Нұрсәуле САЙЛАУОВА: Бәсекеге қабілеттілік кілті – білімде
Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауы, «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» тақырыбындағы бағдарламалық мақаласы еліміздің білім беру жүйесі алдындағы міндеттер мен ұстаздарға жүктелетін жауапкерші-лікті одан әрі еселей түсті.
Осы тұрғыда қабылданған «Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» білім берудің және ғылымның бәсекеге қабілеттілігін арттыру, адами капиталды дамыту мақсатын көздейді. Бұл ретте облысымызда атқарылып жатқан шаруа аз емес, шешімін күткен проблемалар да баршылық.
Бақшаға баратын бала көп
Қазіргі таңда облыста 317 мектепке дейінгі білім беру ұйымы жұмыс жасайды. Оның 172-сі балабақша (138 – мемлекеттік, 34 – жекеменшік), 145 мектепке дейінгі шағын орталық (132 – мемлекеттік, 13 — жекеменшік). Өткен жылмен салыстырғанда мектепке дейінгі мекемелер саны биыл 14 бірлікке өсті.
Жаңа оқу жылына төрт балабақша құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі. Атап айтқанда, Қызылқоға ауданының Тасшағыл селосынан 100, Жылыой ауданының Қосшағыл ауылынан 160 және Атырау қаласы аумағындағы Геолог-2 мөлтекауданынан 165, сондай-ақ, Бірлік селосынан 280 орындық балабақша балдырғандарға есігін ашпақ.
Облыста 1-6 жас аралығындағы балалардың саны 56 443 болса, олардың балабақшамен қамтылу көрсеткіші 58,7%-ға (2015 ж. – 54,5%, 2016 ж. – 56,9%) тұрақтады. Сол сияқты, 3-6 жас аралығындағы бала – 42441, қамтылуы–86,6% (2015 ж. – 82,6%, 2016 ж. – 85,1%). Ал, мектепалды дайындықпен қамтылған балаларды қоса есептегендегі меже 93,1%-ға жетті. Қызылқоға ауданында бұл тапсырма толықтай орындалса, ең төменгі деңгей Индер ауданында тіркеліп отыр.
Бүгінгі күні облыстағы мектепке дейінгі тәрбие беру ұйымдарының 47-сі, яғни, 15%-ы ғана жекеменшік нысанында. Соған сәйкес, олардағы бала саны 2460 бірлікпен шектеліп, балабақшаға баратын балалардың 7,4%-ын құрап отыр. Облыс бойынша 13 жекеменшік балабақша мен екі шағын орталыққа кезекте тұрған балаларды орналастыру үшін мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде 836 жолдама берілді. Дегенмен, мұның өзі де қажеттілікті қанағаттандырып отыр деп айта алмаймыз.
Бір жылда – бес мектеп
Жаңа оқу жылында 194 мемлекеттік, 3 жекеменшік жалпы білім беретін мектеп оқушыларды қабылдамақшы. Өткен оқу жылымен салыс-тырғанда, мектептер желісі 2 бірлікке артты. Олардың 13-і – бастауыш, 10-ы – негізгі және 171-і орта мектеп.
Облыста соңғы жылдары 14 мектептің құрылысы қолға алынса, соның бесеуі жаңа оқу жылына пайдалануға берілгелі отыр. Бұлардың қатарында 120 орындық М.Отаралиев атындағы орта мектепті, Нұрсая ықшамауданындағы 624 орынға шақталған техникалық гимназия мен сонша оқушыны қабылдау мүмкін-дігі бар жаңа орта мектепті (Атырау қаласы), сонымен бірге, Индер ауданының Аққала және Ынтымақ ауылдарынан бой көтерген 120 орындық екі мектепті атауға болады.
Жыл соңына дейін тағы да төрт мектептің құрылысы аяқталып, іске қосылады. Олар – 250 орындық Береке негізгі мектебі (Махамбет ауданы), 80 орындық Лабай орта мектебі (Құрманғазы ауданы), 100 орындық М.Мөңкеұлы атындағы орта мектеп (Индер ауданы) және 80 орындық Қызылүй негізгі мектебі (Исатай ауданы). Бұдан бөлек, 12 білім беру нысанына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға жергілікті бюджеттен 1,8 млрд. теңге көлемінде қаражат бөлініп, интерактивті тақтамен, информатика, мультимедиа кабинеттерімен, компьютерлермен қамтамасыз етілді.
