Мұраттың төртінші портреті
Atr.kz/ 17 сәуір, 2019 жыл. Мұрат бейнесін кескіндеген белгілі суретшілер туралы бұдан бұрынғы мақаламызда жан-жақты жазғанбыз. Онда ақынның сурет өнеріндегі образын жұртшылыққа танытқан үш қылқалам шебері – Мұхит Қалимов, Әділқайыр Жантасов, Темірбек Мұхтаров туындыларының тарихы жөнінде баяндағанымыз оқырманның есінде болар.
ҚЫЛҚАЛАМ ҰСТАҒАН ҚЫЗ
Енді, міне, төртінші суреттің де дерегі шықты. Авторы – Дина Жасмағанбет. Атырау облысы, Индер ауданының тумасы. А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының көркемсурет-графика факультетін бітірген. Қазір Индердегі Ш.Уәлиханов атындағы орта мектепте сызу пәнінен сабақ береді. Жергілікті жерде тұрады демесең, қолтаңбасы қалыптасқан кәсіби суретші. Десек те, алдыңғы әріптестеріндей барша жұртқа аса танымал емес. Бірақ, төлтума туындылары жеткілікті. Осы топырақтан шыққан талантты бард-сазгер Табылды Досымовтың сәтті портреттерінің бірін осы Дина кескіндеген.
Шынымызды айтсақ, Динаны өзіміз іздеп таптық. Іздейтіндей жөніміз бар еді. 1993 жылғы қыркүйек айында Атырау облысының «Прикаспийская коммуна» газетінде М.Боянов деген автордың «Узнаем ли мы образ Мурата?» деген мақаласы жарияланыпты. Онда профессор Мұхит Қалимов пен танымал суретші Әділқайыр Жантасовтың еңбектеріне жоғары баға берілген. Сондай-ақ, осы мақалада «В портрете, созданном художником Темирбеков Мухтаровым нет, на мой взгляд, поэтического духа, которым обладал поэт, а художник Дина Жасмаганбетова не смогла найти опорную точку. С ее портрета на нас смотрит обычный сын степей» деген жолдар бар. Сарғайған газет бетінде басылған төрт суретшінің салған портреттері бүгінде көмескі көрінеді. Темірбек Мұхтаров туралы ой-пікірімізді өткен мақалада айттық. Ендігі мақсат Динаны табу еді. Содан суретші қызға сұрау салдық. Көп әуре-сарсаңға түскеніміз жоқ. Дина қыз туып-өскен ауылынан ұзамапты. Алысқа да құлаш сермей қоймапты. Алайда, көштен қалып жатқан жоқ. Бірқатар туындылары еленіп-ескерілген. Қарапайым мұғалім болса да, қабілет- қарымын барынша көрсете алған. Енді Динаның өзін тыңдап көрейік:
– Менің туған ауылым – Жарсуаттың қасында кішкене бейіт бар еді. Бала кезімізде қой бағып жүріп, сол жаққа жиі баратынбыз. Әкем марқұм: «Қызым, мынау Мұрат атаңның бейіті, ол ақын, айтыскер болған. Осы төңіректе одан асқан шайыр болмаған»,-деуші еді. Мен бала қиялыммен алысты шарлап кететінмін. Мұрат ақынның қандай адам екендігі әкемнің айтуы бойынша есімде қалды.
Арада жылдар өткенде жоғары оқу орнына түсіп, өзімнің қалаған мамандығымды алып шықтым. 1993 жылы Мұрат атамыздың 150 жылдық мерейтойы Индерде тойланатын болды. Бүкіл жұрттың назары біздің жаққа ауды. Сол кезде аудандық білім бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған Есболай Нығметов ағай: «Дина, сен де өз ісіңнің маманысың ғой. Мұрат атаның мүрдесі сенің туған жеріңде жатыр. Биылғы мерейтойға тартуың болсын, атаңның портретін салып көр»,-деп, маған өзінің оқыған-тоқығаны бойынша ақынды суреттеп берді. Мен ойланып қалдым. Бала кезімдегі әкем суреттеген Мұрат ақынды есіме түсіре отырып, осы портретті қызығушылықпен салып шықтым. Осы тұстағы Мұрат Мөңкеұлының портретін бейнелеген атақты суретшілермен бірге менің де жұмысым бәйгеге қатыстырылды. Жастығым бар, тәжірибесіздігім бар, сол жолы жүлде иеленгенім жоқ. Бірақ, бұл мен үшін сындарлы сынақ, өнегелі өткел, мәртебелі мектеп болды.
