НЕСИЕНІ КІМ КЕШІРЕДІ?
БИЫЛ 5 ҚАҢТАРДА МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ЕЛДЕГІ ӘЛЕУМЕТТІКЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖАҒДАЙҒА ҚАТЫСТЫ АРНАЙЫ КЕҢЕС ӨТКІЗІП, АХУАЛДЫ ТҰРАҚТАНДЫРУ МАҚСАТЫНДА БІРҚАТАР ҚОСЫМША ТАПСЫРМА БЕРДІ. СОНЫҢ БІРІ – «ЖЕКЕ ТҰЛҒАЛАРДЫҢ БАНКРОТТЫҒЫ ТУРАЛЫ» ЗАҢДЫ ӘЗІРЛЕУ.
– Қайырлы күн, Мақсат мырза! «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» Заң, оның нақты критерийлері қандай болмақ?
– Мұндай нормативтік құқықтық актінің бүгінгі қоғамға аса қажет екеніне ешқандай күмән жоқ. Себебі, бізде көптеген азаматтар несиені кешіру мәселесін жиі көтеріп жүр. Бұл – көпшілігі несие алып, оны өтей алмағандықтан, халықтың тұрмыс-күйінің тым нашарлап кеткеніне айқын айғақ. Бір мәселе – егер несиені Үкімет жабар болса, бюджет есебінен жүзеге асырылады. Ал, Қазақстанда бюджеттің шығыны – 15 триллион теңге, халықтың тұтынушылық мақсатта алған несиесінің мөлшері – 5 триллион. Қазір оның бәрін жауып беру ақылға сыймайды. Одан бөлек елдің экономикасы, халықтың әл-ауқатын көтеруге байланысты басқа да нақты жұмыс жасалуы тиіс. Енді несиені кім кешіреді? Банк кешіреді десек, мұнша қаражатты табу қиын. Олар банкротқа ұшырайды. Банк айтуы мүмкін, «депозиттің есебінен жабайық» деп. Бұл жеке адамдардың салымы болғандықтан, зор қарамақайшылық туындайтыны анық.
Бүгінде несие 90 күннен артық төленбесе, кредитор коллекторлық құрылымдар мен сот орындаушыға жібереді. Олар борышкерді қыспаққа алады. Бәлкім, ол тосын қиындыққа тап болған шығар немесе ойламаған жерден табысынан айырылуы мүмкін. Мұндайда көмек қолын созар кім бар?! Егер елде жеке тұлғаның банкроттығын танитын қандай да бір заңды құжат болса, соның аясында өзін банкрот деп жариялауға мұрсаты болар еді. Бұл заңның қазіргі қоғам үшін мән-маңызы осында. Әрине, бұл заң қабылданса, біраз тараптар, әсіресе екінші деңгейлі банктер, микроқаржы ұйымдары, қарызды өндіріп аламын деп өндіршегін созып отырған коллекторлық мекемелер мен сақтандыру компаниялары күлдей шығынға батады.
Егер кейбір азаматтардың несиесі сақтандырылса, қарызды сақтандыру компаниясы төлеуі шарт. Демек бұған дейін банкроттық туралы заңды қабылданбауына мүдделі топтар әсер етіп келген болуы мүмкін. Президент бізге осы заңның аса қажеттігін енді ғана ұғындырып, шұғыл дайындауды тапсырды. Оның қажеттін айтып жүргенімізге 4 жылдай уақыт өтті. Себебі, бұл заң мемлекет өз азаматын кеудесінен итеріп, коллектор мен сот орындаушының сілкілеуіне салып қоймай, мәселені заң аясында шешуге мүмкіндік береді.
– Мұны бізден бірнеше жыл бұрын қабылдаған Ресейдегі жағдай қалай? Бұқараның әл-ауқатын арттыруда оң динамика байқала ма? Әлем елдеріндегі практика не дейді?
