190717224146291 3548700mbf

Мұнай-газ саласында машина жасауды дамыту қажет

Жаңалықтар Экономика

Atr.kz/18 шілде, 2019 жыл. Атырау облысында жұмыс сапарымен жүрген ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин ірі мұнай жобаларындағы отандық қамтылымға қатысты және мұнай-газ саласындағы машина жасауды дамыту жөнінде кеңес өткізді.

Кеңесті ашқан Үкімет басшысы ірі жобалардағы операторлардың сатып алуларындағы жергілікті қамтудың үлесі өсіп келе жатқанын атап өтті.

«Жергілікті қамтылымды дамытуға қатысты нақты тауарлар бойынша алсақ ол жеткілікті көлемде пайдаланылмай келеді. Тауарлар сатып алуда жергілікті қамту Теңіз кенішінде 5%, Қарашығанақта 12%, Солтүстік Каспий жобасында 27,3% ғана. Бұл жағдай іс жүзіндегі шараларды қажет етеді, бұл жоба операторлары тарапына да қатысты», – деді Асқар Мамин.

Премьер-Министр жиынға қатысушылардың назарын құрал-жабдықтарды Қазақстанда өндіруге аударды.

«Мемлекеттік органдар ірі жобаларға тауар, жұмыс және қызмет сатып алуларда жергілікті тауар өндірушілердің тең дәрежеде қатысуына жағдай жасауы керек. Энергетика, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктеріне сәйкесінше мемлекеттік органдармен осы міндеттерді жүзеге асыру үшін қажетті шараларды қабылдауды тапсырамын. Оның ішінде заңнамалық тұстары да бар», – деді Премьер-Министр.

Отандық қамтылым мен мұнай-газ саласындағы машина жасауға қатысты мәселелерді талқылауға арналған жиынға бірқатар министр мен «Теңізшевройл» ЖШС, NCOC, «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг», еліміздегі мұнай операцияларын жүргізетін компаниялардың басшылары қатысты.

Дереккөз: ҚазАқпарат

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған