«НҰРЛЫ ЖОЛ»: БЕРЕКЕЛІ ІСТЕР БАҒДАРЫ
ҚОЛЖЕТІМДІ БАСПАНА – АУЫЛДАРДА
Жасыратыны жоқ, бұған дейін тұрғын үй құрылысы тек облыс орталығында ғана жүргізіліп, аудандар назардан тыс қалған-ды. Ал, шындығында, бұларда да қордаланған проблема жеткілікті болатын. Ауыл жастарының, соның ішінде әлеуметтік сала мамандарының өкшесін тік көтеріп, қалаға көшуінің белең алуы да сондықтан. Сайып келгенде, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша елге келген жас мамандар пәтер жалдап, әбден мазасы кеткен-ді.
Міне, алқалы бір басқосуда облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов осы мәселені көтеріп еді. Қазір соның алғашқы нәтижесі көріне де бастады. Кейбір аудандарда алғашқы тұрғын үйлер пайдалануға беріліп те үлгерілді. Ал, бұл проблеманың қиырдағы Қызылқоға ауданы үшін асқынып-ақ тұрғаны да рас.
Сонымен, өткен жылғы қазанда Миялыдағы Есенгелді Нұршаев атындағы ауылда үлкен құрылыс басталды. Осындағы Қазбек би көшесі бойында әрқайсысы үш бөлмелі бір қабатты он үйдің іргетасы қаланды. Аймақ басшысы ауданға сапарын солардағы жұмыс барысымен танысудан бастады.
Ал, осы баспаналар кімге беріледі? Әрине, көпшілікті осы сауал да толғандырады. Ол, алдымен, бірнеше жылдан бері баспана зардабын тартып жүрген бюджеттік сала қызметкерлеріне тиесілі. Мұғалімдер мен дәрігерлер әлеуметтік қолдауды қажет етеді. «Дипломмен–ауылға» бағдарламасы бойынша елге келіп еңбек етемін деушілерге де бұйырады. Қол ұстасып келер жас отбасыларына таптырмас сый болғалы тұр.
Облыс әкімі құрылыс барысымен танысу кезінде құрылысшылардың қандай материал пайдаланып жатқандығын сұрады. Өйткені, қазір Атырауда да жергілікті материалдар шығарыла бастады. Ендеше, оны алыстан тасымалдап, қосымша шығынға қалудың қандай қажеттігі бар?
Жалпы, қазір малды өңірде қалыптасып отырған тағы бір проблема – ауданның бас жоспарының жоқтығы. Өткен ғасырдың жетпісінші-сексенінші жылдары жасалған сызбалардың әлдеқашан заман талабына сай еместігі анық. Демек, бүгінгі сұранысқа сәйкес жаңа құжат қажет. Сондықтан, 36,8 млн. теңге бөлініп, бас жоспар дайындалды. Алдымыздағы 20-30 жылға есептелген ол қазіргі сұранысты қанағаттандырады.
КӘСІПКЕРЛЕРГЕ – МОЛ МҮМКІНДІК
Миялыда тұңғыш рет ет павильоны тұрғызылуда. Турасын айтқанда, мұндай ғимарат әуелден сұранып-ақ тұрған-ды. Төрт түлікті түгел өргізген, кеңестік кездің өзінде малды өңір атан-ған ауданда ет сататын оңды орынның болмауы естір құлаққа да ұят емес пе? Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов осы нысанда да болды. «Жарылғасын» шаруа қожалығының жетекшісі Нұржамал Ізбасарова қолға алған шаруа барысымен танысты.
Ауылдан шыққан кәсіпкер келіншек «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен бірлесіп, жаңа бастаманы өмірге әкелді. Сөйтіп, «Бәйтерек-2013» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы осы іске кірісті. Тайсойған өңірінің шүйгінді алқабын жайлап отырған шаруашылықтың бұған шамасы да жетеді. Бүгінде ет павильонының құрылысы аяқталып та қалды.