– Ресей заңы соңғы екі жылда нақты жемісін беріп жатыр деп айтуға негіз бар. Қазір Қазақстанда несие төлеу мерзімі өтсе, сот орындаушы бірден барлық шотты бұғаттап тастайды. Соның кесірінен борышкер тапқан табысын қайда аударарын білмей дал болады. Шотқа түскен ақшаны оның өзге шығындарына қарамастан, банк қағып әкетеді. Ал, Ресейде қарыз өндіру процесі мүлдем басқаша. Біздің есеппен 300 мың теңгеден 3 миллион теңгеге (50- 500 мың рубль аралығы – авт.) дейін қарызы бар, төлеуге мүмкіндігі жоқ азамат сотқа бармай-ақ өзін банкрот деп жариялай алады.
Егер қарыз одан көп болса, мәселені сот шешеді. Мәселен, ипотекалық несиесі бар, табыссыз қалған адам өзін «банкротпын» деп жарияласа, ипотекалық қарызды бірден кешіре салмайды. Әуелі оның жалғыз баспанасы болса, соны заң жүзінде сақтап қалады. Бірақ қарызын бәрібір банкке өтеуі керек. Алайда, борышкердің күнкөрісі үшін ашылған арнайы есепшот бұғатталмайды. Шартты түрде алғанда, 200 мың теңге табысы бар отбасының әр мүшесіне өмір сүруіне қажетті шығын есептеліп, соның үстіндегі белгілі бір сомадан артылған ақшаны ғана банк ұстап отырады. Осындай жүйелі жұмыс қазір бізге де ауадай қажет. Мұндай заң АҚШ-та шамамен ғасырдан астам уақыт бұрын қолданысқа енген. Шарттары да әр штаттағы табыстың көлеміне қарай бекітілген. Банкрот деп танылған адамның қарызынан құтылып, жаңа өмір бастауына мүмкіндігі бар. Тек бір кемшін тұсы – несие тарихы 10 жылға дейін сақталады, яғни сонша уақыт бойы кредит алу құқынан айырылады деген сөз.
Ал, Германияда банкроттық заңы қатаң, төлем қабілеті мүлдем болмаған жағдайда ғана сот процесі арқылы шешіледі. Мұнда да банкрот тұлға 10 жылға дейін несие ала алмайды. Бізде де төлем қабілетінен айырылған, тұрақты табысы жоқ, 300 мың теңгеден астам қарызы бар азаматтардың өзін банкрот деп жариялауға мүмкіндігі болуы керек. Әуелі оның неліктен қарыздар болып қалғандығы толық зерттеледі. Соның қорытындысына байланысты банкроттығы танылады. Маңыздысы – банкроттықты жарияламас бұрын адам ойлануы тиіс. Өйткені, банкрот деп жариялаған жанның несие алуға құқы жоқ. Егер сол талапқа көнсеңіз ғана нақты шешім қабылдай аласыз.
– Жұрттың көпшілігі «жаңа заң бойынша несиеміз кешіріледі, оны толық төлемеуге болады» деген пікірде. Сонда банкрот болған адамның қарызы кредитор есебінен жабыла ма?
– Әрине, кредитор қарызды кешіреді. Оның табысын жоғалтатыны да сондықтан. Сол себепті екінші деңгейлі банк несиені бермес бұрын алушының төлем қабілетін толыққанды зерттейді. Бір жақсысы – соңғы жылдары төлем қабілетін толық тексермей, оп-оңай несие беретін шағын қаржы ұйымдары мен банктердің қызметіне тосқауыл қойылады. Тым болмағанда, олардың қызметі жүйеленеді. Демек кез-келген адам жеке куәлікпен барып, қолма-қол ақша ала алмайды.
– Коллекторға өткен кредиттің өзі заңмен өндіру процесіне жатады. Осы жерде қандай да бір қайшылық туындауы мүмкін бе?
– Егер заң қабылданса, коллекторға өткен қарызы бар адамдар да өзін банкрот деп жариялау арқылы борышынан құтыла алады. Екі жарым жыл бұрын Президент Қ.Тоқаев әлеуметтік осал топтардың несиелік қарызына 300 мың теңгеден кешірім жасады. Бірақ онда тек екінші деңгейлі банктің тізімінде бар қарыздар ғана кешірілді. Коллекторға өткендер сол күйі қалды. Егер осы жолы тағы солай болса, коллекторлық компанияларға өткен несиелер кешірілмейді. Ал, әлеуметтік шиеленіс туғызып отырған осы қарыздар. Сондықтан, мұның бәрі аталмыш заң арқылы реттеледі.
