Нұрлан Ноғаев: Әкімді бір жылда бағалау мүмкін емес
23 қаңтарда Атырау облысының əкімі Нұрлан Ноғаев Мақат ауданында облыстың әлеуметтік саласының даму туралы көшпелі кеңес өткізіп, облыста бұған дейін басшы болған Бақтықожа Ізмұхамбетовке аймақта атқарылған жұмыстары үшін алғыс айтты.
Айта кетелік, былтыр облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Атырау облысының барлық ауданын аралап шығып, жергілікті басшыларға нақты тапсырмалар берген еді. Бұл жолғы сапарында 23 тапсырманың тоғызының ғана орындалғаны белгілі болды.
— Нәтиженің төмен болуының себебі органдардың бір-бірімен қарым-қатынасының аздығы, — деді Нұрлан Ноғаев – Кейбір аудандық әкімдіктегі бөлімдер облыстағы басқармаға бағынбайтын кездері көп. Бұлай болмауы керек. Қазақстан – унитарлы мемлекет. Жұмысымызда Президенттің тапсырмаларын алға қойып, оның орындалуын қамтамасыз етуге міндеттіміз. Бұл қайталанатын болса, шара қолданамыз.
Аудан әкімінің есебіне жиналған жұртшылық облыс басшысы Нұрлан Ноғаевтың қолға алған шараларын оң бағалап, риза екендіктерін айтты.
— Жетістіктеріміздің көбі облыста бұған дейін әкім болған Бақтықожа Ізмұхамбетовтың арқасында болды. Әкімге бір жылдың ішінде баға беру дұрыс емес деп ойлаймын, себебі жұмыстың көбі алдыңғы басшысының кезінде бастау алып, жүзеге асырыла бастады. Бақтықожа Салахатдинұлының жұмысының арқасында аймақ мұнай саласынан ауылшаруашылық саласына бет бұра бастады. Аймақта Қазақстанда болмаған ешкі сүті зауыты, бөдене фермасы, жүн өңдеу зауыты пайда болды. Бекіре тұқымдас балықтарды өңдеу жаңа қарқын алды. Мәселен, 2012 жылы аймақта 3 мың гектар көкөніс егілсе, қазір бұл көрсеткіш 7300 гектарға жетті. Оның 2 мың гектарында тамшылатын суару әдісі қолданылып отыр. Бұл маған дейінгі әкімнің жұмысы, яғни Атырау облысында да аймақ басшыларының сабақтастығы жалғасын табуда. Келешекте де Елбасының тапсырмаларын орындауда қалыптасқан қағида кемел келешек үшін жалғасын табуы тиіс және оны орындауға міндеттіміз. Алда атқарар жұмыс көп, — деді Нұрлан Ноғаев.