Жарнама
Жаңалықтар

«НҰРЛЫ ЖОЛ»: БОЛАШАҚТЫҢ БЕРІК БАЙЛАМЫ

 

Облыстық активті аймақ басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов жүргізіп отырды. Сондай-ақ, актив отырысына Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің мүшесі Нұрлан Әбдіров, облыс әкімінің орынбасарлары, қала-аудандар әкімдері, облыстық, қалалық мәслихаттар депутаттары, облыстық басқармалар мен департаменттер басшылары және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты.

— Әлемде жаһандық сынақтардың кейбір қарама-қайшылықтары туындауына байланысты көптеген қиыншылықтардың шеті байқалуда. Оны өздеріңіз де көріп отырсыздар. Геосаяси дағдарыстың әсері көптеген елдерге, соның ішінде, біздің көршіміз, экономикалық бағыттағы серіктесіміз Ресейге де салқындығын тигізіп отыр. Мемлекетіміздің негізгі экспорттық өнімі – мұнай бағасының 80 доллардың төңірегіне дейін төмендеуі, әрине, экономикамыздың әлсіреуіне септігін тигізуі әбден мүмкін. Негізгі сыртқы экономикалық серіктесіміз Ресейдің рублі жыл басынан бері 40 пайызға девальвацияға ұшырап, құнын жоғалтуда. Рубль құнының әлі де төмендеуі болжанып отыр. Осыған байланысты бұл қазақстандық тауар өндірушілердің жағдайына, экономикамызға әсер етпеуі мүмкін емес. Осындай қиыншылықтардың бәрін ескеріп, Елбасы жаңа жылдың алдында, ертерек халық алдына шығып, нақты тапсырмалар жүктеп отыр. Үкімет, аймақтардағы атқарушы органдар алдында атқаратын істерді жүйелі түрде жоспарлап, жүзеге асыру міндеті тұр, — деді облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов.

Жол – экономиканың күретамыры

Аймақ басшысы өз сөзінде Елбасы атап көрсеткен әлемдік дағдарыста әсер ететін жеті бағытқа тоқталып, облыста жүзеге асырылатын жұмыстарды атап көрсетті.  

Ел экономикасының дамуы көлік қатынасының өркендеуімен тығыз байланысты. Осы орайда, жеті бағыттың алғашқысы көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту бағытына Ақтөбе-Атырау-Астрахан автожолының  енуі атыраулықтар үшін басты жаңалық болды. Жол құрылысы жұмыс орындарын ашумен қоса, құрылыс индустриясын дамытуға мүмкіндік береді. Былтырдан бері облыста Индустрияландыру картасы аясында алғашқы тұрғын үй комбинаты жұмыс жасап, жыл бойы құрылыс материалдарын беріп отыруы – соның бір айғағындай. Тұрғын үй құрылыстарына, Салтанатты сарайға сол комбинаттан алғашқы кезеңде шыққан материалдар пайдаланылғаны белгілі. Өлкеде үлкен маңызға ие жобалардың бірі саналатын аталмыш комбинатта таяуда екінші кезең аяқталғалы отыр. Республикалық жолдар аймақта осындай мекемелердің ашылуына сеп болатыны сөзсіз. Яғни, жаңа жұмыс орындары да ашылмақ.

Жолдаудың екінші бағыты – индустриялық инфрақұрылымдарды дамыту болып табылады. Облыс әкімінің айтуынша, бұл бағыттан да Атырау халқы үлессіз қалмаған.

— Атырауда ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркінің арнайы экономикалық аймағы 2007 жылы құрылған болатын, — деді облыс әкімі Б.Ізмұхамбетов. — Үш жарым мың гектарға жуық экономикалық аймақта 31 кәсіпорын тіркелді. Алайда, қазіргі таңда оның ешбірі де жұмыс жасап жатқан жоқ. Елбасы осындай арнайы экономикалық аймақ инфрақұрылымдарын дамыту үшін 81 миллиард теңге бөлінетіндігін айтты.  Оның ішінде, біздің химиялық кешеніміз де бар. Осыған орай, қолға алынған жұмыстарды жандандыру қажет. Сонымен қатар, Елбасы облыстардан индустриялық аймақтар құруды тапсырды. Осыған орай, біз 210 гектар жерге аталған аймақ құру жұмысын бастап кеттік. Қазір техникалық-экономикалық негіздемесі жасақталу үстінде. 

Азғырға газ тартылады

Үшінші бағыт – энергетикалық инфрақұрылымды дамыту бойынша Атырауда да көңіл бөлетін мәселелер бар. Азғыр өңірінің 12, Исатай ауданының «Қызылүй» және Қызылқоға ауданының 6 елді мекендерін көгілдір отынмен қамту облыстағы басты мәселе ретінде қаралып отыр. Облыс басшысының мәлімдеуінше, бұл елді мекендер Қазақстанның газбен қамту бас жоспарына енгізілді. Сондай-ақ, Азғыр өңірін электр қуатымен қамтамасыз ету жөнінде де мәселе кезекте тұр. Яғни, Жолдау әр ауылға, әр үйге жетпек.

— Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен су және жылумен қамтамасыз ету желілері инфрақұрылымдарын жаңғыртуға Президент 100 миллиард теңге қаражат бөлуді қажет деп санады. Облыс бойынша 1486 көп пәтерлі тұрғын үй бар болса, оның 464-і немесе 31,2 пайызы жөндеуді қажет етеді. Бүгінгі күні мемлекеттік бағдарлама аясында Атырау қаласында 2011-2012 жылдары аралығында — 45, 2014 жылы 22 тұрғын үй жөнделді. Бұл, әрине, өте аз. Мұндай жұмыстарды әлі де жалғастыру жоспарда бар. Келер жылы 13 тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары жасалмақшы. Айта кететін басты мәселе – Атырау қаласындағы Балықшы кенті мен Нұрсая мөлтек ауданындағы тұрғын үйлер жылу орталықтарына  қосылмақ.