АРУ АРДАҚТАҒАН АҚЫН
Жыл өткен сайын суретші қыздың тәжірибесі толысып, өнері жетіле түсті. Ол уақыт өте келе Мұрат портреті туралы көп ойға берілетін. Өйткені, өз дәуіріндегі қазақ қоғамының нағыз сипатын танытқан ақынның кескіндеме өнеріндегі бейнесін шынайы көрсету оңай еместігін жақсы білетін. Бірте-бірте өзі салған портреттің кемшін тұстарын да анық байқады. Динаның туып-өскен ауылының іргесінен мәңгілік қонысын тапқан әйгілі ақынның рухы оны үнемі әлдилеп жүретіндей көрінетін. Жыр жүйрігінің шығармаларын қайта-қайта оқып, үнемі ой елегінен өткізетін.
– Ақиық ақын Мұрат Мөңкеұлының бет-бейнесін дәл танытып, нақты образ жасадым деп айта алмаймын. Осы портреттің сол кезде тағы бір нобайын салғанмын. Ақын туралы жазылған еңбектерді, жиналған мәліметтерді көп іздеуге тура келді. Оның «Сарыарқа», «Үш қиян» толғауларында көрініс тапқан ішкі дүниесін, айтар ойын білу мен үшін маңызды еді. Көне деректерден ақынның жыр айтқан кезде басындағы бөркін қақпақылдап, домбыра орнына қолданғанын анықтадым. Бұл да мен үшін пайдалы дерек болғаны рас,-дейді суретші қыз.
Енді Дина Жасмағанбет салған Мұрат портретіне келейік. Бұл суреттің түпнұсқасы автордың қолында сақталмапты. Сірә, бәйгені ұйымдастырушылар суретшіге туындысын қайтармаған болуы керек. Алайда, оның эскиз немесе фотосурет түріндегі көшірмелері өзінде бар еді. Дина осының бәрін пайдаланып, түпнұсқалық үлгімен салыстырып, қайта салып шықты. Шығармашылық жұмысының әр сәтінде бізге қоңырау шалып, үнемі ақылдасып, кейбір деректерді нақтылап отырды. Сөйтіп, ол осыдан жиырма алты жыл бұрынғы портретті қалпына келтірді.
Динаның Мұраты да айналадағы тіршілікке кәдуілгі Атырау қазағының көзімен зер салып тұр. Ілгеріде бәйгеге ұсынылған сурет өнері туындыларын бағалаған М.Боянов айтқандай, даланың қарапайым перзенті саған тіл қатқандай болады. Тегінде, кейіпкерін ел-жұрттан ерекшеленетіндей етіп салмадың деп, қылқалам шеберін кінәлауға болмас. Қарапайымдылықтың өзі ұлылықпен астасып жататын қасиет екенін ұмытпаған жөн. Әр суретшінің өзіндік пайымы, тоқталған шешімі шығармашылық жұмысынан байқалып тұрады. Бәлкім, Дина Мұрат ақынды өз ауылының күнде көріп жүрген адамдарынан алшақтатқысы келмеген шығар. Әйтсе де, мен оны сурет салу барысында «тиянағын таппаған» дей алмас едім. Ол да өнердегі өз Мұратын кескіндеді. Әйгілі ақынның бойынан ұқыптылық пен жинақылық көргісі келгендей. Дина, ұмытпасақ, портрет салу бәйгесіне қатысқандардың ішіндегі әйел затының жалғыз өкілі еді. Сондықтан ол ақын тұлғасына қыз баланың көзімен үңілді. Динаның басқа суретшілерден ерекшелігі де сонда. Жасынан кейіпкерінің жыр- толғауларын оқып өскендіктен, сурет салып отырғанда Мұраттың баршаға танымал «Қыз» деген өлеңін есіне алған болар. «Ақын тек қоғамның қайғы- мұңын жүрегімен көтеріп қана қоймай, қатардағы пенде ретінде төңірегінен әдемілік көргенді қалайды, сұлулыққа сұқтана біледі» деген ойды аңғартқысы келді ме екен, кім біледі. Қалай болғанда да, Динаның Мұраты қазақтың қамын ойлап, ақырып теңдік сұраған қарымды қайраткерден гөрі сенімі мен сезімі қатар жүретін арынды ақынға көбірек ұқсайды. Әйтеуір, бізге Дина қыз Мұраттың әсемдікке іңкәрлік танытып тұрғанын бейнелегендей әсер қалдырды.
