Мұнай-газ саласының бастауында
Atr.kz/13 тамыз, 2019 жыл. Осыдан бір жарым ғасырдай бұрын басталған мұнайды өнеркәсіптік өндіру жұмыстары ғылыми-техникалық революцияға алып келді. Осы сәттен бастап мұнайдың адамзат өркениеті дамуында маңызды рөл атқаратын дәуірі басталды.
Мұнай тікелей және астарлы мағынасында ғаламшар өміріндегі барлық «қозғалтқыш белдіктерді» іске қосты. Сөйтіп, адам баласына ғалам бойынша барынша жылдам қозғалуға, іштен жанатын қозғалтқышты пайдаланып көлікпен жүруге, аспанда ұшуға, теңізде жүзуге, ғарышты игеруге, жылуды пайдалануға, аграрлық кешенді тиімді дамытуға, өмір сүрудің ұзақтығы мен сапасын арттыруға зор мүмкіндік берді.
1899 жылы қараша айында Гурьев облысының Қарашүңгіл кен орнында мұнайдың бірінші бұрқағы атқылады. Бұл еліміз тарихына алтын әріппен жазылған «қара алтын» игерудің бастауы болған айтулы оқиға еді. Міне, биыл оған 120 жыл толады. Осыншама уақыттан бері Қазақстанның байлыққа толы жер қойнауынан өндірілген мұнайымыз әсіресе, еліміздің тәуелсіздік алған жылдарында экономикамыздың аяғынан тік тұрып кетуінде орасан рөл атқарды.
Еліміздегі мұнай-газ саласын ұйымдастырудың бастауында алғашқылардың бірі болып мұнайшыинженер Мұхамбет Исенов тұрған еді. Ал, биыл сол айтулы азаматтың туғанына 110 жыл толады. 1968 жылдың қараша айында мен Гурьев облыстық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі М.Тажинге шақырту алдым. Әңгіме барысында Мұқамбетқазы Қауысұлы Маңғыстауда Жаңаөзен ауданы құрылғанын, жуық арада комсомол комитетінің бірінші аудандық конференциясы өтетінін және хатшылары сайланатынын айтты.
«Осыған байланысты жаңа ауданға мамандығы мұнайшы және комсомол жұмысымен таныс жетекші кажет. Сен екі жылдан астам уақыт Доссор автомобиль, трактор және мұнай жабдықтарын жөндеу зауытының бас инженері, сондай-ақ, комсомол ұйымының хатшысы болып жұмыс істеп, біршама тәжірибе жинақтадың. Сондықтан, аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшылығына сені ұсынғымыз келеді» деді ол.
Келісімімді алғаннан кейін, Мұхамбетқазы Қауысұлы мені облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы М.Исеновке ертіп апарды. Мұхамбет Айтуұлы бізді өте жылы қарсы алды, менің комсомол жұмысына ауысуға келісім бергенімді дұрыс шешім ретінде қолдады.
Ол КОКП Орталық Комитеті мен КСРО Үкіметінің қаулысына сәйкес, Маңғыстауда қуатты жылуэнергетикалық кешен құрылатынын айрықша атап өтті. Бүкілодақтық Лениншіл Коммунистік Жастар Одағы Орталық Комитетінің «Маңғыстау түбегін екпінді комсомол құрылысы» деп жариялағанын және осыған орай Кеңес Одағының барлық түкпірінен комсомол жолдамасымен өңірдің мұнай кен орындарын игеру үшін жастардың келе бастайтынына баса назар аударды. «Жұмыс бастан асады, игеріп кетесің» деген сенімін білдірді.
Мұхамбет Айтуұлын бұған дейін баспасөз беттері арқылы білетінмін. Мақат ауданы мен облыста өткізілген актив жиындарында бірнеше рет сөйлеген сөзін тыңдаған болатынмын. Бірақ, алғаш рет бетпе-бет кездесуім маған ерекше жақсы әсер қалдырды. Осылайша, маған өмірге жолдама берген, Қазақстанның мұнай-газ саласын ұйымдастырушы адамның қолдауымен қоғамдық жұмысым басталды. Мұхамбет Исенов 1909 жылы Гурьев облысының Доссор кентінде дүниеге келді. Еңбек жолын «Гогольский» балық кәсіпшілігінде көмекші, содан кейін қоғамдық мал бағушы болып бастады.
