Назарбаев дамудың «қазақстандық жолын» салды
Atr.kz/20 наурыз, 2019 жыл. «Елбасы сын сағатта Қазақстан халқының бірлігін сақтап қалды» деп пікір білдірді Атырау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Айдарбек Айтбөкешов Atr.kz-ға берген сұхбатында.
«Елбасы сонау халқымыз үшін сын болған тоқырау заманда ел тізгінін қолға алып, дамудың қазақстандық жолын салуға белсене кірісіп, заманауи демократиялық мемлекет – Қазақстан Республикасын құру үшін бар жігері мен қайратын аямай еңбек етті.
Келешекте де еліміздің, халқымыздың қамын өз мүддем деп білетін Елбасы: «Әлем өзгеріп, жаңа буын келеді. Бұл – табиғи процесс. Олар өз заманының проблемаларын шешетін болады», — деп бүгінгі ұрпаққа зор сенім танытып отыр.
Осыдан 5 жыл бұрын Елбасының бастамасымен бой көтерген Атыраудағы Елбасы мектебінің педагогикалық ұжымы атынан жас зияткерлеріміз білімді, үш тілде сөйлейтін, еркін адамдардың қоғамын қалыптастыра отырып, тәуелсіз қазақстанымызды, бабалардан мұра болып қалған ортақ отанымызды, мәңгілік елімізді сақтау үшін бар күш-жігерін салатын әлем азаматтары болады деп мәлімдегім келеді» деп түйіндеді сөзін спикер.