Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Номофобтар «дәуірі» немесе сана уланбасын десек…

Ұлттық құндылықтарды дәріптеу, ата-бабадан мирас болып келе жатқан салт-дәстүрлерімізді көздің қарашығындай сақтау. Бұл – жас ұрпақ еншісіне бұйырған аманат. Тіпті, жарқын болашақ пен кемел келешек те «жастардың қолында» деп «ұрандататынымыз» ақиқат. Ал, кітап оқып, ой-өрісті дамытудың орнына, компьютер мен ұялы телефонға телмірген кейінгі буыннан не күтеміз? Бала кезден санамызға сіңіріп өскен тарихи мол мұрамызды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін кімдер? Қоғамды технологияға жіпсіз «байлаған» номофобтардан қалай арашалап аламыз? Біз осы сауалға жауап іздедік.

dependenta-calculator

Иә, қазір бәріміз – ұялы телефон мен компьютерге тәуелдіміз. Байланыссыз ісіміз уақытында бітпейді. Ғаламторсыз жұмысымыз тоқтап қалады. Озық технологияның өмірімізге енгені соншалық, бүгінде бесіктен белі шықпаған сәби де қалта телефондағы әуенсіз ұйықтамайтын болды. Тіпті, баланы да смартфондағы бейнероликпен жұбатып, әлдилеуді әдетке айналдырдық. Енді-енді тілі шыққан бүлдіршін алғашқы сөздерді ата-анасынан немесе жақын-жуықтарынан емес, телефонның «сиқырымен» үйренетін кезге жеттік. Мектептегі тапсырмалар, қала берді студенттердің білімін бағалау, адамның одан кейінгі жылдарын да смартфонсыз елестету мүмкін емес. Бұрынғы қолжазбалар тарихтың өткен шағында ғана айтылады. Қалай десек те, алақандай құралдың «көмегімен» біраз шаруаны тындырып жүрміз. Бірақ, замана көшіне ілесеміз деп, жаһандану дәуірінде жұтылып, жұтаңданып бара жатқан жоқпыз ба? Тәуліктегі уақытының басым бөлігін ұялы телефонмен өткізетін жеткіншек қазақы салт-дәстүрлер мен ертегілерден хабардар ма? Би-шешен, батырларымыз жайында не біледі?

Түрлі зерттеулер нәтижесі көрсеткендей, жасөспірімдер көп уақытын ұялы телефон мен оның түрлі функцияларын пайдаланумен өткізеді екен. Жастар арасында смартфон арқылы хаттарды жіберу, оны алу және оқу кең таралған. Алайда, психолог мамандар хат алмасу ешуақытта бетпе-бет әңгімелесудің орнын баспайтынын ескертеді.

– Себебі, сөйлесу арқылы қатынас орнатудан басқа байланыс түрлері баяндау тәсілі мен сезімдерді жеткізуге нұқсан келтіреді. Телефонды қолдануға тәуелді болған балалардың көбісінің өз-өзіне сенімділігі төмендеп, олардың басқалармен қоғамдық қатынас орнатуы қиынға соғады. Сондай-ақ, ұялы телефонды ұзақ қолданып, өз уақытын телефон арқылы сөйлесу немесе хаттар жөнелтумен өткізген бала психикалық ауытқушылықтарға душар болуы ықтимал, — деді тәжірибелі психолог Нәсіп Қуанова.

Оның үстіне, смартфонды үздіксіз пайдаланудың жеткіншек үшін зиянды жақтарының бірі – ойының бөлінуі және оқу үлгерімінің төмендеуі. Яғни, қалтафонды мектепке алып барып, сабаққа енжар қараған оқушының бағалары айтарлықтай төмендеген.

– Негізі, оқу орнына смартфондар әкелуге тыйым салынған. Бірақ, онсыз тағы болмайды. Қоғамда жиі кездесіп жатқан түрлі келеңсіз жағдайларды естіп, көріп отырған соң, баланы телефонсыз мектепке жіберуге қорқасың. Ата-аналардың басым көпшілігі оны баланы бақылап отырудың әдісі ретінде қолданады. Педофилизм өршіп, оқыс оқиғалар көбейген кезде оқушының өзін сабаққа жіберу қиын. Дегенмен, ата-ананың бәрінің бірдей оған мүмкіндігі жоқ. Ұялы телефонның зардабын біле тұра, оны пайдалануға мәжбүрміз, — дейді бізбен әңімесінде жас ата-ана Рая Иманғалиева.

