Жарнама
Жаңалықтар

Нұрлан НОҒАЕВ: «Атыраудың тағдыры әрқайсымызға қатысты»

Нұрлан НОҒАЕВ:

«Атыраудың тағдыры әрқайсымызға қатысты»

 

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев аймақтағы дренаж мәселесін шешуді басты назарға алып отыр. Бұл туралы ол облыстың танымал тұлғалары мен жергілікті және шетелдік ғалымдар, сондай-ақ салалық мамандардың қатысуымен өткен дренаждық жүйені жетілдіруге арналған кеңесте мәлімдеді.

«Соңғы жылдары қатты жауынның салдарынан үйлер апатты жағдайға дейін жетіп, кейбір баспаналар құлап қалып жатыр. Мұндай жағдайда көшеде, үй ішінде жиналған суларды дереу тазарту үшін қажетті техникалар қолданылады. Алайда, жылда осындай әдіспен жиналған суды сорып алумен шектелмей, оның алдын алуды, болдырмауды түбегейлі шешетін кез жетті. Бүгінгі көтеріліп отырған осы тақырыпқа үн қосып, бәріміз де белсенділікпен атсалысайық», — деді аймақ басшысы.

Кеңеске қатысушылар аталған мәселені шешу жолдарын талқылап, көптеген ұсыныстарын ортаға салды. Бір нұсқа ретінде жерасты суын қаладан тысқары аумаққа жіберу жүйесін жасақтау жөнінде пікірлер де айтылды. Алынған суды егістіктерде тамшылатып суару әдісіне қолдануға болатыны да әңгіме болды. Атырау мұнай және газ институтының ректоры Әли Әбішев бұл ретте қаланы көгалдандырудың да ылғалды соруға ықпалы тиетінін атап айтты.

Қаламыздағы жерасты суларының тұзды болуы өсімдіктерге және тұрғын үйлердің іргетасына орасан зор зиянын тигізуде. Еңбек ардагері, Атырау облысының Құрметті азаматы Есен Тасқынбаев1980 жылы қазан айында қалада үш күн жауын болып, сол жаңбырда 1168 саман үйдің құлап қалғанын еске алды. Бұл кезде жергілікті атқарушы билік Мәскеуден көмек сұрауға мәжбүр болыпты. Ал, белгілі эколог-ғалым, академик Муфтах Диаровтың айтуынша, кеңес үкіметі кезінде «үйлер жеті қабаттан биік болмасын» деген талап болған. «Жерасты суы деңгейінің көтеріліп кетуіне осы аспанмен таласқан, көпқабатты жаңадан салынған үйлер де себепкер болып отыр. Енді отыз жылдың шамасында теңіз көтеріледі. Сол кезде не істейміз?», — деді ол.

— Ең алдымен, бізге қаланың гидротехникалық картасы қажет. Егер осы күнге дейін мұндай карта жасалмаған болса, ол шұғыл дайындалуы тиіс. Сол құжатқа қарап, нақты іс-әрекетке көшеміз. Өйткені, бізге іс барысында көп факторларды ескеруге тура келеді. Алдымен, тәжірибе ретінде бірнеше шағын ауданда түрлі тәсілмен жұмыс істеп көрген жөн. Екі-үш айдан кейін нәтиже белгілі болады. Біздің басты мақсатымыз – жерасты суларының деңгейін түсіру. Алдымен, арықтардың бойымен нөсер суын қаладан тысқары аумаққа ағызып жіберу керек, — деді гидротехнолог, Ақтөбе қаласындағы «Ақпан» топ компанияларының директорлар кеңесі төрағасының орынбасары Азамат Дүсекенов.

Облысымызда дренаждық жүйені жетілдіру үшін үлкен жоспар жасақталуда. Тұрғын үйлердің құрылысы кезінде су арықтарын да бірге салу ескерілетін болады. Сондай-ақ, жиында кәріз жүйесіндегі суды жинақтайтын септик мәселесі де айтылды. Қазір көбінесе септиктердің түбіне бетон төселмейді. Соның кесірінен жерасты суларының құрамы бұзылуда. Бұл проблеманы шешу жолдары туралы «АтырауСуАрнасы» КМК басшысының орынбасары Виктор Сущенко баяндады. Оның айтуынша, лас суды пластикалық су құбырлары арқылы ағызып әкету керек.

— Қатты нөсерден соң, әрбір шағын ауданнан үйлерін су басып кеткен 30-50 адам шағымданып, өздерінің бастан кешкен қиындықтарын айтып жатады. Біз, алдымен су жиналып қалатын аймақтарда жұмыс істеп көрейік. Бұдан бөлек, жағдайды шешу жолын да жүйелеген жөн. Бізде білікті ғалымдар бар. Міне, Мәскеуден де мамандар келіп, жиынымызға қатысып отыр. Алдағы уақытта Австралиядан және басқа да шетелдерден мамандар шақырып отырмыз. Біз қайткен күнде де Атыраудың жеріне сай келетін технологияны табуымыз керек. Содан соң, мәселені біртіндеп шешеміз. Қолданыстағы тәжірибеміздің бәрін сараптап көрейік. Күні кеше аймаққа Астрахан облысының губернаторы келді. Олармен де тәжірибе алмасамыз. Таяуда біздің делегация көрші қалаларға барады. Міне, осылай жұмыс істеу керек. Халыққа да түсіндіру жұмыстары жүргізілсін, – деді облыс әкімі.

Алқалы жиында еңбек ардагері, Атырау облысының Құрметті азаматы, қоғам қайраткері Нұрпейіс Мақашев, ардагер гидрогеолог Едіге Сабуров, сонымен қатар, Мәскеудегі «ВодГео» ЖАҚ-ның бас директоры Сергей Куранов және басқа да мамандар өз пікірлерімен бөлісті.

Жиын соңында облыс әкімі өзінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаевқа арнайы жұмыс тобын құруды тапсырды.

— Ертең бірінші отырысты өткізіңіз. Нақты ұсыныстар жасақтаңыз. Жұмыс тобына жәр-демдесетін кез-келген адамға есігіміз ашық. Тәжірибесі мен пікірін айтсын. Бәрін тыңдаймыз. Жинақталған барлық тәжірибені бір арнаға тоғыстырып, соның барысында әлемде қолданылмаған жаңа технологияны ойлап табуымыз да мүмкін, — деді Нұрлан Асқарұлы.

Сонымен, сең қозғалды, ал нәтижелі істер – келер күннің еншісінде.

Бағила САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ.

Суреттерді түсірген: Әнуар Әбілғазиев.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button