1924 жылы комсомол қатарына қабылданады. Бастауыш мектепті бітірген соң фабрика-зауыт училищесінің (ФЗУ) үш жылдық мектебінде оқып, оны 1928 жылы аяқтайды. Он тоғыз жасар жас жігіт оныншы Орал губерниясының комсомол конференциясында губерния комитетінің мүшелігіне, ал, пленумда бюро мүшелігіне сайланды. Губернияның қайта құрылуына байланысты Орынбор қаласына рабфакқа оқуға жолдамамен жіберіліп, оны 1930 жылы БКП(б) мүшесі етіп қабылдады. Бір жылдан кейін Мәскеу мұнай институтына оқуға түседі.
Жігерлі, саяси сауатты, тапсырылған қоғамдық жұмыстарды белсенді, әрі құлшыныспен орындайтын қасиетімен ерекшеленген ол институтта оқып жүрген кездің өзінде Мәскеу қаласы, Ленин аудандық партия комитетінің насихатшысы ретінде комсомол ұйымының жұмысына белсене араласты. Сонымен бір мезгілде құрамында бір жарым мыңнан астам қазақстандық студент-жастары бар Мәскеудегі «Қазақ жерлестері» ұйымының төрағасы болып сайланды.
БКП(б) Орталық Комитетінің шешімі бойынша КСРО Ауыр өнеркәсіп халық комиссариатының бұйрығымен 1937 жылы Мұхамбет Айтуұлы басқа да жас мамандармен бірге жолдамамен Мәскеудің «Басмұнайөндірісі» аппаратына жұмысқа жіберіледі. Мұнда бастапқыда инженер-диспетчер, кейін Орта Азия мен Қазақстандағы мұнай жөніндегі өндірістік-өкімдік бөлімінің бастығы болып қызмет атқарды. Ұлы Отан соғысы басталып, еліміз үшін сын сағаты туған тұста М. Исенов өз еркімен Қызыл Армия қатарына алынады. Ол қызмет атқарған әскери бөлім 1941 жылғы 25 қарашада Мәскеу түбінде жаумен алғашқы шайқасқа түсті.
Майданда басқару взводының командирі, миномет дивизионы командирінің орынбасары және атқыштар полкі артиллериясының бастығы лауазымдарында шайқасты. 1943 жылы желтоқсанда КСРО Мемлекеттік Қорғаныс комитетінің шешімімен өнеркәсіпте өз мамандығы бойынша жұмыс істеу үшін майданнан елге оралады.
1944 жылдан бастап КСРО Мұнай халық комиссариатының аппаратында жұмыс жасады. Ол 1947 жылы өз өтініші бойынша Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің қарамағына партиялық жұмысқа жіберілді.
Әуелі Гурьев облыстық комитеті хатшысының орынбасары болып жұмыс істейді. 1952 жылдан бастап Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде, 1960-1962 жылдары Қазақ Кеңестік халық шаруашылығының отын өнеркәсібі басқармасының бастығы, соңынан Мұхаң 1963-1964 жылдары Батыс Қазақстан Өңірлік партия комитетінің екінші хатшысы, ал, 1964-1970 жылдары Гурьев облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін абыройлы атқарды.
Зейнетке шыққаннан кейін ол бірнеше жыл Қазақстанның Тамақ өнеркәсібі министрлігінде кадр басқармасының бастығы болып жұмыс істеді. КСРО Ауыр өнеркәсіп халық комиссариатында және Мұнай өнеркәсібі халық комиссариатында әртүрлі лауазымдарда жұмыс істей жүріп, бастамашылық танытуға, мұнай өнеркәсібінің дамуына қатысты жоғары органдардың шешімдерін дайындау мен іске асыруда маңызды оқиғалардың тікелей қатысушысы болуына тура келді. Қазыналы түбек – Маңғыстау өңірі 1973 жылдың сәуір айына дейін Гурьев облысының құрамындағы табиғи және климаттық жағдайы
бойынша Қазақстанның ең қатал, шөл далалы және сусыз аймағына жатқызылды. Еліміздегі Каспий мен Арал теңіздерінің ортасындағы орасан аумақты алып жатқан кеңістік адам ең аз тұратын өңірдің бірі еді. Қарасаң көз жетпейтін ұшы-қиыры жоқ дала, жабайы табиғат, адамның тұруына қолайсыз және шөлейтті аймақта өсімдік те сирек өсетін, жол қатынасы да тым нашар-тұғын. Мұхаң Каспий маңы өңірін өте жақсы білді.
