Жарнама
Жаңалықтар

Наурыз наурызнамадан басталады

Тарихи тұрғыдан қазақ мәдениетінде Наурызды тойлау дәстүрі ешқашан бір күнмен шектелмеген. Наурызнама – кемінде 8 күнге созылатын Ұлы даланың халықтық мерекесі, мыңжылдықтардан бастау алатын халқымыздың мәдени мұрасы.

Өткен жылдан бастап 14-23 наурыз аралығында халықтық мерекені тойлауға арналған Наурызнама онкүндігі жарияланған болатын. Игі іс дәстүрге айналып, биыл да Наурызнама онкүндігі кезең-кезеңімен өтетін болады. Бұл туралы облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының баспасөз хатшысы Гүлнәз Кәрімжан баяндады. 

Сыйластыққа жетелеп, жақсылық атаулыға үндейтін Көрісу күні театрландырылған қойылым қойылып, эстрада жұлдыздарының қатысуымен өтетін мерекелік концертке ұласпақ. Бірегей мереке әртүрлі жастағы және әлеуметтік топтағы тұрғындарды ұлттық дәстүр төңірегіне біріктіріп, өзара түсіністік пен құрмет атмосферасын қалыптастырады. Бұл мерекенің мағынасы мен мәнін тереңдетуге мүмкіндік береді.

–  Наурызнама – жасанды жаңашылдық емес, керісінше, көпкүндік мерекелеу арқылы оның қыр-сырын ашып, дәстүрлі сипатын дамытуға бағытталған. Көрісу күніне орай 14 наурыз күні күндізгі сағат 11-де Исатай–Махамбет алаңында үлкен мерекелік іс-шара өтеді. Ол жерде театрландырылған көріністер мен музыкалық қойылымдар болады. Одан кейін 15 наурыз күні «Қайырымдылық күні», 16 наурыз «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүрлер» күні, 17 наурыз «Шаңырақ» күні мен 18 наурыз «Ұлттық киім» күні болады. Әрі қарай 19 наурыз «Жаңару», 20 наурыз «Ұлттық спорт», 21 наурыз «Ынтымақ» сияқты тақырыптық күндер қазақстандық мәдениет пен құндылықтардың маңызын айшықтайды. 22-23 наурыз күндері қазақтың ұлттық дәстүрін бейнелейтін театрландырылған  сахналық көріністер қойып, ынтымақ пен бірлік мұратын көздеген шаралар легі жарасым тауып, жалғаса түседі, — деді Гүлнәз Кәрімжан.

Ұлыстың ұлы күні Исатай–Махамбет алаңында күндізгі сағат 11-де театрландырылған, музыкалық қойылым өтеді. Қазіргі уақытта дайындық жұмыстары басталып кетті.

Наурыз тойында ұмыт қалып бара жатқан дәстүр мен салттың жаңғыратындығы баршаға аян. Төл мерекені тойлау барысында құда түсу, қыз ұзату, жар-жар, айтыс сынды  қазақтың ұлттық салт-дәстүрлері көрермендер назарына ұсынылып, көзайым болады. 

Он күн бойы ән де айтылады, би де биленеді. Ұйымдастырылатын шаралар Наурыз мейрамының ізгілік мәнін түсіндіру, жалпыадамзаттық құндылықтарды өркендету мен нығайтуға бағытталады.  

Рита ЖАЙҒАЛИҚЫЗЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button