Бұл пікірдің жаны бар. Қауіпсіздікті алдыңғы кезекке қойған ананың ойымен келіспеске болмайды. Қоғамда кездесіп жатқан жантүршігерлік жағдайларды естігеннен кейін бәріміздің де баланың амандығын тілеумен отыратынымыз жасырын емес. Десек те, ұлттық құндылықтарымызды жойып алмас үшін не істеу қажет? Біле білсек, смартфоннан да келетін қауіп аз болмай тұр. Естеріңізде болса, өткен жылдары оқушыларды суицидке дейін «жеткізген» жағдай әлеуметтік желі арқылы таралған еді. Көршілес елден шыққан «Синий кит» ойыны талай жасөспірімнің өз өмірін қиюға итермелеген. Құқық қорғау органдары «ойынның» тамырына балта шауып, қылмыскерлерді анықтағанмен, әлеуметтік желіден келетін әлек саны әлі төмендемей отыр.

– Жас ұрпақты тәрбиелеу жолында ұялы телефон қолданып, пайдалануға үзілді-кесілді қарсымын. Өйткені, оның жасөспірімдер үшін физикалық тұрғыдан да зардабы көп. Телефонның электромагниттік толқындары барлық жастағыларға қауіп төндіргенімен, басқаларға қарағанда балалар мен жасөспірімдерге көбірек нұқсан келтіреді. Кейбір еуропалық елдер адам көп жиналатын автобус сияқты қоғамдық орталарда ұялы телефонды қолдануды дұрыс деп санамайды. Себебі, телефонның толқындары тек пайдаланушының өзіне ғана емес, сонымен қатар, төңірегіндегі жандарға да әсер етеді. Кейбір ғалымдар жүргізген зерттеудің нәтижелері ұялы телефонды қолдану мен мидың қатерлі ісіктеріне шалдығудың арасында байланыстың бар екендігін көрсетті, — дейді Халық ағарту ісінің үздігі Злила Шопанова.

Шын мәнінде, Мемлекет басшысы ұсынған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының түпкі мақсаты мен негізгі идеясы – халықтың сана сезімін оятып, ұлттық дәстүрлерге ден қойып, киелі жерлерді танып білуге баулу, өлкенің жер-су аттарының шығу тегіне үңіліп, тарихи тұлғалар есімін жас ұрпаққа таныту еді. Алайда, осынау игі бастаманың түп-тамырына терең бойлай алмай, салмағын төмендетіп алып жүргеніміз өкінішті. Жуырда еліміздегі ауылдардың бірінде «Рухани жаңғыру» аясында жасөспірімдер арасында футболдан жарыс өтіпті. Ұлттық спортымыз болса бір сәрі, бірақ, футболдың «Рухани жаңғыруға» қандай қатысы бар? Мектепте өткізілетін шаралардың екінің бірі осы бағдарлама шеңберінде ұйымдастырылады. Сонда ән мен биден тұратын концерттің барлығы бірдей «рухани жаңғыру» ма?

Қалай болғанда да, өзіміздің ұрпағымызды сырттан біреу келіп тәрбиелеп бермейді. Рухани бай, саналы болашақты қаласақ, ұлттық құндылықтарымызды тар шеңберде шектемей, дәріптеу жұмыстарын мектеп партасынан бастау керек. Мәселен, жақында Алматыдағы білім ордаларының бірінде батырлар жырынан жарыс ұйымдастырылыпты. Былай қарағанда, шағын ғана мектептегі кезекті шара болғанмен, оның тәрбиелік мағынасы зор. Шыны керек, қазір жаңылтпаш айтудан, жұмбақ жасырудан сайыстар сирек өтеді. Киелі жерлерді танып-білуге арналған экспедицияларды оқушылар арасында өткізуге болмас па? Арамызда туған ауылының атауын толық білмейтіндер бар. Сондықтан, рухани құндылықтарды дәріптеуде танымдық шаралардың орны бөлек. Мәселен, жуырда қаладағы маршруттарда жаңа автобустар жүре бастады. Солардың ішіне Атыраудың белгілі адамдарының суреттері ілініп, шағын ақпараттар берілсе жастардың аймақтың дара тұлғаларын білуіне оң септігін тигізер еді.

Р.S: Қазақта «Жеті атасын білмеген жетесіз» деген нақыл бар. Бірақ, бүгінде жеті атасы түгілі өзінің туған жері туралы кеңінен әңгімелей алмайтын жастарды көргенде жаның ашиды. Мұхтар Шахановша айтсақ, құдды бір «мәңгүрт» сияқты. Ал, сол жастар дегеніміз сіз бен біздің аялап, мәпелеп өсіріп отырған баламыз емес пе? Рухани байлықтан, материалдық құндылық озған қу тірлік-ай?!

 

Айбөпе Сабырова

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button