Нұрлан Ноғаев: «Мектеппен қоштасу қалтаға салмақ салмауы керек» (ВИДЕО)
Соңғы қоңырауды кең көлемде атап өтудің қажеті жоқ. Аймақтағы білім беру саласы басшыларымен өткен жиналыста Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев осындай ой айтты.
— Жақында кезекті оқу жылы аяқталады. Әр жыл сайын соңғы қоңырау салтанатын ұйымдастыру тақырыбы көтеріледі. Әрине, кез келген ата-ана, оқушылар да бұл мерекелі күнді жоғары деңгейде өткізгісі келетінін түсінеміз. Тіпті, кейбір ата-аналар осы шараларды өткізуге несие алады екен. Соңғы қоңырауды атап өтуге керек қажеттіліктерді сатып алуға, мейрамханаларда тойлауға қанша қаражат шығындалады? — деді Нұрлан Ноғаев.
Облыс әкімінің пікірінше, салтанатты шараны қарапайым түрде өткізуге де болады. Одан еш нәрсе маңызын жоймайды. Ата-аналарына өкпелеп жататын кейбір балаларға осыны дұрыстап түсіндіру керек.
— Мұғалімдерге сыйлық сатып алудың қажеттілігі жоқ. Қайта мұғалімдер мен мектеп басшылары оқушылармен, ата-аналармен әңгімелесулері тиіс. Әрине, бұл дәстүр бұрыннан бар, бірақ барлық отбасының әлеуметтік жағдайы бірдей емес. Біз мектеппен қоштасу – өмір жолының бастауы екенін түсіндіруіміз керек. Алда мектеп түлектерін аз қиындық күтіп тұрған жоқ. Міне, осы жайлы ойланған жөн. Алдымен балаларымыздың қауіпсіздігіне мән берейік, — деді аймақ басшысы.
Жиын барысында облыс әкімі білім беру саласы басшыларына оқу бөлмелерінің жөндеуіне ақша жинауға қатысты жауапкершілік алатындарын ескертті.
— Жыл сайын мектептердің ағымдағы жөндеуіне қаржы бөлеміз, өткен жылы осы мақсатқа 116 млн теңге бөлінді. Биыл 135 млн теңге. Қаражат әр оқу орнына жеке жіберіледі. Осы жеткілікті, ата-аналардан ақша жинауға қажеттілік жоқ. Мектеп директорлары мен білім беру саласының жауапты тұлғалары заңсыз ақша жинағаны үшін жауапкершілікке тартылады, — деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.
Айта кетейік, мектептің үздік түлектеріне ресми құрмет көрсету салтанаты биыл 15 маусым күні Атырау облыстық әкімдігі ғимаратының алдында өтеді.
Хорлан СМАДИЯР