Жарнама
ЖаңалықтарШаһар шырайыҚоғам

Музей қорында – жаңа кітап

Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің кітапхана қоры салт-дәстүрге байланысты теңдесі жоқ «Дәстүр: кеше, бүгін, ертең» атты этнографиялық төрт томдық кітаппен толықты. Көлемді еңбек Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына және халық этнографиясының көрнекті өкілі Жағда Бабалықұлының 100 жылдығына арналған.

1

Авторы – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, ақын Қасымхан Бегманов. Кітап таныстырылымы Алматы қаласындағы Ұлттық кітапханада өтті. Автордың айтуынша, бұл дүниені жазуға он жылдан астам уақыт кеткен. Оны дайындаудағы негізгі мақсаты – ұлтқа қызмет ету.

Бірінші томында еліміздің ғұлама-абыздарымен, дін, ғылым, мәдениет және өнер қайраткерлерімен, салт-дәстүр жанашырларымен жүргізілген тарихи-тәрбиелік сұхбаттары топтастырылған. Мұнда қазақ этнографиясы мен тарихы, оқу-білім, мәдениет және өнер, ырымдар мен тыйымдар туралы толымды әңгімелер сараланған.

Жағда Бабалықұлының мұраларын сақтаушы, тарихшы Әлімғазы Дәулетханның тарихи әңгімелері, салт-дәстүрді бүгінгі тойларда қалай дамыту жайлы кітаптың екінші томында баяндалса, үшінші томда қазақ антологиясы мен этнографиясы қамтылған. Автордың республиканың әр өңіріндегі және шетелдерге сапарлары негізінде жазылған жолжазбалары, архивтер мен музейлер туралы деректері, ұлттық спорт, туризм саласының мамандарымен қатар, бүркітшілік өнердің қыр-сыры туралы төртінші бөлімде көрініс тапты. Кітаптың таныстырылу рәсіміне қатысқан зиялылар бұл еңбектің болашақ ұрпаққа берері мол екендігін айтып, авторды Мемлекеттік сыйлыққа ұсынды. Бүгінде кітаптың бесінші томы дайындалып жатыр.

Рашида ХАРИПОВА

Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің директоры

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button