Ауыл кәсіпкері мұнымен де шектелмеген. Осында тігін цехын ашуды жөн көріпті. Ал, оған қажетті шикізатты алыстан тасымалдап та қажеті жоқ. Сойылған малдың терісі мен жүні кәдеге аспай жүргендігі әуелден көтеріліп жүрген проблема емес пе? Олар шаруашылықтың өзінде де жеткілікті, ауылдастары да тапсырады. Енді ешкім де тері мен жүнді далаға лақтырып тастамайды. Қазір Қытайдан жүнді жуып, тазалап, кептіріп, түтіп және рулонға орап беретін жабдықтар жеткізіліпті. Тігін машиналары да алынған. Күнделікті қажетті көрпе-жастықты осында-ақ дайындауға болады. Ісмер әйелдер ауылдан-ақ табылады.
Ғимаратты аралап көрген аймақ басшысы жасалған жұмыстарға дән риза болды. Облыс орталығында да бастапқыда 100 тонна түйе мен 350 тонна қой жүндерін өңдейтін, сол шикізаттан киім шығаратын фабриканың құрылысы басталғандығын айтты. Ауыл кәсіпкеріне сәттілік тіледі. Әңгіме арасында шаруашылық атауына ие болған Жарылғасынның кім екенін де сұраған. Сөйтсек, ол Ұлы Отан соғысына қатысқан, өңірдің өркендеуіне сүбелі үлес қосқан, халқының құрметіне бөленген Жарылғасын Әжіғалиев екен. Кәсіпкер келіншектің қайын атасы көрінеді. Бұл да үлкенге құрметтің, жақсы жандардың есімін ұмытпаудың белгісі емес пе?
НҰРЫН ТӨККЕН «НҰРШУАҚ»
Миялыдағы «Нұршуақ» мектепке дейінгі тәрбие орны қайта жаңғырту бағдарламасы бойынша өткен жылы күрделі жөнделген-ді. Осы шараға облыстық бюджеттен 217 млн. 863 мың теңге бөлініп, ол мақсатты игерілген. Қазір мұнда 236 бүлдіршін тәрбиеленуде. Балабақша меңгерушісі Бақытжамал Жұмабаеваның айтуынша, сәбилердің жас ерекшеліктеріне сәйкес он топ бар екен. Оларға 20 тәрбиеші тәлім беруде. Көбі Атыраудағы Қатира Дүтбаева атындағы педагогикалық колледж түлектері. Бұлардан басқа «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша қызметсіз үйде отырған біраз жергілікті қыз-келіншектер қабылданған. Сөйтіп, 70 адамдық ұжым қалыптасқан. Ғимаратты аралаған аймақ басшысы Бақтықожа Салахатдинұлы жасалған жұмыстарға оң баға берді. Облыс әкімі орта топ бүлдіршіндері дайындаған шағын концерттік бағдарламаны да көрді. Ғимараттың жылылығын, жөндеу жұмыстарының сапалы жүргізілгендігін байқады. Әр топты аралап көріп, дене шынықтыру залында болған аймақ басшысы «келешек ел чемпиондары, міне, осы балалар болады» деді олардың бастапқы қимылдарына разылық танытып.
Жалпы, қиырдағы Қызылқоғада үш-алты жас аралығындағы бүлдіршіндерді мектепке дейінгі білім беру ұйымдарымен қамту 100 пайызға жеткізілген. Сөйтіп, аудан осы көрсеткіш бойынша облыста бірінші орынға шықты. Облыс әкімі осыны мақтанышпен айтты. Бүгінде аудан көлемінде 13 балабақша жұмыс жасайды.
ҚЫЗЫЛҚОҒАЛЫҚТАРДЫ НЕ МАЗАЛАЙДЫ?
Ауданға сапары барысында облыс әкімі Миялыдағы «Нұр Отан» партиясы ғимаратында тұрғындарды қабылдады. Олардың өтініш-тілектері де сан алуан еді. Аймақ басшысымен алдымен тілдескен Миялы селосының тұрғыны, алты баланың анасы Гүлбағыт Құлмұханова ауыл ішінен тұрғын үй салуға жер сұрайды. Өзі 2009 жылдан бері жер кезегінде тұр екен.