Жолдаудың бесінші бағыты тұрғын үй инфрақұрылымын нығайту бүгінгі таңдағы өзекті мәселенің бірі саналады. Жылдан-жылға тұрғын үйге сұраныстар да көбеюде. Бізде мыңдаған адамдар кезекте тұр. «Жас отау» бағдарламасы шеңберінде жыл соңында іске қосылуы тиіс 90 пәтерлік үйге 1420 жас отбасы сұраныс білдірген. Яғни, 1 үйге 16 жас отбасы қажеттілік танытуда. Оның ішінде, 750 отбасының табысы «Тұрғын үй жинақ банкінің» қойып отырған талабына сай келмейді. Осы орайда, Елбасының Жолдаудағы ұсыныстарына сәйкес келер жылы табысы талапқа сай келмейтін отбасылар үшін 120 орындық жатақхана және 120 пәтерлік тұрғын үй салуды ұсынғалы отырмыз, — деп облыс басшысы жастарды марқайтып тастады.

Жолдау барысында апатты мектептер мен үш ауысымдық мектептер мәселесін жою сөз болғаны белгілі. Бұл бағытта да облыста ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Өңірде үш ауысымдық мектеп жоқ. Ал, апаттық жағдайдағы 11 мектептің бесеуінің мәселесі шешілді. Екі мектеп құрылысы жуырда аяқталады. Ал, қалған алтауының құрылысы келесі жылы басталмақ.

Облыс әкімі өз сөзінде соңғы жылдары үлкен қарқынмен дамып келе жатқан Нұрсая мөлтек ауданында мектептің болмауы қиындық туғызып отырғанын да жасырмады. Сондықтан, келесі жылы осы аумақта 620 орындық мектеп құрылысы басталатынын да хабарлады.           

Асқақ мұраттар астасқан жолдау

Облыс әкімінің баяндамасынан соң сөз алған ардагер журналист Любовь Монастырская Елбасы Жолдауынан үлкен әсер алғанын айтып, елге нақты тапсырмалар жүктелгенін жеткізді. «Мемлекет басшысы Астана қаласының болашағын айқындаған кезде оның жүзінен ерекше сезім мен көңіл-күй аңғарылып тұрғаны есімде. Қазіргі Астана әсем де сұлу келбетімен ерекшеленуде. Ал, осы жолы Елбасы еліміздің орталығы Астананы Қазақстанның аймақтарымен күн сәулесіндей, жүректен тараған қан тамырларындай байланыстыратын жолдармен қамтамасыз ету керек екендігіне баса назар аударды. Оның сөзінен ерекше жылылық байқадық. Өйткені, мұндай сезіммен жеткізген сөздерді тек елін, жерін сүйетін азамат қана айта алады, — деп, ыстық ықыласын жасыра алмады.

 — Жаңа экономикалық саясаттың авторы Нұрсұлтан Әбішұлы осы Жолдауымен өзінің кемеңгерлігін бүкіл әлемге тағы да паш етті. Естеріңізде болар, кезінде «шикізат экспортынан түскен табыстарды халыққа бөліп, әр қазақстандықтың атына есепшот ашып, бөліп беру керек» деген бөспе сөздер көп болды. Сонымен қатар, «Ұлттық қор деген ертеңгі күні қолды болып кетеді, оның пайдасын халық емес, жалаңаяқтар көреді» деген теріс пікірлер көп айтылды. Енді, міне, бұл қордың керек болған мезгілі жетіп, тікелей халық пайдасына, ел экономикасын тұрақтандыруға жаратылғалы отыр. Мұның өзі Елбасының көрегендік саясатының арқасында жүзеге асып отыр. Аса өткір мәселелерді шешу үшін Ұлттық қордан 500 миллиард теңге бес мақсатқа бөлініп отырса, оның екі мақсатында Атырау өңірінің үлесі бар екендігін естіп, қатты қуандым, — деді еңбек ардагері, Атырау облысының Құрметті азаматы Әнес Бисенов.

Мемлекет басшысы жаңа экономикалық саясатында шағын және орта бизнес өкілдеріне қолдау білдіруді де ұмыт қалдырған жоқ. Осы мақсатта 100 миллиард теңге қаржы бөлініп, он жылға алты пайызбен несие берілген болатын. Кәсіпкерлер үшін бұл – бұрын-соңды болмаған мемлекеттік қолдау.

 — Ерекше қуантарлығы сол, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев экономиканың негізгі қозғаушы күші деп білетін кәсіпкерлікті дамытуға қай уақытта болмасын қолдауын аямайды. Мұндай зор сенім бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Кәсіпкерлер үшін маңызды жаңалық – салаға қосымша 100 миллиард теңге бөлу туралы тапсырмасы. Бұл қаржы шағын және орта бизнесті, сондай-ақ, ірі кәсіпкерлік нысандарын жеңілдік шарттарымен несиелеуге жұмсалмақ. Азық-түлік және химиялық өндіріс пен машина жасау, сондай-ақ, қызмет көрсету салаларындағы жаңа жобалардың көбеюіне жағдай жасайды, — деді Атырау  облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Асылбек Жәкиев.

Актив отырысы барысында облыс басшысы Бақтықожа Салахатдинұлы аймақ халқын Елбасы Жолдауына қолдау көрсетуіне, насихаттауға, еліміздің даму жолында күш біріктіруге шақырды.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button