«Үздік мектепке дейінгі ұйым» республикалық бай-қауында Атырау қаласындағы №6 «Гүлдер» бөбекжай-бақшасының ұжымы бас жүлдені иеленсе, жыл сайын ұйымдастырылатын республикалық «Үздік педагог» конкурсында облысымыздың үш бірдей мұғалімі – Күләш Мұңайтпасова, Атырау қаласындағы С.Мұқанов атындағы №10 орта мектептің мұғалімі, Гүлсара Нұрғалиева – «Білім-инновация» лицейінің мұғалімі және Нұрлы Нұржан – С.Мұқашев атындағы Атырау политехникалық колледжінің оқытушысы жеңімпаз атанып, «2016 жылдың үздік педагогы» атағына және білім министрінің айлық есептік көрсеткіштің 1000 еселенген мөлшеріндегі сыйақысына ие болды.
Оқушылардың ғылыми-шығармашылық мүмкіндік-терін қалыптастыру, ғылым-ға қызығушылықтарын дамыту мақсатындағы жыл сайын атқарылған жұмыстар нәтижесінде жаңа сер-пілістер байқалды. Оған дәлел, тек биылдың өзінде облысымыздың дарынды 69 оқушысы Қазақстан, Ресей, Түркия мемлекеттерінде өткен республикалық, халықаралық олимпиадаларға, ғылыми жарыстарға қатысып, 11 оқушы халықаралық олимпиадалар мен байқаулардың, 17 оқушы республикалық олимпиаданың және 27 оқушы республикалық ғылыми жобалар конкурсының жүлдегері атанды.
Тестілеуден әлі де төмендеуміз
Өткен оқу жылы Ұлттық бірыңғай тестілеудің жаңа форматының енгізілуімен мемлекеттік мектеп бітіру емтиханы (қорытынды аттестаттау) және жоғары оқу орнына түсу емтиханы (ҰБТ) болып екі кезеңге бөлінді. Кезең-кезеңімен өтетін осы маңызды шараның алғашқысы – мектеп бітіру емтиханының нәтижесі бойынша «Алтын белгіге» үміткер 100 оқушының 97-сі (алдыңғы оқу жылында 102-нің 38-і), «Ерекше аттестатқа» үміткер 81 (алдыңғы оқу жылында 6) оқушы өз білім деңгейін дәлелдеді.
Жалпы, облыстағы 4515 мектеп бітірушінің 72%-ы (3252) ҰБТ-ға қатынасып, көрсеткіші өткен оқу жылымен салыстырғанда 5%-ға көтерілді. Орташа ұпай 72-ні құрап, 2 бірлікке көбейді. Тестілеу қорытындысы Мақат (55,1%), Құрманғазы (60,7%), Индер (64,2%) аудандарында төмен болғандығын көрсетті. Мұның өзі, сынақ барысында міндетті пәндерден оқушының тек базалық білім деңгейі сарапқа салынатынына қарамастан, оның математика пәнінен сауаттылығы мен Қазақстан тарихы пәнінен білім деңгейін көтеру жөнінде әдістемелік жұмыстарды әлі де болса жетілдіре түсу қажеттігі аңғарылады.
Жаңартылған мазмұн – жаңаша міндет
Биыл «100 нақты қадам: Баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» Ұлт жоспарын және Қазақстан Республикасында білім мен ғылымды дамытудың 2016-2019 жыл-дарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында жаңа білім беру мазмұнына кезең-кезеңімен көшу жұмыстары жалғасын табады. Жаңа оқу жылында 2, 5, 7-сыныптар жаңа бағдарлама бойынша білім алуға көшеді. Осы мақсатта 2244 педагог жаңартылған білім мазмұны бағытымен білікті-ліктерін арттырса, жаңа бағдарламаға сәйкес оқу құралдары мен оқу-әдістемелік жинақтарын сатып алу үшін 2,3 млрд. теңге қаржы бөлініп, мектептерге жеткізілуде.