Көпбалалы ананың өтінішін тыңдаған Бақтықожа Салахатдинұлы Елбасы өзінің жақында ғана Қазақстан халқына арнаған «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауына тұрғын үй саясатына қатысты ауқымды бастамалар енгізгенін әңгімеледі. Жалға берілетін тұрғын үй құрылысына басымдық беріп, оны барынша қаржылай қолдау қажеттігі тапсырылған. Осы орайда, 2015-2016 жылдары жалға берілетін тұрғын үйлер салуға қосымша 180 млрд. теңге қаражат бөлінетінін атап көрсетті. Аудан көлеміндегі Сағыз, Миялы мен Мұқыр тәрізді ірі елді мекендерде тұрғындар саны табиғи өсiммен де, тiршiлiкке оңтайлы аймаққа көшiп келушiлермен де жыл санап артуда. Қазіргі уақытта инженерлік инфрақұрылым жүргізілмегендіктен осы аталған үш селода тұрғын үй салуға жер учаскесін бөлу толық тоқтатылып, тұрғындар кезекке қойылды. Ал, Сағыз селосының бас жоспары үстіміздегі жылдың желтоқсан айында бекітіледі деп күтілуде. Бас жоспарда 2050 жылға дейінгі қажеттілік қамтылған.
Осы орайда, сөзге араласқан аудан әкімі Мақсот Мұқанов бас жоспар бойынша аудан орталығы — Миялы селосынан 122 тұрғын үйге арналған инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттары жасақталып, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысына сәйкес облыстық әкімдікке 475 259,0 мың теңгеге сұраныс берілгенін жеткізді. Ал, аймақ басшысы көп бала тәрбиелеп өсіріп отырған анаға жер 2015 жылдың жаз айында берілетінін айтып, тапсырманың орындалуын аудан әкіміне тапсырды.
Бұдан кейін облыс басшысымен тілдескен Миялы селосының тұрғыны, жеке кәсіпкер Нұржан Ілиясовтың айтуынша, ол «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Атырау өкілдігінің «Жылыжай» бағдарламасы бойынша жобалық құны төрт миллион теңгелік жылыжай құрылысын аяқтаған. Оңтүстік Кореяның технологиясымен жабдықталған оның көлемі 300 шаршы метрді құрайды. Қазір жылыжайға қиярдың голландиялық «Мулти стар F-1» сортынан 800 түп қазан айының ортасында топыраққа жерсіндірілді. Мұнда тиімді тәсіл ретінде тамшылатып суару әдісі қолданылады. Кәсіпкерге кездесіп отырған ендігі қиындық – табиғи газға қатысты.
Оның әңгімесін мұқият тыңдаған аймақ басшысы «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-на қарасты Қызылқоға аудандық газ шаруашылығының директоры Бауыржан Кереевті дереу шақыртып, мәселені шешіп тастады.
Миялы селосының тұрғыны, көп балалы ана Гүлнар Қарасартова біраз жылдан бері үйіне табиғи газ кіргізе алмай жүр екен. Ол да өзгелер секілді «көгілдір отын» игілігін көргісі келеді, әрі үйі қыста өте салқын. Балалары да жиі ауырып қалады екен. Облыс әкімі көпбалалы ана Гүлнар Қарасартоваға табиғи газдың үш күннің ішінде тартылатынын айтты.
Екінші топ мүгедегі Ерлан Бермағанбетов біраздан бері жұмыссыз жүр. Облыс әкімі оған аудандық орталық ауруханадан жұмыс орны бөлінгенін айтты. Келешекте орта біліммен ғана шектелмей, мамандық алу қажеттігін де түсіндірді.
БІРЛІК – БЕРЕКЕ БАСТАУЫ
Миялы селосындағы «Арман» мәдениет үйінде облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің қатысуымен Қызылқоға ауданы активінің жиналысы болды. Онда аудан әкімі Мақсот Мұқанов биылғы тоғыз айдың қорытындысымен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына шолу жасады.
Жалпы, биылғы есепті мерзімде ауданда барлық өнеркәсіп саласы бойынша 76506 млн.теңгенің өнімі алынған. Қайнар мұнай-газ өндіру басқармасы мен «Мәтен» бірлескен кәсіпорны барлығы 524,5 мың тонна мұнай өндірген.
