
Модульдік ғимарат кешендері пайдалануға беріледі
Атырау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №15 мекемесі аумағында модульдік ғимараттар кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Жалпы аумағы 880 шаршы метрді құрайтын екі өндірістік цехтың (ангар) құрылысы қазір аяқталуға жақын. Нысандарды толықтай тапсыру биылғы 25 қыркүйекте жоспарланған.
Жаңа цехтар электр жарығымен, жылу жүйесімен, бейнебақылаумен, өртке қарсы және алдын алу дабыл жүйесімен, сондай-ақ желдеткішпен қамтамасыз етіледі. Әр бөлме металл шкафтар мен стеллаждармен жабдықталмақ.
Кәсіпкерлерді өндірістік алаңдарға тарту мақсатында облыстық прокуратура, ҚАЖ департаменті мен мекеме әкімшілігі, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы, РМК «Еңбек-Батыс» филиалы және өңірдің ірі бизнес өкілдері қатысқан дөңгелек үстел өтті.
Жиында кәсіпкерлерге мекеме аумағында бизнес ашудың тиімді жақтары таныстырылды. Оның ішінде ғимаратты жалдау құнының төмендігі мен жұмыс күшінің жеткілікті болуы басты артықшылық ретінде аталды.
Кездесу қорытындысында «Едіге Декор» ЖШС және «Төлеуов» ЖК тарапынан қызығушылық танытылып, құрылыс аяқталғаннан кейін кәсіпорын ашуға келісім берілді.
Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