«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед Атырауға келді (ФОТО)
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед Атырау облысында келді. Сапар барысында ол мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысымен танысты. Атап айтқанда, Мұхтар Құл-Мұхаммед Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевпен бірге «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы қаржылай қолдау көрсетілген және индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған зауыттарда болды. Сондай-ақ, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған көп пәтерлі тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарымен танысты. Одан бөлек, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессор-оқытушылар құрамы және студенттерімен кездесті.
Атырау облысы еліміздегі ең ірі мұнай өндіретін өңірлердің бірі екені баршаға мәлім. Сонымен қатар бүгінде облыста шикізатқа тәуелділіктен арылып, экономиканың өзге секторларын дамытуға ерекше мән берілуде. Мұнда осы жылдың тоғыз айында өнеркәсіптік өндірістің көлемі 4 трлн. теңгені құраған. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда шамамен ширек есеге артық көрсеткіш. Индустрияландырудың 2010-2014 жылдарға арналған бірінші бес жылдығында облыста 28 жаңа жоба іске қосылып, нәтижесінде 2,1 мың жұмыс орны ашылды. Келесі 2015-2019 жылдарға арналған екінші бес жылдықта 3,5 мың адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік беретін тағы 26 жоба жүзеге асырылмақ.
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары полиэтиленді және металпластикалық құбырлар мен құбыр желісіне арналған арматура шығаратын «ШевронМұнайГаз Инк» компаниясына барды. Бұл кәсіпорын индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында іске қосылған. Онда технологиялық үдерістерді бақылап және басқарып отыруға мүмкіндік бар. Ол үшін арнайы микропроцессорлық техникалармен жабдықталған еуропалық жетекші өндірушілердің қазіргі заманғы қондырғылары орнатылған. Соған орай Атырауда шығарылған полиэтиленді құбыр сапасы жағынан Батыс Еуропа мен АҚШ-та өндірілетін өнімнен еш кем емес.
Зауыттың өндірістік қуаты жағынан жылына 450 тонна полиэтиленді құбыр мен 30 мың сыналы ысырма дайындауға толық мүмкіндігі бар. Осы ретте Атырауда шығарылатын құбыр желісіне арналған арматуралар жарты ғасырға дейін қалтқысыз қызмет ететінін атап өткен жөн. Өйткені, оны тот баспайды, судың дәмдік қасиеттерін өзгертпей, сол күйінде сақтайды және олар құдықсыз тәсілмен орнатылады. Сондай-ақ, мұндай тәсіл су бөлуді бақылап, ресурстарды үнемдеуге мүмкіндік береді.
Зауыт жұмысының технологиялық мүмкіндігімен танысқан Мұхтар Құл-Мұхаммед бұл кәсіпорын Елбасымыздың Қазақстанды Үшінші жаңғырту бастамасының нәтижесі екенін айтты.
«Атыраудың еліміздегі ең ірі мұнайлы өңір екенін бәрі біледі. Елбасымыз тек мұнаймен шектеліп қалмай, облыс экономикасын әртараптандыру керек екенін үнемі айтып келеді. Дәл осы зауытта ТМД елдерінде ғана емес, Батыс Еуропаның өзінде бәсекеге қабілетті, жоғары сапалы өнім шығарылады. Міне, бүгін бізге керегі де дәл осы»,-деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.
«Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы бойынша Атырау облысында 514 жобаға мемлекеттік қолдау көрсетіліп, соңғы үш жылда несие портфелінің көлемі 33 млрд. теңгеден асқан.
Сонымен қатар партия Төрағасының Бірінші орынбасары оптикалық кабель шығаратын «ПКФ Континет Ко ЛТД» зауытында болды. Аталған кәсіпорын мемлекеттің қолдауымен 483 млн. теңге көлемінде субсидия алып, жұмыс істеуде. Зауыттың өндірістік қуаты бір ауысыммен жұмыс істегеннің өзінде жылына 5 мың шақырым кабель дайындауға мүмкіндік береді. Ал үш ауысымда бұл көрсеткіш 12 мың шақырымға дейін артады. Соған сәйкес кәсіпорын аталған өнімге деген ел ішіндегі сұраныстың 40 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Зауытта дуальді оқыту жүйесі енгізілген. Нәтижесінде жыл сайын жергілікті политехникалық колледждің ондаған студенті осы жерде тәжірибеден өтіп, біліктіліктерін арттыруға мүмкіндік алуда.
Елбасымыздың барша нұротандықтарға мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру үшін бөлінген қаражаттың мақсатты әрі тиімді жұмсалуына үнемі бақылау жүргізуді тапсырғаны белгілі. Соған орай Мұхтар Құл-Мұхаммед өңірдегі ең ірі құрылыс алаңында болып, Мемлекет басшысы тапсырмасының орындалуын бақылап қайты. Жалпы Атырау қаласында тұрғын үй құрылысы аса қарқынды жүргізілуде. Енді бір жылдан кейін қаланың «Береке» шағын ауданында ғана «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша көп пәтерлі 44 жаңа үй пайдалануға берілмек. Олардың 15-і қазірдің өзінде салынып қойылған. Осынау ауқымды құрылыс жұмыстары аяқталған соң бірден 4 мың атыраулық отбасы баспаналы болып, қоныс тойын тойлайды деп күтілуде. Сондай-ақ, болашақта осы ауданда 1200 орындық мектеп пен екі балабақша салу мәселесі қарастырылуда.
Сапар барысында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессор-оқытушылар құрамы және студенттерімен кездесті. Іс-шарада Мұхтар Құл-Мұхаммед Алаш қайраткерлерінің елге сіңірген еңбегі мен еркіндік жолындағы игі істері туралы айтты. Сондай-ақ, осы кеште бірқатар талантты жас азамат нұротандық атанып, оларға партиялық билеттері салтанатты жағдайда тапсырылды.
Өңірге жасаған сапарын қорытындылаған партия Төрағасының Бірінші орынбасары партияның облыстық активімен кездесті. Онда Мұхтар Құл-Мұхаммед атыраулық нұротандықтарға Елбасы, Партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Саяси кеңестің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасының басым бағыттарын айтып берді. Соған орай барша нұротандықтар еліміздегі жетекші саяси күшті жаңғырту бойынша ауқымды реформаны жүзеге асыру жолында жұмыс істейтін болады.
Айқара Ғұмар
Суреттерді түсірген: Ерлан Алтыбаев