Жеті жылдан астам уақыт КСРО Ауыр өнеркәсіп халық комиссариаты мен Мұнай өнеркәсібі комиссариатында Қазақстанның мұнай саласына жетекшілік жасай жүріп, өмірлік мәні бар мәселелерді шешуде маңызды рөл атқарды. Ол 1937-1947 жылдар аралығында Л.Кагановичпен, И.Сединмен және Н.Байбаковпен үзеңгілес жұмыс жасады. Қазақстанның мемлекеттік қызметтеріндегі жауапты лауазымдарда 30 жылдан астам жұмыс істей жүріп, өнеркәсіпті, әсіресе, мұнай-газ саласын дамытумен тікелей айналысты.
Ол Батыс Қазақстан Өңірлік партия комитетінің екінші хатшысы және Гурьев облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы лауазымдарында болған кезінде жоғары партия органдары мен Үкіметтің өңірді дамыту жөніндегі тиісті қаулыларының қабылдануында КСРО Мемлекеттік жоспарлау жүйесін ширек ғасырдай басқарған Н.Байбаковтың тарапынан қолдау таба білгенін үнемі еске алып отыратын.
Партия мен Үкіметтің директиваларын жүзеге асыру нәтижесінде соғысқа дейінгі жылдарда, Жайық пен Ембі аралығында жаңа мұнай кен орындарын барлау және іске қосумен қатар, «Каспий-Орск» мұнай құбыры, «Гурьев-ДоссорҚосшағыл» су құбыры, «ГурьевҚандыағаш» теміржол желісі салынып, пайдалануға берілген-ді. Соғыс жылдарында Гурьев мұнай өңдеу зауыты салынды. Осы зауыттың жанама өнім түріндегі газдарының базасында, кейін Гурьев химия зауыты салынып, өнім бере бастады. Осы атқарылған істердің маңызы өте жоғары еді.
Біріншіден, Ембі мұнайын тасымалдаудың тиімді жолы ашылды. Екіншіден, облысты елдің өзге өңірлерімен байланыстыратын теміржол қатынасы іске қосылды. Бұл өңірдегі ескі кәсіпшілік және ашық мұнай кен орындарын игеру, Ұлы Отан соғысы жылдарында майданды жанар-жағармаймен қамтамасыз етуде елеулі көмек көрсетті. Ембінің мұнай кәсіпшілігі кен орындарының тарихы бай. Мұнай кәсіпшіліктерінің ішіндегі ең ірілері — Доссор, Мақат, Қосшағыл, Құлсары, Байшонас, Қаратон және Прорва.
Осы кәсіпшіліктерде мұнай өндірумен қатар, бүгінгі ұрпақтары жаңа мұнайлы аудандарда аталар мен әкелердің еңбек дәстүрлері қалыптасты. Қазақстанның мұнай өнеркәсібінің ұйытқысы болып табылатын жергілікті атакәсіпті жалғастырушы жұмысшылар мен мұнайшы мамандардың бірнеше ұрпағы өмірге келді. Олар аға буыннан жаңа мұнай кен орындарын іздеу мен игеру жөніндегі күрделі іздестіру-барлау, бұрғылау және мұнай кәсібі шаруашылықтарын басқару тетіктерін қабылдап алды.
Кеңес үкіметінің 1956 жылғы шешімімен Маңғыстау түбегінде кең ауқымдағы геофизикалық және геологиялық-іздестіру жұмыстарын жүргізу, терең барлау бұрғылауын бастау және бір мезгілде Форт-Шевченко қаласында «Маңғыстаумұнайгазбарлау» трестін құру қарастырылды. 1957-1962 жылдары қазыналы түбекте, сондай-ақ, Каспий маңы аумағында барлаубұрғылау көлемін 2-3 есеге арттыруға және барлау жұмыстарын күшейтуге қол жеткізілді. Нәтижесінде Өзен, Жетібай, Прорва және Кеңқияқ жаңа ірі мұнай кен орындары ашылды. Осы және жетіжылдықтың кейінгі жылдары Гурьев облысында мұнай кен орындарын іздестіру мен барлау саласында қол жеткізген аса үлкен жетістіктермен сипатталады.