– Банкрот болып танылған адамға шектеулер бар ма?
– Шектеу міндетті түрде болады. Екінші деңгейлі банктен қайтадан несие ала алмайтыны өз алдына, кәсіпкерлік субъектісін ашуға, бизнес жүргізуге болмайды деген шектеулер болуы мүмкін. Ол үшін Заңға қол қойылуын күтейік. Менің ойымша, банкрот тұлға несие алмай-ақ кәсіпкерлікпен айналысқысы келсе, оған шектеу жасау дұрыс емес.
– Адами тұрғыдан алғанда, «банкрот адам» атану жақсы атақ емес. Қаржылық қиыншылық заңмен шешілсін дейік. Ал, психологиялық тұрғыда көмек қарастырылған ба?
– Меніңше, қарыздар болған жан зор психологиялық күйзеліске түседі. Ал, несиені кешіріп, мәселені реттеп, кейін төлейтін болса, онда психологиялық тығырықтан шығатынына сенім мол. Бірақ банкрот деп танылғанын «өмірлік катастрофа» деп қабылдаса, бұған жеке мәселе ретінде психологиялық көмек берілуі керек деп есептеймін.
– Банкроттық жағдайдың алдын алу үшін не істеу керек? Қарапайым халықтың қаржылық сауатын арттыру үшін арнайы бағдарлама қажет деп есептейсіз бе?
– Оның алдын алу үшін, әрине, қаржылық сауаттылық өте қажет. Соған орай Ұлттық банктің арнайы бағдарламасы да бар. Бірақ оның еш нәтиже бермей отырғанын бүгінгі ахуал көрсетіп отыр. Қазақстанға қазіргі жағдайда халықтың қаржылық сауатын жаппай арттыру үшін Малайзия мен Үндістанның үлгісіндегі Ұлттық бағдарлама керек. Сол себепті «Қаржылық әліппе», «Экономикаға кіріспе» сияқты пәндерді бастауыш сыныптан бастап оқытып, жоғары сыныптар мен университеттерде іскерлік, бизнес негіздері, қаржылық сауаттылық деген ауқымды курстар жүргізілуі тиіс. Тіпті, арнайы «Youtube» арнасы ашылып, бейнедәрістер, телеарналарда балалар мен қалың бұқараға арналған бөлек бағдарламалар түсірілуі керек. Қаржылық заңдылықтар жиі өзгеріп отырады. Оларды да тез арада түсіндіріп отыратын, сенімді ресми ақпарат көзі болғаны дұрыс. Өйткені, қарыздан құтыла алмай жүргендердің көпшілігі – қаржылық алаяқтардың құрбандары. Немесе досына, тіпті бауырына алып берген несиесі арқылы қарызданып, ақшаны өзі пайдаланбағанын дәлелдей алмай жүргендер. Осының барлығы арнайы бағдарламаның аясында шешімін тапқаны дұрыс. Қазір fingramota.kz деген сайт бар. Сол сайтта қаржылық сауатты арттыруға арналған ақпараттар жақсы беріледі. Бірақ танымал емес. Қазақ тілді контентті енді ғана көбейтіп, көңіл бөліп жатыр.
– Қайтсек қарыздың қамытын кимейміз? Табыстың жетпеуі сылтау ма, себеп пе?
– Табыстың жетпеуі – сылтау емес, себеп. Өйткені, халықтың табысы төмен. Немістің Эрнст Энгель заңы бойынша «Халықтың табысы неғұрлым артқан сайын, олардың азық-түлік шығыны азаяды, демалыс шығындары ұлғаяды». Ал, отбасы бюджетінде кіріс неғұрлым төмендеген сайын, азық-түлік шығыны артып, демалыс шығыны қысқарады. Біздің қазіргі кейпіміз – осы. Бүгінде қазақстандықтар тапқан-таянғанын тамаққа жұмсап отыр. Экономика заңдылығы бойынша елде азық-түлік шығындары 50%-дан асса, мемлекет кедей деп танылады.
