Н.Жантөрин атындағы филармонияда «Тіл шебері» облыстық байқауы өтті
Н.Жантөрин атындағы филармонияда өткен «Тіл шебері» облыстық байқауында үш тілді жетік меңгерген мемлекеттік қызметшілер бақ сынады. Шараны ашқан облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Баязи Әбдешев сайыстың қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде еркін сөйлей алатын жастарға қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылғанын атап өтті.
Бәйгеге түскен үміткерлер үш кезең бойынша бақтарын сынады. Алдымен, «Мәдениеттаным» бөлімінде оларға қазақ халқының салт-дәстүрі, тілі мен діліне қатысты қойылған сұрақтарға мемлекеттік тілде жауап беру қажет болды. Мәселен, жылыойлық Әсел Айтмұхановаға киелі 7 санына байланысты ұғымдарды атау, жастар саясаты мәселелері басқармасының бас маманы Асхад Апуовқа қазақтың беташар салты, ал, Исатай аудандық экономика және қаржы бөлімінің қызметкері Рауан Бисенге аударыспақ ойыны туралы айтып беру тапсырылды. Сонымен қатар, тілеу көже, көрімдік сұрау, көкпардың түрлері секілді сұрақтар да қойылды.
Ал, екінші «Ұлттаным» кезеңінде дода дарабоздары тарих, ұлы тұлғалар және еліміздің аймақтары туралы қойылған сауалдарға орыс және ағылшын тілдерінде жауап беріп, өздерінің білім деңгейлерімен қатар полиглоттық қасиеттерін де таныту қажет болды. Дегенмен, «әттеген-айы» сол, бұл бөлімде ғалым, публицист, әдебиет зерттеушісі, саяхатшы-географ Шоқан Уәлиханов, Аристотельден кейінгі екінші ұстаз атанған ұлы ғұлама Әбу Насыр әл-Фараби туралы, Абылай ханның қазақ хандығы тарихындағы рөлін айта алмай, мүдіргендер кездесті.
Байқаудың «Өнертаным» бөлімінде үміткерлер жаңылтпаштарды өздеріне тапсырылған тілде үш реттен қайталады.
Бәйге болған соң бірі жеңіс тұғырынан көрінсе, енді бірі жеңіліс табады. Бұл байқауда да бабы мен бағы келіскен, мемлекеттік сатып алу басқармасының бөлім басшысы Алтынай Бекова бас жүлдені жеңіп алды. Ал, Индер ауданы әкімі аппаратының мемлекеттік құқық және төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Салтанат Муксимова – бірінші, Құрманғазы ауданы, Ганюшкин ауылдық округінің маманы Айнұр Қайрекенова мен Махамбет ауданы әкімі аппаратының бас маманы Бота Сапиевалар екінші орынды иеленді. Үшінші байрақты «Мақат аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі» мемлекеттік мекемесінің қызметкері Данагүл Жолдасова мен облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының бас маманы Асхад Апуов өзара бөлісті.
Шараны қорытындылаған аталған басқарма басшысы Баязи Мәдешұлы сайыс қатысушыларының дайындығының аз болғандығын, әлі де жетілдіретін тұстардың барын айтты. Сайыс жеңімпазы республикалық «Тіл шебері» байқауында Атырау облысының намысын қорғайтын болады.
Рита ӨТЕУҒАЛИ