Жарнама
Жаңалықтар

Ноғаев жершілдік пен рушылдыққа жол жоқтығын жеткізді

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өңірде құрылған сарапшылар кеңесінің жиынында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлыбек Ожаев «Қарой-Шейітсай» автожорығын ұйымдастыруды ұсынды. Ол Батыс Қазақстан мен Ақтөбе облыстарын да қамтымақ.

photo_190238

– Өздеріңізге белгілі, — деді ол, – Махамбет бабаның 200 жылдық мерейтойы тойланып, есімі жоғары деңгейде ұлықталды. Ал, Исатай бабамыз назардан тыс қалып келді. Осы ретте, оның ат үстінде отырған мүсінін жасап, тарихи әділеттілік орнататын мезгіл жетті. Ақтөбеде биіктігі 11 метр болатын батыр ескерткішін тұрғызу жұмыстары басталып та кетті. Оның бет-әлпетін, яғни, бюст көшірмесін біз ұсындық. Ендігі кезекте оның кесесенесіне жол салу мәселесі тұр.

Тағы бір айта кетер жайт, біреулер Бекет ата бес жерде мешіт салдырған десе, енді біреулері алты мешітті айтады. Оның қайсысы дұрыс? Міне, оның жерасты мешітінен бастап барлық ғибадат орындарының қыр-сырын ашу керек. Осы мақсатта «Ақмешіт-Бекет ата» экспедициясын ұйымдастыру көзделуде. Жол ұзындығы 2,5 мың шақырымдық жорыққа 20 адам қатысады.

Бұл мәселеге орай, облыс әкімі Нұрлан Ноғаев өз ұсынысын да енгізді.

– Барлық тарихи мәліметтер мен деректерді біріздендіру қажет. Ол үшін Ресей мен басқа да жерлерден архив материалдарын алып, толықтырулар енгізген дұрыс. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы адамдардың, ұлт пен ұлыстың арасын ажырату үшін емес, «бәрінің ойлары бір жерден шықсын, ортақ тарихымыз қалыптассын» деген мақсатта ұсынылып отыр. Сондықтан рушылдыққа, жершілдікке бөліну мүлде орынсыз. Тарихты бұрмалауға болмайды. Ол бір ізбен жазылуы керек. Өйтпеген жағдайда, қарама-қайшы пікірлер туындайды.

Мәселен, Исатай батыр жөнінде деректі фильм түсіру ұсынылып отыр. Ол жөнінде әр өңірдің өз айтары бар. Соның барлығын ескеріп, бір нәтиже шығарған жөн. Бұған тек соған жауапты адамдар мен әкімдіктегі мамандардың міндеті деп қарамау керек. Ортақ іске «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара» атсалысқан абзал. Бұл үшін арнайы жобалық кеңсе де бар. Әр тұрғын сонда барып, өз ұсыныс-пікірін білдіре алады, – деді аймақ басшысы.

 Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button