Бюджеттік салық және басқа да төлемдер 728,8 млн.теңгені құраған. Бүгінде 886 кәсіпкерлік нысаны тіркелген. Олар өндірген өнім мен көрсеткен қызмет көлемі 1 млрд. 670 млн. теңгеге жеткен. Жаңадан 23 кәсіпкерлік нысаны қатарға қосылған. Шағын және орта бизнес иелерін қолдау мақсатында оларға барлық инженерлік инфрақұрылымымен жер телімдері берілуде. Кәсіпкерлер ісін бастауға немесе одан әрі дамытуға қажетті несиелерін алуда. Өзге де әлеуметтік салаға қатысты проблемалар оңынан шешілуде. «Ақ бұлақ» пен «Таза ауыз су» бағдарламалары жүзеге асырылуда, елді мекендерге «көгілдір отын» тартылуда, автожолдар салынуда. Тұрғындарды жұмыспен қамту бағытында біраз іс тындырылды.
Содан соң жарыссөзге қатысқан Миялыдағы Б.Аманшин атындағы орта мектептің директоры Гүлшара Сары Елбасы Жолдауында білім беру саласына әдеттегідей басым назар аударылғандығын айтты. Қазір білім беру ошақтарының материалдық-техникалық базасы да жақсаруда. Апатты мектептер жөнделуде. Аудандағы 939 мұғалімнің 122-сі білімдерін жетілдіру курстарынан өтіпті. Демек, шәкірттерге тәлім беру сапасы артады. Оның үстіне, шеберліктерін арттырған мұғалімдер тәжірибелерін өзгелермен бөліседі.
Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы, зейнеткер Жолжан Қабдешев сөзін «жол қуған қазынаға жолығады» деп түйіндеді. Демек, сонау Астанадан сан тарапқа тарамдана тарайтын автожолдар елді байлыққа бастайды, жақсылыққа жетелейді. Ардагер Елбасының Ұлы Отан соғысына қатысушыларға жан-жақты қамқорлық жасап отырғандығын, Жеңістің 70 жылдығына байланысты кең көлемде жүріп жатқан дайындыққа разылығын да жеткізді
Сағыздық жеке кәсіпкер Аслан Сариев Мемлекет басшысының бизнес иелеріне көрсетіп отырған қолдауына қанағаттанғандық танытты. Шағын селода тіс емханасын ашқан кәсіпкер бүгінде жерлестеріне сапалы қызмет көрсетіп келеді екен.
ЖЕТІ БАҒЫТ ЖЕТЕЛЕЙДІ ЕРТЕҢГЕ…
Аудан активіне қатысушылар алдында облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов сөйлеп, Елбасы Жолдауынан туындайтын келелі міндеттерге тоқталды.
— Баршаға мәлім, — деді аймақ басшысы, — биыл Елбасы Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауын жыл аяқталмай-ақ жасады. Ондағы мақсат – жыл соңына дейін түсінік жұмыстарын жүргізіп, алдымыздағы жылдан бастап нақты істерге кірісу. Бұл жолғы Жолдау «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» деп аталады. Елбасы әлемде геосаяси дағдарыстар, көмірсутегі шикізатының бағасы төмендеуі салдарынан жаһандық қиыншылықтар болуы ықтималдығын ашық айтты. Мұнай бағасы әр барреліне 80 долларға дейін түсіп кетті. Одан әрі арзандауы да әбден мүмкін. Міне, осындай сын шаққа «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» дегендей, ұйымшылдықпен әрекет етуге тиіспіз. Ертеңге деген сенім де осы бірліктен басталады.
Елбасы Жолдауында бірін-бірі толықтыратын жеті маңызды бағытты атап көрсетті. Оның бірінші бағыты көліктік-логистикалық инфрақұрылымдарды дамыту десек, оған біздің облыс бойынша Ақтөбе-Атырау-Астрахан автожолын жаңғырту кіріп отыр. Сөйтіп, мұнайлы мекен Астанамен де тура тас жолмен байланыстырылады. Ал, жағрапиялық тұрғыдан Еуропа мен Азияның ортасында болғандықтан, қос материкті де жалғастырады. Іргелес Ресей мен көршілес Ақтөбе көліктері Атырау арқылы қатынайды.
