Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Наурыз

316334_1491469123_430_330_0

Мәскеудегі Третьяков сурет галереясында И.Репиннің 1887 жылы салған екі суреті ерекше көз тартады. Екеуінің де арқауы – Л.Толстой. Бірі – жазушының шаруа киіміндегі портреті, екіншісі –«Сүдігерде» («На пашне») деп аталатын суреті. Мұнда екі боз аттың бірін соқаға жегіп, біріне тырма сүйреткен Толстойды көресіз. Артық әлеміш-күлеміш жоқ. Бояулары да әбеқоңыр. Осындай көктемгі қарбаласта атыз басында болып жататын шаруа өмірінің өзге детальдары да қамтылмаған. Айталық, егіншілердің қосы көрінбейді, қос басында бірі күйбеңдеп, бірі шешесінің етегіне оралып, ойнап жүретін ана мен бала да жоқ, соқа соңынан шұбап еретін ұзақ қарғалар да, тал басында тынымсыз сайрайтын наурызек торғай да, өзінен-өзі құтырынып, соқадағы аттардың құйрығын тістеп қашатын ала күшік те суретші назарынан тыс қалған секілді.

Мезгіл, шама да наурыз айы. Назар салсаңыз, расында осының бәрі де бар, көз алдыңыздан бірінен соң бірі шұбап өтіп жататын көктемгі көріністерді «көрсетпей-ақ» көктемді жырлауға болатынын сезіп, таң қаласыз. Тап қазір мына соқа сүйреткен дилы  боз оқыранып қоя берердей, оған ілесіп, қасындағы ат та қамыттың темір тоғаларын сылдырлатып, басын жерден көтеріп алады. Толстой болса атыздың арғы басынан қиқу салып өтіп жатқан жыл құстарына күн салып қарап қалатын сықылды, кенет бұлт арасынан жарқырап күн шығып, сәлден соң қайта батып, батқан күннің қара көлеңкесінде ақ орамалы желбіреп Софья Андреевна келе жатады.

Наурыз

Ояну. Ұлы қаламгердің күзде емес, қыста емес, тіпті жазда да емес, нақ осы айда, ояну, тірілу, жасару, жаңғыру айындағы бейнесі табиғатпен әдемі үйлесіп тұр. Руханиятта неше түрлі құдіретті дүниелер туғызған дарабоз жазушының дүниеге неше түрлі құдіретті дүниелер әкелетін жасампаз айдағы дән сеуіп жүрген бейнесі бұдан кейін сіздің ойыңыздан шықпайды.

Көктем неден басталады? Ескі ақындар «адамзат о баста тамшы судан пайда болды» дегенді көп айтады. Рас шығар. Сопылар да солай жырлап, «бір тамшы су – тіршіліктің басы» дейді. Егер көктемді жылдың басы, өмірдің бастау алар тұсы десек, ол да бір тамшыдан басталмай ма? Алты ай қыс сықасып қатып тұрған тоң әлі жіби қойған жоқ. Жібімек түгілі, түнемелік сақылдаған сары аяз күшіне мінеді. Ал, күн ұлы сәскеге ұрына қар басып жатқан шатырдан тырс етіп бір тамшы тамып кеткенін аңғармай да қалуыңыз мүмкін. Ал, аңғарсаңыз, көктем келді дей беріңіз. Сонда барып күннің көзі бұрынғыдан гөрі жадыраңқы екеніне, аспан кешегіден гөрі ашығырақ екеніне, көлеңке басын ұзартқан кезде бұрынғыдай қара қошқыл емес, сұйқылтым тарта бастағанына, кей күндері күні кешегі қою көлеңке көгілжімденіп тұрғанына назар аудара бастайсыз.

Қорадағы басын ақырдан алмайтын арық жабағы өз-өзінен оқыранатынды шығарады. Бірақ, әлі қыс. Сөйтіп, сіз де ылғи төмен қарай бермей бір сәт басыңызды көтеріп, кеңірек тыныс алғыңыз келетінін байқайсыз. Сөйтіп жүргенде, бағанағы айтқан қар басып жатқан шатырдан бір тамшы емес, екі, үш тамшы тамғанын көресіз. Қасат қарды темір таяқпен шұқып тескендей шұқыр із қалдырады. Күннің қызуы қарды ерітуге шамасы келмесе де бір тамшы ертіндісі мұз сауыт құрсанған қыстың көбесін сөгуге айналғанын сезесіз.

