Жарнама
ЖаңалықтарШаһар шырайы

Негізсіз тексеруге қашан тоқтау салынады?

Елімізде кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіретін түрлі  тексерулер әлі де орын алуда. Бұл туралы Елбасы тарапынан талай мәрте сын да айтылды. Осыны ескерген Ұлттық экономика министрлігі бизнесті қайта реттеу бастамасын көтерді.

Негізсіз тексеруге қашан тоқтау салынады-2

Министрліктің Кәсіпкерлікті дамыту департаментінің директоры Ғалия Жолдыбаеваның айтуынша, бұл арқылы мемлекеттік органдар тарапынан кәсіпкерлік субъектілеріне көрсетілетін қысымды төмендетуге болады. Сондай-ақ, мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру кезінде сыбайлас жемқорлыққа әкелетін фактілерді ауыздықтауға мүмкіндік бар. Санитарлық-эпидемиологиялық талаптар да қайта қаралмақ. Бұл кәсіпкерліктің дамуына жаңа серпін берері анық.

– Ағымдағы жылдың соңына дейін қайталанатын бақылау және қадағалауды алып тастау бойынша Кәсіпкерлік кодекске, салалық заңдарға енгізілетін түзетулер әзірленетін болады. Тексеру жүргізудің жалпы тәртібіне жатпайтын салаларды түгелімен ауыстыру қажет, — деп атап өтті Ғ.Жолдыбаева.

 * * *

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы таратқан мәліметке сүйенсек, қазір шағын және орта бизнес үлесі ішкі жалпы өнімнің төрттен бір бөлігін құрап, үш миллионнан астам адам жұмыспен қамтылған.

Былтыр 11,2 трлн. теңгенің өнімі өндірілген. Осы орайда «Заңнамалық актілерге дер кезінде өзгерістер енгізу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Кәсіпкерлер заңнамалық үдерістерге белсене атсалысып келеді» деген Елбасы өз кезегінде бизнес өкілдерінен де лайықты қайтарым күтеді.

* * *

«ҚазАгро» ұлттық басқару холдингі төрағасының орынбасары Айгүл Мұхамадиеваның мәлімдеуінше, көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру үшін әр жылы несие бөлінбек. Ол кооперативтер үшін қолжетімдірек болады.

Бір ескеретіні, өнімді жеткізу туралы өндіріс корпорациясымен немесе өндіруші кәсіпорынмен келісім-шарт жасалуы тиіс. Алдыңғы кезекте – күнбағыс, рапс, зығыр, арпа, жүгері, күріш, қант қызылшасы, бидай, картоп, сұлы дақылы, ал, кейін басқалары субсидияланады.

– Биыл қаржыландыру көлемі 60 млрд. теңгені құрады. Оның 40 миллиарды екінші деңгейлі банктер арқылы беріледі. Елбасы Жолдауында да айтылғандай, бюджеттік несие толығымен аграрлық несие корпорациясына табысталады. Мәселен, 2015 жылы қаржыландыру екінші деңгейлі банктер арқылы 11 пайызбен берілсе, биыл сыйақы мөлшерлемесі алтыға дейін төмендетілді. Ал, несие тікелей аграрлық несие корпорациясынан рәсімделсе, мөлшерлеме деңгейі үш пайыздан аспайды, — дейді ол.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button