«Нұр Отан» партиясы мүгедек азаматқа үй алып берді
Атырау қаласының тұрғыны Орынбасар Ершмановтың «Нұр Отан» партиясына алғысы шексіз. Өткен жылы денсаулығы сыр берген азаматтың отбасы өте ауыр жағдайға тап болған еді. Көктемгі жауын салдарынан ескі үйлері суға кетіп, мүгедек баласымен ашық аспан астында қалған отбасы әбден шарасы таусылғаннан «Нұр Отан» партиясына хабарласқан болатын.
Аталған партия филиалының баспасөз хатшысы Эльмира Тұңғатарованың айтуынша, осыған дейін қаланың қақ ортасында өмірге қажетті көгілдір отыны мен суы жоқ ескі үйде өмір сүрген Орынбасар бүгінде партияның араласуымен жаңа пәтерге қол жеткізген. «Алдымен партияның ықпалымен бұл отбасы паналаған ескі үйдің құжаттары реттелді. Сондай-ақ, Орынбасар Ершмановтың дәрігерлердің салғырттығы салдарынан жылдар бойы рәсімделмей келген мүгедектік санаты тағайындалды. Қазір ол үшінші топ мүгедегі ретінде жәрдемақы алады», — дейді ол.
Ал, Орынбасар жаңа баспанасына арнайы барған партия өкілдеріне «Үйім суға кеткен кезде, ауруханада ота жасатып жатқан болатынмын. Қасымдағы адамдар «Нұр Отан» партиясына хабарлас деп кеңес берді. Халық айтса, қалт айтпайды. Үстінен су, астынан сыз өткен газсыз лашықтан құтқарып, мүгедектігімді мойындатқан партияға алғысым шексіз» – деп шынайы ризашылығын білдірді.
«Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөліміне өткен жылы жеке және заңды тұлғалардан 5403 өтініш түсіп, оның 1126-сы оң шешілген.
Мәлике МӘЛІК