Жарнама
Жаңалықтар

НЕСИЕ НЕСІБЕГЕ АЙНАЛА МА?

 

Дәл осындай бағдарламалар бүгінгі таңда ұсақ мал–қой («Алтын асық») мен жылқы («Құлан») түлігін өсірушілер, сондай-ақ жайылымдарды суландыру жұмыстарын қаржыландыру үшін де қабылданып, оған  қазынадан қомақты қаражат қаралып отыр.

Бұл жайында облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте мәлімделді. Хабарланғанындай, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы жоғарыда аталған «Алтын асық» бағдарламасы аясында 10 мың бас қой малын сатып алуға 250 млн. теңге, сол сияқты 300 бас жылқы үшін 105 млн.теңге, оған қоса жайылымдық алқаптарды суландыру инфрақұрылымдарының құрылысын қаржыландыруға 22 млн. теңге сомасында қаржы қаралып, бөлінген.

Ендігі мәселе — сол несие мен субсидия түрінде берілетін қаражаттың мақсатты, әрі тиімді пайдаланылуына келіп тірелуде.

 

Қой өсірем десең, «Алтын асыққа» қатыс!

Мәжілісте «Аграрлық несие корпорациясы» Атырау филиалының директоры Назгүл Есмаханова жаңа бағдарламалардың ерекшеліктеріне тоқталды.

Аты айтып тұрғанындай, «Алтын асық» бағдарламасы негізінен етті және етті-майлы бағыттағы ұсақ малдың тауарлық табынының санын ұлғайтуды көздейді. Оған қатысушы заңды және жеке тұлғалар, ауыл-селоларда құрылған несие серіктестіктері қарызға алған ақшаға аналық мал басын және тұқымды өндіруші аталық малды (қошқар) сатып алады. Сонымен бірге, олардың негізгі құралдарды сатып алуы немесе жөндеуден өткізуі, айналым қаражатын толықтырып отыру мүмкіндігі қарастырылған.

Несие сомасына келсек, ол жеке тұлғаларға 500 мың теңгеден бастап корпорацияның меншікті капиталының 25 пайызына дейін, ал несие серіктестеріне 500 000-30 000 000 теңге аралығын қамтиды. Мерзімі аналық қойлар мен асыл тұқымды қошқарлар үшін 60 айға немесе бес жылға дейін, негізгі құралдарды сатып алу мен жөндеуге де сонша уақытқа, айналым қаражатын толтыруға  екі жылға есептелген.

Осылайша аналық және аталық қой малын, негізгі құралдарды сатып алу мен жөндеуге бағытталған траншты өтеуге қолға тиген күннен бастап екі жыл, айналым қаражатын толтыруға бір жыл мерзімге төлемнен босатылады.

 

Жылқыны көбейткің келсе, «Құланмен» серіктес!

 

Білгеніміздей, жылқы шаруашылығымен шұғылданғысы келетіндерге де «Құлан» бағдарламасы шеңберінде осындай қолдау көрсетіледі.

Бұнда да шаруагерлерге бастапқы несие 4,5 млн. теңгеден қаржыландырушы корпорацияның меншікті капитал қорының 25 пайызына дейінгі көлемде ұсынылса, несие серіктестіктері үшін 4,5-100 млн. теңге аралығында жобаланған. Аналық бие мен асыл тұқымды аталық айғырды және негізгі құралдарды сатып алу үшін берілетін несиені қайтару мерзімі  10 жыл деп белгіленсе, айналым қаражатын толтыру кезеңі екі жылмен есептеледі.

Әсіресе, жобаға тікелей қатыстысына зер салсақ, сатып алынатын Қамбар ата түлігінің әр басына – 40 мың, мал азығының бір келісіне – 92, қымыз өндірісінде қолданылатын азық үшін 60 теңге қаражат қазынадан төленсе, техника-агрегаттардың тең жарты құны инвестициялық субсидиялау жолымен қайтарылады.

Дәулетқали АРУЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button