Өндірісте оқиғалар жиілеп кетті
Соңғы кездері облыстағы өндіріс орындарында қайғылы жағдайға ұласқан жазатайым оқиғалар қатары көбейіп отыр. Оған не себеп және кім кінәлі? Қарапайым еңбек қауіпсіздігін сақтай алмаған жұмысшы ма, әлде бұл мәселеге немқұрайлы қарайтын жұмыс берушілер ме? Осы және өзге де мәселелер облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиевтің төрағалығымен өткен әлеуметтік әріптестік пен еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық комиссия отырысында көтерілді.
Жиынды ашқан төрағаның айтуынша, өңірдегі еңбек қатынастарының ахуалы көңіл көншітпейді. Бірін-шіден, орын алған оқиғалардан қорытынды шығаруға ешкім асықпайды. Екіншіден, адал еңбегінің ақысын ала алмай жүрген жұмысшылар көп. Үшіншіден, қызметке орналасу тәртібі мен жұмыс орнын сақтап қалудың өзі қиынға соғып барады. Еліміздің Еңбек кодексі талаптарының сақталмауы неге әкеліп соғатынын облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Игілік Әубәкіров айтып берді.
– Биылғы жылдың бес айында облыс аумағында өндірістік жазатайым оқи-ғалар салдарынан 23 адам жарақат алып, оның 6-уы қаза тапты. «Атырау Су Арнасы» мекемесінің слесарі Б.Рахметов №21 кәріз сорғыту стансасының мотор бөлімшесіндегі су сорғысын құрғату кезінде биіктен құлап, ауыр дәрежедегі жарақат алды. Нәтиже-сінде толығымен жұмыс беруші кінәлі деп танылды.
Осындай жағдай «Акарыс» мекемесінің аймағында құрылыс-монтаждау жұмысын жүргізетін «Фирма Арал» серіктестігінде де орын алды. Әдеттегі жұмыс күндерінің бірінде кешкісін мұнаралы кран «ПГС» топырағы салынған қауғаны көтеріп, төртінші қабаттағы ағаш алаңға қойды. Оның үстіне ілмекті ағытамын деп жұмысшы Нариман Ғұбайдуллин шыққан кезде, ағаш сынып, ол биіктен құлап, жазым болды. Мұнда да жұмыс беруші кінәлі. «Қаз-МұнайБұрғылау» мекеме-сінде қондырғысын жинақтау жұмыстары жүріп жатқанда машинист С.Жанғалиев кенеттен тайып құлап, ауыр жарақат алды. Бұл жолы жұмысшының өзі кінәлі деп танылды, — деді ол.
Соңында «Атырау облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Еділ Ұзақбай биылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша есеп берді. Аталған бірлестік құрамындағы 649 ұйымның 518-інде келісу комиссиялары құрылды. Оның 846 мүшесі еліміздің еңбек заңнамасының негіздеріне оқытылып, келіссөздер жүргізу мен еңбек дауларын шешу жолдарын меңгерген.
Амандық АБДОЛ