Ал, бізде былтырғы орташа есеп бойынша азықтүлік шығыны – 56%. Үкіметтің қазіргі негізгі міндеті – халықтың табысын арттыру. Сол үшін нақты тетіктер керек. Ең төменгі жалақы биыл 60 мың теңгеге көтерілді. Бірақ, меніңше, бұл 80 мың теңгеден төмен болмауы тиіс. Тек сонда ғана халықтың табысы артады. Ал, сылтау жағына келсек, әр адам өз ісіне жауапкершілікпен қарауы, өз білімі мен білігін, қаржылық, құқықтық, азаматтық сауаттылығын арттыруға міндетті. Ол үшін адамның күнделікті ішер асынан артылатын аз болса да қаржысы болуы керек. Сол үшін бірінші кезекте табысты, сосын қаржылық сауатты арттыруға мән берген жөн.
– Біздің пікірімізше, несие мен қарызды төлем қабілеті бар адам ғана алуы керек. Қазақстанда орташа жалақы – 250 мың теңгеден астам деп есептеп, отбасылық табысы осы сомадан аспайтын адамға несие берілмесін деп заңдастырылса қолдайсыз ба? Бұл мүмкін бе?
– Бұл пікірмен келісемін. Табысы төмен, әлеуметтік жағдайы нашар адамға несие бермеу керек. Ал, сол санаттағы азаматтардың табысын арттыруды мемлекет қолға алуы тиіс. Арнайы нақты шек қоюға тағы болмайды. Жалпы экономикада «қарыз алу» деген аса қиын дүние ретінде қарастырылмайды. Батыс елдерінде қарызды миллиондап алып жүре береді. Біздегі ең үлкен проблема – банктердегі пайыздық мөлшерлеменің шектен тыс жоғарылығы. Дамыған елдерде 2 немесе 4%-дық несиені әркімнің алуына мүмкіндік бар және ол отбасы бюджетіне салмақ түсірмейді. Ал, қаржылық әліппеге назар салсақ, отбасы табысының 30 %-ына дейін несие немесе басқа да қарыздары болса, ол ауыр салмақ түсірмейді. Демек мәселе табыстың мөлшерінде емес, тек қарыз табыстың 30%-ынан асып кетпеуі шарт. Сонда азаматтар қысылыпқымтырылмай, еркін өмір сүре алады.
– Бұдан кейін оқырман көкейінде сұрақ туады: «Қазақстанда неге несие пайызы тым жоғары?..» Шынында біздегі банктер несиені неге 2-4%-бен бермейді?
– Бұл – өте дұрыс сұрақ. Басты себеп – Қазақстан дамушы ел болғандықтан, банктің пайыздық мөлшерлемесі жоғары. Бізде инфляцияның деңгейі өте жоғары. Теңге тез құнсызданады. Сондықтан, ұзақ мерзімде қарыз беру өте тиімсіз. Тіпті, туысыңызға ұзақ мерзімге қарыз берсеңіз, оны әбден құнсызданған күйде аласыз. Банктер де ұзақ мерзімге ақша бергенде, сол тәуекелді ескереді. Егер елдің ұлттық валютасында шығын болмай, табысы көбірек болса ғана екінші деңгейлі банктердің пайызы арзандайды. Дамыған мемлекеттерде инфляция деңгейі 1-1,5% болғандықтан, ақша нарығы – тұрақты. Оларда несиені ұзақ мерзімге еш қиындықсыз беретінінің себебі сол.
Екінші себеп осыдан туындайды. Қарапайым тілмен айтқанда, республика Ұлттық банкінің екінші деңгейлі банктерге қарызға ақша бергенде қоятын пайызы немесе Ұлттық банк бекітетін базалық пайыздық мөлшерлеме қазір – 10,25%. Бұл – жоғары көрсеткіш. Ендеше, әлгіндей мөлшерлемемен несие алған банктер одан төмен пайызбен өзгеге несие бермейді. Керісінше, оны халыққа 2-3 есе жоғары бәспен таратады. Дамыған мемлекеттерде, мысалы Еуропада базалық пайыздық мөлшерлеме – 0,5%. Оны үш есеге қымбаттатқанның өзінде екінші деңгейлі банктер беретін несие пайызы 1,5-2%-дан аспайды.
