық компанияларды ынтымақтастық қарым-қатынасқа шақырамыз. Мұнда олардың алаңсыз қызмет етуіне барлық жағдай бар» деді Ғұмар Ислямұлы.

 Қазыналы аймақтағы Теңіз, Қашаған кеніштері, сонымен қатар Атырау мұнай өңдеу зауытындағы қайта жаңғырту, мұнай-химия кешенінің құрылысы шетелдіктерге жақсы таныс секілді. Атырауға елшімен ере келген «DNV GL» компаниясының бас директоры Йу Хулбаекдол, «Storvin» компаниясының басқарма бастығы Бьерн Стурвик осынау ірі жобаларды әңгіме етіп отырды. Алдыңғы аталған құрылымның («DNVGL») 150 жылдық тарихы бар екен. Мұнай-газ саласындағы жетекші техникалық кеңесші компания саналады. Біраз жылдардан бері Қазақстанда шаруасын үйлестірген олар отандастарымыздың норвегиялық компанияларда тәжірибеден өтуіне, халықаралық талапқа сәйкес біліктілігін көтеруіне өз үлестерін қосыпты. «Бұл жоба алдағы уақытта өз жалғасын таба бермекші. Қазақ инженерлері норвег әріптестерімен бірлесіп еңбектеніп қоймай, бүгінгі озық технологияны да терең меңгереді» деді компанияның басшысы.

Әйткенмен, бізді ол кісінің бағалы балыққа өте бай Каспийдің экологиясына қатысты айтқаны ерекше қызықтырды. «Біз бұл мақсатта барлық тәжірибемізбен ортақтаса аламыз, қауіпті жағдайлардың алдын алуда көрсететін көмегіміз әзір» деді ол. Байқасақ, қоршаған ортаны қорғауға үлес қосу алпауыт құрылымның басты қызметтерінің бірі, оған айрықша маңыз берілетін көрінеді. Ал,  «Storvin» компаниясының басқарма бастығы Бьерн Стурвик Атырауға алғаш рет келіп тұрғанымен, алған әсерінің зор екендігін жасырмады. «Біз өз тарапымыздан мұнайлы өңірлеріңізге қатысты барлық ақпаратты норвегиялық компанияларға жеткізетін боламыз» деді Бьерн Стурвик.

Норвегияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Оле Йохан Бёрной да өз кезегінде өзара байланыс, тығыз қарым-қатынасты тереңдету бағытында жұмыстанатындығын айтты. «Ендеше, келесі кездескенімізде норвегиялық компаниялардың қатары Атырауда  көбейгенін көрейік» деген облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев қабылдауды қорытындылады.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Беттің суреттерін түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button