Мұның біз үшін тағы бір жақсылығы бар. Бұрын облыста республикалық жолдардың жөнделу қарқыны баяу еді. Мәселен, биыл жыл соңына дейін жөнделетін 191 шақырымдық жолдың ішінде республикалық маңызы бар бірде-бір шақырым жоқ. Енді жол құрылысы жұмыс орындарын ашумен қоса, құрылыс индустриясын дамытуға үлкен мүмкіндік тудырады. Жергілікті материалды пайдалануға басымдық беріледі. Оның үстіне, өткен жылдан бері облыста Индустрияландыру картасы аясында алғашқы Тұрғын үй құрылысы комбинаты жұмысын бастады. Демек, оған да тапсырыс табылып, қаржылық жағдайын жақсартуға мүмкіндік тумақ.
Екінші бағыт, яғни индустриалды инфрақұрылымды дамытудың да біздің өңірге тура қатысы бар. Мәселен, Атырауда «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағы 2007 жылы құрылған-ды. Бүгінде жалпы көлемі 3,5 мың гектар жерге 31 кәсіпорын тіркелгенімен, қызметін бастаған жоқ. Себебі, инфрақұрылым жеткілікті жүргізілмеген. Ал, оған қомақты қаражат қажет. Мұндай ахуал республиканың өзге өңірлеріне де тән. Міне, сондықтан, Елбасы осындай құрылымдарды қалыптастыру үшін 81 млрд. теңге бөлуге тапсырма берді. Демек, қажетті инженерлік инфрақұрылым қысқа мерзімде тартылады. Бизнес иелері де экономикалық аймаққа шапшаңырақ орналасуға дайын болуы шарт.
Сонымен қатар, Елбасы облыстардан индустриялық аймақтар құруды тапсырды. Атыраудағы индустриялық жобалардың жан-жақта орналасқаны ескеріліп, өткен жылы сол жобаларды бір жерге шоғырландыру үшін 210 гектар жерге Индустриялық аймақ құру қолға алынған. Бүгінде ол құрылды, оның техникалық экономикалық негіздемесі жасалды. Енді, жаңа жобалармен толтыру бағытында шаралар жүзеге асырылмақ.
Үшінші бағыт энергетикалық инфрақұрылымды дамыту десек, оның да Атырауға қатысы бар. Бүгінде талай жылдар бойы сынақ зардабын тартқан Азғыр өңірінің он елді мекенін және Исатай ауданының Қызыл үй ауылын және Қызылқоғаның алты селосын газдандыру – облыс әкімдігінің назарында тұрған мәселе. Қазір бұл елді мекендер елімізді газдандырудың бас жоспарына енгізілді. Сонымен қатар, электр энергиясын ар жағындағы Ресейден алып отырған Азғыр өңірін өзімізден қамту проблемасы түпкілікті шешілуі керек.
Елбасы Жолдауында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық құрылымын жаңғыртуды төртінші бағыт ретінде аталды. Бұл салаға жылына 100 млрд. теңге бөлудің қажеттігі айтылды. Бүгінде облыс бойынша 1486 көппәтерлі тұрғын үй бар. Соның 464-і немесе 31,2 пайызы күрделі жөндеуді қажет етеді. Қазақстан Республикасы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасы аясында Атырау қаласында 2011-2012 жылдары 45 ал биылғы өткен кезеңде 22 көппәтерлі тұрғын үй жөнделді. Бұл жұмыстар әрі қарай жалғасын тауып, келесі жылы 13 тұрғын үйге жөндеу жүргізу жоспарланды.
Бесінші бағыт бойынша тұрғын үй инфрақұрылымын дамытудың маңызы өте зор. Елбасы халықты баспанамен қамтуға аса назар аударды. Әсіресе, жалдамалы тұрғын үйлер қолжетімді болуы тиіс. Әйтсе де, жасыратыны жоқ, 2012 жылдан бастап іске асып келе жатқан «Тұрғын үй-2020» бағдарламасының талаптары біраз санаттағы тұрғындарға қолжетімді болмай отыр. Атырау облысында жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын «Жас отау» бағдарламасы іске асырылуда. Алғашқы тоқсан пәтерлік үй жыл соңына дейін тапсырылады. Соған 1420 жас отбасы құжат тапсырды. Әр пәтерге 16 отбасынан келіп отыр. Оның ішінде 753 жас отбасының табысы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» талабына сай келмейді. Демек, Елбасының тапсырмасына орай, келесі жылы соларға 120 орындық жатақхана мен тағы да 120 пәтерлік тұрғын үй салу басталмақ. Балалар үйінің тәрбиеленушілері мен басқа да әлеуметтік әлжуаз топтар «Тұрғын үй -2020» бағдарламасы аясында жалпы кезекте тұрған адамдардың қатарына кіреді. Осыны ескеріп облыс орталығынан 240 пәтерлік үй салынуда. Бұл бағдарлама алдағы жылы да жалғасын табады.