Маңғыстау түбегінің, Каспий маңы ойпатының, әсіресе, Прорва, Кеңқияқ, Еділ мен Жайық аралығындағы Мартыши кен орны, Солтүстік Үстірттің мұнай-газ саласында үлкен болашағы бары іс жүзінде расталды. Қос өзен аралығында «Жайықмұнайгаз» мұнай өндіру басқармасын құру мәселесі М.Исеновтің жеке бастамасымен шешімін тапты. Іздестіру-барлау ұңғымаларының нәтижелілігі 45,3%-ға артты, жалпы кеңестік деңгей 39,5% болатын. Ембіде мұнай өндіру көлемі 1950 жылдан 1960 жылға дейін 1,5 есеге артты, 1964 жылы 1,6 млн. тонна құрады. Ал, 1974 жылы «қара алтын» өндіру көлемі 4 млн. тоннадан асты.
1965 жылы Маңғыстау мұнайының алғашқы эшелоны Гурьев мұнай өңдеу зауытына жөнелтілді. 1970 жылы Қазақстан мұнайын өндіру жылына – 10, 1975 жылы 20 млн. тоннаға жетті. Аталған кен орындарының ашылуы өңірдің болашағы туралы күдікті сейілтіп, геологтар болжамдарының дұрыстығын дәлелдеді. Сонымен бір мезгілде жағдай түпкілікті өзгеріп, шешімін табу қажет болатын көптеген мәселелер кешені туындады. Гурьев облысында көлік, энергетика, су шаруашылығы, құрылыс және кадрлық-әлеуметтік мәселелерді түпкілікті шешіп алмастан, осы жартылай шөл далалы өңірдің табиғи байлықтарын кең ауқымды игеруді және жаңғыртуды ойластыру мүмкін емес.
Осы негізгі мәселелердің шешілмеуі үнемі экономикалық және мәдени дамытуды тежейтін факторлар болып табылатын еді. Халықтың ғасырлар бойғы арманын іс жүзінде жүзеге асыру 1960-1970 жылдарда басталды. Осы жылдары МаңғыстауМақат, Бейнеу-Қоңырат, ГурьевАстрахань теміржол магистралдары, автомобиль жолдарының кең желісі, әуежай, теңіз порты, МаңғыстауГурьев-Куйбышев, ӘмударияБейнеу-Құлсары мұнай-газ және су құбырлары, қуатты электр стансалары, жоғары кернеулі электр жеткізу желілерінің жүйесі, әртүрлі кәсіптегі зауыттар, құрылыс ұйымдарының ірі базалары салынды.
Шевченко мен Жаңаөзен қалаларының тұрмыстық кешендері, мәдени-тұрмыстық объектілері, қала шаруашылығы, жұмысшы кенттері және бірқатар өнеркәсіптік кәсіпорындар, оның ішінде мұнай химия зауыттары, ірі панельді үй құрылысы комбинаты, драма театр, әуежай, тоғыз қабатты қонақүй, «Орбита» стансасы бар телеорталық, Жайық өзені арқылы алғашқы теміржол көпірі, сауда орталығы және облыс орталығы – Гурьевте бірнеше үй-тұрмыстық объектілер салынды.
Бірқатар проблемалардың шешілмегеніне қарамастан, ұжымдардың күшімен осы жылдарда жасалған жұмыстар іс жүзінде өңірді өзгертіп жіберді және әрі қарай жаңарудың, шапшаңдатылған экономикалық дамудың кең мүмкіндігін ашты. Айдалада адам айтқысыз қиын жағдайларда көптеген өнеркәсіптіккөлік, энергетикалық, мұнай кәсіпшілігі, тау-кен, металлургия және басқа салалық кәсіпорындар мен қала шаруашылықтарының күрделі құрылысының кең құлаш жаюын қамтамасыз ету ірі мамандандырылған бөлімшелерді, көптеген салалық одақтық министрліктер мен ведомстволарды жұмылдырусыз мүмкін емес еді.
Сондықтан, осы жұмыстарға одақтық Үкіметтің шешімімен еліміздің облыстары мен өзге республикалардан білікті жұмысшы кадрлары бар одақтық министрліктердің ірі мамандандырылған ұйымдары тартылды. Сонымен бір мезгілде артықшылығымен еңбекақы төлеуге және өндірістік-техникалық, тұрмыстық мәселелерде барлық қажетті жабдықтармен жарақтандыруға дейінгі қажетті жағдайлар жасау жөнінде шаралар қабылданды.