жыл 12

Осылай арқаны  кеңге бере бастаған бір күні аяқ астынан бұрқырап қар жауып кетеді. Бір қызығы, сіз бұған еш ренжімейсіз. Ертесіне-ақ еріп кететінін іштей сезіп, жайлы көңілмен жадырай қарайсыз. Шынында ақ көрпеге оранып жатқан далаға не болған? Жон-жонасқа айқұш-ұйқыш қара сызықтар түсіпті. Бейне  әлдебір олақ тігінші аппақ көйлекті қара жіппен қайыған секілді оғаш көрінеді. Ол олақ тігінші – наурыздың желі.

1856 жылы Құлжаға саяхат жасаған Шоқан былай деп жазады: «Бұл жақта, әдетте қар ноябрь айының аяқ шенінде түседі, қар қалың болмайды және әрқашан да февраль айында еріп кетеді. Іле өзені декабрьдің орта шенінде қатады да февральда жіпсіп, март айында мұз түгел еріп кетеді».

Осыдан жүздеген жыл бұрын өмір сүрген Шоқан төре де бас киімін шешіп, еріп жатқан қарға қарап тұрғанын көзіңізге елестетіңізші, бәлкім, жат өлкеде жүріп қазақ даласының көктемін сағынған болар, мүмкін ақын жанды жас ғалым шабыт буып, өлең жазғысы келген шығар, әйтеуір, ол алабөтен көктем туралы осындай жазба қалдырған. Енді бір сәт бұдан жүздеген жыл өткен соң да сол заманның осы өлкеде ерте көктемді қызықтап тұратын өз Шоқандары болатынын ойлайсың. Сол кезде де Шоқан заманындағыдай Іле бойында қыстап қалған мына сарышымшықтың дауысы күндегіден гөрі бөлек естіледі.

Сарышымшық демекші, көктемнің келуін бірінші болып хабарлайтын қандай құс? Әдетте, қырдың елі бозторғай мен тыраулап келетін тырналардың дауысын немесе ұзақтың қарқылын естиді, қалалықтар таңертеңнен шырылдайтын таңшымшық пен шұбаршымшықты, ал, кейбіреулер болса көк кептердің топтанып ұшқанына қарап «наурыз келді» деп жатады. Анығында, құс атаулының арасында көктем келгеніне бірінші болып қуанатын – кәдімгі құзғын қарға мен сауысқан. Басқа құстар ән салмақ түгілі, жылы жақтан әлі оралған жоқ. Қыстың соңғы айы шолақ байталдың құйрығындай шорт үзілді. Оны қайдан білеміз дейсіз ғой? Бір сәт күнделікті күйкі тірліктен арылып, аспанға қараңыз. Күн әлі суық. Қыс тақтан түскенімен, аттан түскен жоқ. Осы бір алмағайып кезде көкзеңгір аспанға оқша атылып құзғын мен сауысқан шығады. Ол екеуінің ерекше көзге түсетіні – басқа құстар төменде жүреді. Шығады да қайтадан төмен қарай құлдырайды. Жұп-жұп. Келіп-келіп қайқаң етіп қайыра көтеріледі. Бір сәт қанат қағысып, қатар ұшады, сәлден кейін екеуі екі жаққа самғап ала жөнеледі де,  сона-а-ау алыс көкжиекке барып, көз жетпес зеңгірге тіке атылады. Әрі-бері ойқастап, көк аспан деген «көркем дәптерге» әлдене деп жазу жазып жүрген секілді әсер қалдырады. Құзғынның еркегі шалқалай ұшады, шалқалай ұшып келе жатып аяғын созып келіп жібереді, осы сәт «ғашығы» да аяғын созып, тырнақ пен тырнақ тістесе қалады. Вальс билеген қыз бен жігіттің саусақтары  қамаса қалатыны секілді. «Әйгөлек» ойнағандай шырқ айналып, биіктей береді. Бәлкім, заманауи парашют өнерінің түрлі би қимылдары әу баста осы құзғындардың көктемгі күйтойнағынан алынған болар.

Наурыз-2

Байтақ Қазақстанның қияндағы бір ауылындағы (Сырда, Ертісте, Жайықта, Іле бойында) қиялы ұшқыр ақын бала сауысқанның бұл жазуын өзінше оқып, өлең жазғысы келеді. Әр жыл сайын жер бетіне көктем тұңғыш рет келеді. Әр жыл сайын көктем жер бетіне өлең болып келеді. Ол бала арада жиырма, отыз, қырық жыл өткен соң сол бір көктемді, сол бір қайталанбас көктемді  есіне алып, оңашада үнсіз жылап алатынын әлі білмейді. Осы көктем мәңгі тарқамайтын мейрамы екенінен де хабарсыз. Ол қазір көктемнің қалай, қашан келгенін білмей қалатын жаста, алда әрбір көктемді армандай күтетін, жетсем-ау деп асыға күтетін, жете алмай кететіндей қорқа күтетін өмір барын да ол әлі білмейді. Биылғы наурыздың былтырғы наурызға ұқсамайтынын да білмейді. Оның бүкіл өмірі әлі алда. Ертең қалаға келеді. Ақын, жазушы ағаларымен танысады. Сыйлайды, табынады, айниды, безеді, қайта оралады. Қайта сүйеді.