Бұлаңда дәурен өтпей басыңнан, қыз,
Сүйегің жаратылған асылдан қыз.
Лебізің, сөзің – шырын, маржан – тісің,
Кеткісіз келген адам қасыңнан қыз.
Қамқа бөрік, қамзол бешпент, алтын ілгек,
Ақ көйлек зер шашақтан киінген қыз.
Қызығын дүниенің сіз де көріп,
Ата-анаң үйде отырып сүйінген қыз.
Мұрат Мөңкеұлының осы өлеңіндегі көңіл-күй оның Дина салған бейнесіне берілген секілді. Мұнтаздай таза киінген, бөркі мен шапаны, оның ішінен киген көйлегіне, ұқыпты бастырылған сақал-мұртына дейін керемет үйлесіп тұрған ақынның портреті – Динаның эстетикалық талғам-таразысының нәтижесі. Арайлы таң секілді аппақ шұғыланың фонында салынған суреттегі Мұрат арқалы ақынға қарағанда ілім- білім іздеген ағартушыға көбірек келіңкірейтін сияқты. Несі бар, алты алаштың шежіресін жақсы білетін, арғы-бергі тарихтан қозғап, тереңнен толғап, өлең өретін Мұрат Мөңкеұлы аса білімдар адам болғаны баршаға аян емес пе? «Ескі тарихтық сөздерді, елдің шежірелерін Мұрат өте жақсы білген… Қазақтың тарихын жазған адам Мұрат секілді ақындардың сөзін елеусіз тастай алмайды. Мұрат – бір жағынан өткенді білген шежіре болса, екінші жағынан халықтың мұңын, елдің зарын айтатын әлеуметшіл ақын», – деген Халел Досмұхамедұлының тұжырымына сүйенсек, Динаның өз кейіпкеріне қарапайымдылық әрі оқымыстылық келбет дарытуын ақтап алуға болады. Бір қарағанда өзге ұлттың түр-әлпетін еске салатын ақынның ойлы көзінде ептеген мұңның табы да байқалады. Бұрын өң-жүзін күн қақтаған қыр қазағының кейпіне көз үйреткен бізге Мұраттың бозаңдау бейнесін санаға сіңіру әрине қиынға соғады. Бәрібір, суретшінің өзгеге ұқсамайтын өз шешіміне құрметпен қараған дұрыс. Бәлкім, Дина сонау көне дәуірден тамыр тартатын сары қазақтың он тоғызыншы ғасырдағы ақын ұрпағын ұлықтағысы келген шығар. Суретші, біздің ойымызша, осы суретті салу барысында қалыптан тыс мінез танытты. Өзгеше көркемдік шешімге барды. Сөйтіп, Мұраттың болмыс- бітіміне, кескін-келбетіне басқаша қырынан көз салды.
ТУҒАН ЖЕРДІҢ ТҰЛҒАСЫ
Бір мәселенің басын ашып алайық. Әйгілі қылқалам шеберлерімен бірге сурет бәсекесіне түскен Динаның салған портреті – бәйгеге ұсынылған жұмыстардың ішіндегі ең үздігі емес. Сол кездегі балауса суретшінің талпынысы елді аузына қаратқан алдыңғы толқын ағалардың қаламынан туған шоқтығы биік дүниелердің көлеңкесінде қалып қойғаны да рас. Профессор Мұхит Қалимов кескіндеген Мұрат бейнесі ғылыми айналымға еніп кеткелі қашан. Бірақ, соған қарамастан Динаның Мұраты да көркемөнер туындысы ретінде өміршең болуға әбден құқылы. Бұл портрет қазақ әдебиетінің тарихында өзіндік орны бар әйгілі ақынның өнегелі өмірінің бір мезеті ретінде бағалана бермек.