Мұхамбет Айтуұлы жеке кездесуде есіне алғанындай: «…Сол жылдардағы капитал салу мен күрделі құрылыс көлемі бойынша Гурьев облысы Қазақстандағы облыстар арасында бірінші орынды иеленді. Осы тұрғыдан қарағанда, егер бұған дейін одақтық және республикалық ұйымдардың бірінші басшыларының осы өңірге келуі сирек кездесетін жағдай ретінде қабылданған болса, ал, 1960-1970 жылдары министрлік өкілдерінің толық келу сәттері жиі байқалды.
Бір мезгілде Гурьевке КСРО Министрлер Кеңесінің Төрағасы мен оның бірінші орынбасары басқарған 17 республикалық министрдің, сондайақ, бірқатар одақтық министрдің келген кезі де болған. Аталған басшы қызметкерлердің келуі бізге көптеген ведомстволар бөлімшелерінің жұмыстарын үйлестіруге, жедел мәселелерді жергілікті орнында шешуге және болашағы бар мәселелерді бірлесіп дайындауға көмегін тигізді. Осыған байланысты біз Мәскеуде қоғамдық бастама негізінде ҚазКСР тұрақты өкілі Өтешқали Атамбаевтың қатысуымен құрамына 10-12 одақтық министрлер кіретін бастамашылық кеңес құра білдік.
Бұл кеңесте қандай да бір министрдің өңірге сапарының қорытындылары жедел талқыланатын, жергілікті орында туындаған мәселелерді шешу және нақты көмек көрсету бойынша нақты шаралар қабылданатын. Көптеген мәселелер Одақ үкіметінің қаулысынсыз және жоспарлау органдарының келісімінсіз өз шешімдерін тауып жатты. Осындай жағдайда бізге одақтық министрліктердің басшыларымен тікелей іскерлік қарым-қатынастың қалыптасуы көмегін тигізді, оның үстіне, өңірдегі өнеркәсіптің барлық салалары дерлік одақтық бағыныста болатын…».
Елу жылдан аса Отанына адал қызмет ету үлгісін көрсеткен Мұхаң бірнеше рет партияның облыстық, өңірлік комитетінің бюро мүшелігіне, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшелігіне, сондайақ, КСРО мен Қазақ КСР Жоғарғы Кеңестерінің депутаттығына сайланды. Жоғары партия, кәсіподақ органдарының съездеріне делегат болып сайланды. Ұлы Отан соғысы жылдарында Мәскеуді қорғау шайқастарына қатысқаны үшін ең жоғары жауынгерлік айбын белгілерінің бірі «Қызыл Жұлдыз», II дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Москваны қорғағаны үшін» және «Соғыс жылдарындағы ерен еңбегі үшін» медалдарына және басқа да марапаттарға ие болды.
Соғыстан кейінгі жылдарда Ленин, екі рет «Еңбек Қызыл Ту» және «Құрмет белгісі» ордендерін өңіріне тақты. Қазақстанның мұнай өнеркәсібін дамытуға қосқан орасан үлесі үшін «КСРО құрметті мұнайшысы», экономика мен мәдениетті дамытудағы сіңірген еңбегі үшін «Гурьев қаласының Құрметті азаматы» және «Атырау облысының Құрметті азаматы» атақтарына ие болды. Одақтық деңгейдегі дербес зейнеткер Мұхамбет Айтуұлы 1970 жылдан бастап өмірінің соңына дейін Алматы қаласында тұрды. Ол зайыбы София Садыққызымен бірге туып-өскен өңіріне жиі барып тұрды.
Мен ол кісіден Қазақстанның қалыптасуы туралы көптеген тарихи оқиғалар жайында естідім. Мұхамбет Исенов кіршіксіз таза, қызметіне адал, парасатты және өмір жолы өте қызықты жан болатын. Қызы Әсия және ұлы Бақыт соғыс эвакуациясы жылдарында қайтыс болды. Соғыстан кейін Ержігіт және Серік есімді ұлдарын тәрбиелеп өсірді, немерелерінің қызығын көрді. 1992 жылы осы аңыз адамның жүрегі соғуын тоқтатты.
Равиль ШЫРДАБАЕВ,
мемлекет және қоғам қайраткері