Көктем-ай, көктем.  Терезеден сыртқа қарап тұрып, келген құстардың даусын алғаш естігенде өз-өзінен көңілі босайтын «Қарттық» деген ауыл алыс. Алыс, бірақ, алыс та болса жақын. Наурыз – достар айы. Көктем сайын әуелі өмірден өтіп кеткен ата-анасын, келе-келе ағайын-туыстарын есіне алып, өткен күндеріне есеп бере бастау дегеннің не екені де оған түсініксіз. Сатып кеткен достар, айырылысқан жолдар, айтылмай қалған сөздер, жанын жегідей жейтін дерт, аса алмаған асулар – бәрі-бәрі әр көктем сайын қайта тіріледі. Көктемнің жанға жайлы бір түндерінде қаланың тыныш көшелерін жалғыз аралап келе жатқан  мұңдылау жігіт ағасын көрсе, ол қазір бұрылып та қарамайды. Ағасының  көп шайлыққан жүрегінде осы түндерде дария тасып, сең көшіп, алағай да бұлағай болып жатыр деп те ойламайды. Оның жақында ғана өткен мерейтойынан кейін іштей мүжіліп, тіпті қатты қартайып кеткенін де білмейді. Неге керек еді сол той? Бір шал көшеде кетіп барады. Кете берсін. Болды. Осымен әңгіме тәмам.

Құстар… Иә, олар шынымен-ақ жұптасуға, жұмыртқа басуға дайындалып жүр. Бұл – олардың ең бақытты шақтары. Өкінішке орай, екеуінің де адамдар үшін абырой-беделі шамалы. Сондықтан, байғұстардың қуанышына біз көбінесе қуанбаймыз, хабарына құлақ түрмейміз, биіне көздің қиығын да салмаймыз, қимыл-қарекеттерін қызықтаудың орнына күдікпен қараймыз, қылықтарына сүйсінбейміз, сүйінші сұрағанын сүйкімсіздікке балаймыз. Кейін өзге құстар келгенде жұрттың олардың алдынан қуана шығып, ұя дайындап, жем-су беріп, көктемнің тұңғыш хабаршыларын қарсы алғандай шапқылап жүргенін көріп бұл екеуі тұрады бір шетте түкке түсінбей. Жыл құстары болса бұлардың «жеңісін ұрлап алғанымен» тұрмай, «салулы төсек, салқын үйде» төркіндеп келген қыздай еркін көсіледі. Әсте, қай кезде де тұңғыштардың жолы ауыр деген сөз рас па екен?

Аң біткеннің арасында көктемнің келгенін алғаш сезетін қояндар секілді. Сауысқан мен құзғынның аспандағы күйтойнағы басылар-басылмастан жерде қояндар «құтырады». Айлы түндерде топтасып алып қаудыр құлақтар бірінің үстінен бірі секіреді. Әріректе бұтаның түбінде қайсысы биігірек секірер екен деп, әрқайсысы өзіне «жігіт таңдап» ұрғашы қояндар отырады. Бұл-дағы өзінше бір өмір. Айталық, қыркүйектегі бұландардың, қазан, қарашадағы бұғылардың, ақпандағы қасқырлардың ұйыққаны секілді мұнда да күштілігін  көрсетіп, әлсіз байғұс шетке шығып қалады. Жеу, жеңілу, ұнау, ұнату, жақындасу, жандасу, жек көру, жиіркену, қайта табысу, тіршілік.

Бұрынғы аңшылар «қоянның еті бірде адал, бірде арам, бірде мәкрух, бірде дүдәмал» деп төрт түрлі баға береді екен. Наурызда ешкім қоянды атпайды. Шамасы «еті арам кезі» осы кез болса керек. Олай дейтініміз наурыздың соңын ала олар көжектей  бастайды.

Қарасу есік алды бойлағаным,

Жалғанның қызығына тоймағаным,

Кетер ме, көңілімнен көмілсем де,

Қалқамен Ұлыс күні ойлағаным, — дейтін Ұлыстың Ұлы күні де осы айда. Соңғы жылдары оны ресми мерекеге айналдырдық.

Есенғали РАУШАНОВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button