Ең үлкен заңдылық – осы. Биыл жыл басынан бері Қазақстан Ұлттық банкі ақша-несие нарығында инфляциялық таргеттеу саясатын жүргізіп, 2025 жылға қарай деңгейі 3-4%-дан аспайтын инфляцияға қол жеткіземіз деп талпынып жатыр. Егер осы меже орындалса, базалық пайыздық мөлшерлеме де түседі. Сонда «Шаңырақ», «Бақытты отбасы» тәрізді арнайы бағдарламалар жасамай-ақ, 6-7%-дық ипотекалық несиеге кез-келген адам қол жеткізе алады. Бірақ бұған тек Ұлттық банктің күші жетпейді. Ол үшін бізде өнеркәсіп дамуы керек. Сонда теңгенің құны артып, инфляция азаяды, пайыз арзандайды. Елде базалық пайыздық мөлшерлеме 10,25% болғандықтан, депозиттердің пайызы 9-дан 11-ге дейін көтеріліп жатыр. Демек банктер салымшылардың ақшасын өскен бәсімен қайтаруы керек. Несие пайызының өсіп жатуы да сондықтан. Бұл – нарықтық экономиканың заңдылығы.
Пайыздың жоғары болуына үшінші себеп – несие қарызын уақытында қайтармау. Демек болашақта борышкердің пайыздық үстемесін несиесін уақытында қайтарып отырған екі-үш адамнан өндіріп алуы мүмкін. Сөйтіп, банк өзінің тәуекел менеджментін есептейді. Сондықтан, бізде несиенің пайызы жоғары. Азаматтардың қаржылық сауатын арттыруға осындай факторлар себеп. Банктен алған несие – қарыз. Сіз өз бауырыңыздан ақша алсаңыз да, оны айтылған уақытта қайтаруға тырысасыз. Банктен алған несие де тура сол сияқты, уақытында қайтару керек. Егер «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» Заң күшіне еніп, қордаланған мәселелер шешімін тапса, Үкімет пен Ұлттық банк өз миссиясын орындаса, халық та өз деңгейінде сауатын арттырса, сөз жоқ, ақша-несие саясатында біраз мәселе шешіліп, несиелердің пайызы арзандай түсер еді.
– Сұхбатыңызға рахмет, Мақсат мырза!
– Рахмет!
Аталған Заң күшіне енсе, еселенген пайызымен халықты сүлікше сорып келген микроқаржы ұйымдары мен коллекторлық компаниялардың қатары азаймақ. Екінші деңгейлі банктерде де оңды-солды қарыз беру тоқтар еді. Ертеңгі ішер асы үшін несиеге сеніп отыратын бұқара да бұл заңнан ой түйері анық. Дәл қазір біздің елде Үкіметтен субсидияланатын несиеден өзге тиімді кредит жоқ. Бөліп төлеудің астарында да біз көрмейтін пайыздар бар. Өндірісті өзіміз дамытпасақ, арзан пайыздық несие – тек қана арман. Сондықтан, қарыздың қамытын киместен бұрын, қаржылық және құқықтық сауатымызды арттырған абзал.
Салтанат АҚТӘЖИЕВА
Сіз заңды несие іздеп жүрсіз бе? Несие іздеуден шаршадым және
Ипотека? Сізді банктер қабылдамады ма?
бір рет алданып қалды ма? Сонда сіздің қаржылық жарақатыңыз аяқталды
1500,00 мин. доллардан бастап НЕСИЕ ұсыныңыз. $300 000 000,00 дейін максимум 2%
пайыздық мөлшерлеме. Біз сертификатталған және сенімдіміз. біз сізге көмектесе аламыз
қаржылық мәселелер бойынша электрондық пошта арқылы бізге хабарласыңыз
(desmondloaninverstment@hotmail.com) осы АҚПАРАТпен .
Өтініш берушінің аты-жөні
Жасы:
Жынысы:
Қала:
Мемлекет:
Ел:
Мекен-жайы:
Мамандығы:
Айлық табыс
Ұялы
Несие мерзімі:
Қажетті несие сомасы
Төменде +14429462701 Whatsapp нөмірі
Назар аударыңыз: барлық жауаптар компанияға жіберіледі
Электрондық пошта: desmondloaninverstment@hotmail.com Құрметпен, Десмонд Ли мырза