Жаңартылған білім мазмұнын апробациялау жөнінен республика бойынша қанатқақты жобаға кіргізілген 30 мектептің қатарына енген Атырау қаласындағы №17 мектеп-лицей мен Исатай ауданындағы Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектепте осы бағыттағы жұмыстар жүргізіледі. Сонымен қатар, еліміздің білім беру жүйесіндегі түбегейлі өзгерістерге байланысты болашақта «Әліппе» оқулығын мектеп-алды дайындық сыныптарында оқыту жоспарлануда. Осыған орай, облыстағы 12 білім беру ұйымында осы оқулықты апробациядан өткізу көзделген. Жекелеген пәндерді үш тілде оқытуға көшіру үшін облыстағы 23 мектептің 37 сыныбында информатика, физика, химия, биология пәндерін ағылшын тілінде оқытудың қанатқақты жобасы енгізіледі. «Білім және тәрбие» бағытымен облыста 64 жоба жаңадан жүзеге асырылады. Жоба аясында 5-7 сыныптарда «Өлкетану» курсы жекелеген пәндермен оқытылады.
Бос уақыты тиімді өтеді
Білім беру жүйесінің маңызды бағыттарының бірі – оқушыларды сабақтан тыс уақытта қосымша білім берумен қамтамасыз ету. Бүгінгі таңда бұл көрсеткіш 8,6%-дан 19,8%-ге көтерілді. Желі саны 32-ден 40-қа өсті. Ең жоғары деңгей Индер ауданында (38,8%), төменгісі Жылыой (11,2%) және Мақатта (12,3%) байқалуда. Сол сияқты, жаз-ғы тынығумен оқушылардың 94%-ы қамтылды. Өңірдегі өндірістік компаниялардың демеушілігімен 141 мектепте (2016 ж. – 136) ыстық тамақпен қамтитын және шипажай үлгісіндегі лагерьлер ұйым-дастырылып, онда 7-14 жас аралығындағы 10 380 бала (9,7%) демалды.
Жоғары сынып оқушыларының бос уақытын тиімді өткізу бағытында мектептер жанынан 17 006 оқушыны қамтыған 179, 15 435 жасөс-пірім тартылған 168 бейіндік, 2 814 жасөспірімнің қатыстырылуымен 92 дебаттық, 4 795 жасөспірімді тарту арқылы 132 тілдік лагерь (қамту – 37,4%) ашылып, жұмыс жасады. Бұған қоса, алты аудандағы 14 мектептің жанынан «Жас шабақ құтқарушылар» топтары ұйымдастырылғанын айтқанымыз да артық емес. Ел ордасы – Астана қаласында өтіп жатқан «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне об-лыстан 11 500 оқушы, 1 500 студент қатыстырылуда.
Кәсіптік білім – өмір талабы
Елбасының тапсырмасымен «Баршаға арналған тегін кәсіптік техникалық білім беру жобасы» жүзеге асырылу үстінде. Осылайша, қазіргі уақытта облыстағы 25 кәсіптік-техникалық білім беру мекемесінің 15-інде дуалды оқыту жүйесі енгізіліп, 84 кәсіпорынмен 99 келісім-шарт жасалған. Жаңа оқу жылында республикалық бюджет есебінен 250, жергілікті бюджет қаржысына 3997 адам кәсіби даярлық курс-тарында оқытылады. Жалпы алғанда, 12 оқу орнында 4247 адам тегін жұмысшы мамандықтарын меңгеріп шығады.
Өз кезегінде, бұл ұйымдардың материалдық-техникалық базасының нығайтылуына да назар аударылып, қазіргі кезде Д.Нұрпейісова атындағы «Халықтық музыка академиясы» музыка колледжі жатақханасының құрылысы салынып жатса, бұдан басқа бес колледжде осындай нысанды тұрғызуға жобалау-сметалық құжаттар дайындалып қойылды.
Рухани жаңғыру – болашаққа бағдар
Жаңа оқу жылында барлық орта білім беру ұйымдарында жоспарланған «Мәңгілік ел» патриоттық бастамасы шеңберінде бірыңғай «Мен – өз елімнің патриотымын» және Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын насихаттау, жас ұрпақ бойына рухани адамгершілік құндылықтарды сіңіру мақсатындағы сабақ өткізіледі.
Бұл сабақтардың мазмұнында барлық қазақстандықтардың өткен тарихының ортақтығын ұғынуға, олардың тұрақты, мықты және табысты мемлекет құруына үлес қосуына, азаматтық үйлесім-ділікті, ұлтаралық татулықты қалыптастыруына ерекше көңіл бөлінеді. Осы сабақ арқылы әрбір оқушының өз Отанының болашағы үшін жауапкершілігі мен парызын ұғынуының маңыздылығына деген жауапкершілігі артады. Ұстаздар қауымының осы ізгі мақсаттарға жету жолында бар күш-жігерін салып, ортақ іске жұмыла кірісетіндіктеріне кәміл сенімдімін.