Өндірісті Мақат ауданында өзгерістер көп
Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың Мақат ауданына жұмыс сапары жергілікті нысандарды аралаудан басталды. Бұдан соң әлеуметтік мәселелерге арналған көшпелі мәжіліс өткізді. «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалында азаматтарды қабылдап, жергілікті кәсіпкерлердің өнімімен танысты.
«Ақмаралдың» сапалы өнімі
Кезінде мемлекетке тонналап мұнай берген Мақаттың бүгінгі тірлігі тынымсыз. Аудан әкімі Берікқали Сәрсенғалиевтің айтуынша, мұнда 30 мыңнан астам адам тұрады. Жұмыс жасындағылардың «қара алтын» өндіруден өзге, айналысатын кәсіптері де бар. Әсіресе, кәсіпкерлердің саны өсіп келеді. Шағын және орта бизнес бойынша көрсетілген қызмет көлемі 8 млрд. 402 млн. теңгеге жетті.
Жері сортаң болса да мақаттықтар табиғаттың қолайсыз жағдайынан да жол табуда. Былтыр «Ақмарал» шаруа қожалығы егін егу үшін Индер ауданынан 70 гектар жер телімін алған. Соның 10 гектарына көкөніс егіпті. Тынымсыз еңбектің оңды нәтижесі байқалады. Егістік алқаптан 18 тонна қарбыз, 8 тонна қауын, 3 тонна картоп, 500 келі асқабақ алынып, аудан тұрғындарын табиғи таза өніммен қамтуға мүмкіндік жасалған.
Әлеуметтік саладағы жаңалық та ауыз толтырып айтарлықтай. Мәселен, тозығы жеткен ғимарат былтыр күрделі жөнделіп, балалар кітапханасы ретінде ашылыпты. Қазір кітапхана қорында 12 265 кітап бар, 1475 оқырман тіркелген. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев жұмыс сапары барысында аудандық емхана жанынан ашылған оңалту орталығын да аралады.
Бейнебақылауда бәрі бар
Аймақ басшысы мұнда білім беру мен денсаулық сақтау мәселелері бойынша көшпелі жиналыс өткізді.
Былтыр облыс әкімі білім саласы бойынша 5 нақты тапсырма берген болатын. Соның бастысы – мектептер мен балабақшаларға бейнекамералар орнату мәселесі. Облыстық білім беру басқармасының басшысы Қайырғали Кенжеғалиевтің айтуынша, жергілікті жерде барлығы 396 білім ұйымы бар. Оларды бейнебақылаумен жабдықтау үшін 223,1 млн. теңге қаржы бөлініп, 4597 камера орнатылыпты. Қазір 5183 бейнекамера жұмыс жасайды.
– Аймақтағы білім ұйымдары қаншалықты бейнекамерамен жабдықталып отыр? – деп сұрады облыс әкімі осы тұста.
– Білім беру ұйымдары бейнебақылаумен толық жабдықталды деп айтуға болады. Бұрын 56 камераның сақтау жады талапқа сәйкес келмейтін. Солардың бәрі жаңасына ауыстырылды,-деді облыстық білім беру басқармасының басшысы.
Ауыл баласы артта қалмасын
Облыста 285 мұғалім жетіспейді. Бұл проблема Мақат ауданында да өткір тұр. Әсіресе, орыс тілі мамандарының тапшылығы байқалады. «Бізге 12 ұстаз қажет. Бұл мәселені біртіндеп шешіп жатырмыз» деді аудан әкімі Берікқали Сәрсенғалиев. Бүгінде ауданға келген үш жас маманның алаңсыз қызмет етуіне жағдай жасалуда екен.
Аудан мен қала мектептерінің материалдық жағынан қамтылуында өзгешелік бар. Мысалы, облыстағы 10 роботтехникалық кабинеттің барлығы Атырау қаласында орналасқан.
«Ауыл баласы қаладағы замандасынан кейін қалмауы қажет. Оларға бірдей жағдай жасалады, бұл — өте маңызды мәселе. Сондықтан, жауапты орын басшыларына роботтехникалық кабинетті барлық ауданда жасақтау туралы тапсырма беремін»,-деді облыс әкімі.
Жеке балабақша неге аз?
Аймақта жекеменшік балабақшаның саны әлі де аз. Қазір осындай 7 нысан жұмысын жүргізуде.
«Бүлдіршіндерді тәрбиелеп, лайықты білім беріп, оны табыс көзіне айналдыруға бізде қолайлы жағдай жасалған. Ол үшін лицензия қажет болмайды», — деді облыс әкімінің орынбасары Нұрсәуле Сайлауова.
Дегенмен, бұл бағыттағы жұмыс Атырауда өз деңгейінде жүзеге аспауда. Кәсіпкерлердің дені ұсыныстан бас тартатын көрінеді. Сондықтан, бұл бағыттағы жұмыстарды ширатудың қажеттілігі туып тұр.
Ана саулығына – айрықша назар
Көшпелі мәжілісте денсаулық сақтау мәселесі де қаралды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәншүк Аймұрзиеваның баяндауынша, мұнайлы өңірде ана мен бала өлімі азайған. Басқарма осыған байланысты алдын алуға бағытталған шаралар жоспарын жасапты. Төрт акушер-дәрігер, анестезиолог-ревматолог, 30 акушер, 220 учаскелік қызмет дәрігері оқытудан өткен. Жүкті әйелдерді скрининг мерзімінде ультра дыбыстық тексеруден өткізуді бақылау ерекше назарда тұр. Болашақ аналарға түсіндіру шаралары да жүйелі түрде өтеді.
«Бұл бағытта аралық қорытындылармен қанағаттанбай, көрсеткішті нөлге жеткізуіміз керек. Босанған ана мен баланың өмірі жүктіліктің алғашқы айынан дәрігерлердің қарауында болуы тиіс. Мамандарыңыз аналардың жағдайын бақылауда ұстап, қажет шараларды дер мезгілінде қабылдаулары қажет. Халық бізден уақытылы және кәсіби медициналық көмек күтеді. Солай жасауға міндеттіміз»,-деді Нұрлан Ноғаев.
Білікті маманға – жайлы баспана
Аймақ басшысы өңірге жұмыс істеуге шақырылған мамандарды қызметтік пәтермен қамту жайын да айтты. Белгілі болғаны, ауруханалар шаруашылықтарын толығымен өздері жүргізетіндіктен, онда істейтін мамандар мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алатындар тізіміне енбейді екен.
«Шақырылған мамандарға қолайлы жағдай жасауымыз керек. Қызметтік және жалға берілетін тұрғын үй берудің механизмдері бар. Мамандарға үй алудың мүмкіндіктері мен тәртібін түсіндіруге тиіспіз. Барлық жауапты адамдарға осы мәселені шешуді тапсырамын», — деді Нұрлан Ноғаев.
Жиналыста айтылғандай, өткен жылы аймақта 8 мектеп пайдалануға берілді. Биыл 9 білім ошағының құрылысы жалғасады. Сондай-ақ, 34 жалпы білім беру мекемесінің жобалау-сметалық құжаттамасы дайындалуда. Биыл жаңа модификация бөлмелерін, интерактивті тақта алуға, роботтехника бөлмелерін жабдықтауға 1,3 млрд. теңге бөлу жоспарланып отыр.
Аймақ басшысы байырғы өңірге сапары кезінде Мақат ауданының әкімі Берікқали Сәрсенғалиевтің жылдық есеп беру жиынына қатысты.
Азамат БАЗАРБАЕВ