Алтыншы бағыт әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту десек, облыста үш ауысымдық мектептер мәселесі биыл толығымен шешімін тапты. Дегенмен, демографиялық дүмпуге байланысты кейбір қала мектептерінде оқушы орнының тапшылығы бар. Соған орай, келешекке болжамды мониторинг жүргізіп, қай жерлерге мектеп немесе қосымша құрылыс салу қажеттігі жоспарланады. Облыста апатты деп танылған 11 мектептің алтауының құрылысы келесі жылы жүргізілетін болады. Атырау қаласының дамып келе жатқан «Нұрсая» ықшамауданында бүгінге дейін мектептің жоқтығы ата-аналар тарапынан алаңдаушылық туғызып отыр. Осыған орай, мұнда келесі жылы 624 орындық орта мектептің құрылысын бастау жоспарланды.
Жетінші бағыт бойынша шағын және орта бизнесті одан әрі қолдау айтылды. Елбасы оған үлкен маңыз беріп отыр. Яғни, 2050 жылға дейін бұл бағыттың республика экономикасынан алар үлесін 50 пайызға жеткізу керек. Биыл шағын және орта бизнесті қолдауға орталықтан 100 млрд. теңге бөлінсе, соның 5,2 миллиардын атыраулық кәсіпкерлер алды. Он жылға алты-ақ пайызбен берілетін бұл несие – бизнес иелеріне үлкен қолдау.
Одан соң облыс әкімі аудан экономикасына шолу жасап, бірқатар жетістіктер болғанымен, әлі де атқаратын шаруалардың барлығын айтты. Алда тұрған міндеттерді жіктеді. Биылғы ақпанда қызылқоғалықтармен кездескенінде тұрғындар тарапынан білдірілген өтініштердің орындалу барысын хабарлады.
Жиналыста облыстық тұтынушылар құқын қорғау департаментінің басшысы Өмірзақ Зинуллин Қызылқоға ауданының бруцеллез дертіне шалдығушылықтан ең қолайсыз өңір екендігін айтты. Төрт түліктен адамға жұғатын бұл дерт дабыл қағарлық деңгейге дейін көтерілген. Мәселен, 2010-2014 жылдары бруцеллездің жаңадан анықталған 55 оқиғасы тіркелген. Оның үстіне, өткен жылы Миялы мен Тасшағылда, биыл Қоныстануда осы аурумен бірнеше адамның қатар сырқаттанғаны белгілі болды. Сондықтан, негізінен мал шаруашылығымен шұғылданатын аудан болғандықтан, оның өнімдерінің тұтынушы үшін қауіпсіз болуы қамтамасыз етілуі тиіс. Ол үшін ветеринарлық қызметке талапты күшейту керектігін департамент басшысы атап айтты.
Тұрғындар бұл жолы да біраз тілектерін айтты. Мәселен, Қожекен Сарбасов Қаракөл селосына асфальт қашан келетінін сұрады. Тасшағыл орта мектебі директорының орынбасары Ақмарал Жұмағалиеваны ауылда балабақша жоқтығы мазалайды екен. Сағыздық зейнеткер Байғали Досымбаев темір жолдың арғы бетінде үшінші ауылға мектеп пен балабақша қажеттігін айтты.
Аймақ басшысы барлық сауалға нақты түсінік берді. Міне, облыс әкімінің Қызылқоға ауданына жұмыс сапары осылай мағыналы аяқталды.
Мағрупа ҚАЗИХАН,
Меңдібай СҮМЕСІНОВ,
арнаулы тілшілеріміз.
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.
Қызылқоға ауданы.