Мұрат Мөңкеұлы бейітінің ауыл іргесінде орналасуы Динаның шығармашылығына кәдімгідей әсер еткені анық. Жарсуат пен Құрылыстың, Есбол мен Өрліктің көнекөз қарттары ақын жөніндегі мәліметтерді өте жақсы біледі. Кеңес үкіметінің дәурені жүріп тұрған кезде сол жүйенің қаһарынан қорықпай, Мұраттың басына арнайы белгі қойған ағайынды азаматтар – Бердеш Есбосынов пен Жөкес Кенжеғалиев осы Жарсуат пен Құрылыстың тұрғындары еді. Суретші Дина қыз жас күнінен соның бәрін көріп-біліп өсті. Сондықтан ол қалың қазаққа мәлім қайраткер ақынның емес, қара өлеңге таласы бар Жарсуаттың жарқын жүзді қарапайым қазағының ойлы бейнесін кескіндеді. Титімдейінен санасына сіңген образдан өзін аулақтата алмады. Оның Мұраты қазақ әдебиетінің бір тірегіне айналған алып ақыннан гөрі айналасындағы жұрттан көп айырмасы жоқ, көзі ашық ауыл адамына көбірек ұқсап тұрса, мұны қылқалам шеберінің ілгеріден қалыптасқан таным-түйсігінің көрінісі деп түсіну керек.
Дина Мұрат образына тек суретші ретінде қарамайды. Оның шығармаларын жас ұрпақтың тәрбиесіне ықпал ететін рухани құндылық деп санайды. Ақынның ауыл маңынан мәңгілік тұрақ табуы бұл өңірдің перзенттеріне зор жауапкершілік жүктейтінін жан жүрегімен сезінеді. Оның өлең-толғауларын Индердегі мектеп оқушылары шетінен жатқа оқыса екен деп армандайды. Өйткені, Мұрат мұрасы өмірдің оқулығы іспетті. Ақынның жырларында әдебиеттану, тарих, тіл білімі, педагогика, психология, елтану, жертану пәндерінің мақсат-міндеттері тоғысып жатыр. Тіпті бұл өлең-толғаулардан география, топонимика, ономастика мамандары да жеткілікті тағылым алмақ.
Д ина Жасмағанбет шығармашылығының негізгі желісі туған жер тақырыбымен берік сабақтас. Ол қазақ поэзиясының теңдессіз жүйрігі Махамбет Өтемісұлының, батыр ақынның жорық жырларынан нәр алған Мұрат Мөңкеұлының, осы алыптардың біздің дәуіріміздегі сарқытындай болған Табылды Досымовтың портретін бейнеледі. Сол арқылы оның шығармашылығында белгілі бір тұлғалық тұтастық қалыптасты. Суретшінің өз сөзімен айтқанда, «туған жердің толағайы» – Табылдының суретіне әлеуметтік желіге ат байлаған сан мыңдаған адам зор қызығушылық танытып, ыстық ықылас білдірді. Динаның туған жердің тұлғаларын тізбектейтін циклді портреттері бұдан кейін де жалғаса бермек. Өмірден өткен ақындар мен арыстардың рухы осыған міндеттейді.
Осы мақаланы әзірлеп жүргенімізде Индер ауданына жаңа әкім тағайындалды. Билікке шығармашылық ортаның өз өкілі келді. Бір кезде аймақтың бұқаралық ақпарат құралдарын басқарған жас әрі жігерлі басшы Мейірім Қалауидің өнер иелеріне барынша шарапатын тигізетініне еш күмәнданбаймыз. Өнердің өрісі, таланттың тынысы енді кеңірек ашылатын сияқты көрінеді бізге. Дендердің дарынды ұл-қыздары қандай құрметке де лайық. Шабытты шығармашылық ортадан жырақта жүрген суретші Дина д а бұл қамқорлықтан кенде қала қоймас…
* * *
Міне, Мұраттың төртінші портреті туралы әңгіме осымен тәмам. Біздің мәліметімізге сүйенсек, 1993 жылы Мұрат Мөңкеұлының туғанына 150 жыл толуына орай өткен бәйгеге атыраулық тоғыз суретші қатысқан. Ендеше , Мұрат портреттерінің галереясын түгендейміз десек, қалған бес суретшіні іздеуге тура келеді. Олар осы дүниемізді оқып, бізге өздері хабарласып жатса, сол портреттердің де жазылу тарихын баяндауға әзірміз.
Бауыржан ОМАРҰЛЫ,
ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі,
филология ғылымдарының докторы, профессор.