ҮМІТТІ АҚТАҒАН ҮЗДІКТЕР
— Бала тәрбиелеу – болашаққа салынған ең үлкен инвестиция. Елбасының қолдауымен елімізде білім саласында үлкен жобалар іске асуда. Болашаққа нық қадам жасаған мемлекет әрдайым бала тәрбиесіне үлкен көңіл бөліп келеді. Елімізде білім сапасы жылдан-жылға жақсарып келеді, соның ішінде Атырау облысының көрсеткішінде де ілгері басушылық байқалады. Мұны кешегі өткен білім сынағында жақсы нәтиже көрсеткен үздіктеріміз дәлелдеп отыр. Атырау облысы үшін – бұл, әрине, үлкен мақтаныш. Бұл балалардың білімге деген оң көзқарасы, мұғалімдердің 11 жыл бойы берген білімі, үлкен қажыр-қайраты, маңдай терінің жемісі және ата-аналардың тәрбиесі деп білемін, — деп облыс басшысы облыс мерейін асқақтатқан түлектерді, олардың ата-аналарын және гимназия ұстаздарын жоғары жетістіктерімен құттықтады.
Сондай-ақ, облыс әкімі облыстағы он бір апаттық жағдайдағы мектепке құрылыс жұмыстары жүріп, келесі оқу жылында бұл мәселе толықтай шешілетінін жеткізді. Мектептердің материалдық базамен қамтылуы да үнемі бақылауда екендігін айтты.
Биылғы ҰБТ қорытындысы туралы облыстық білім беру басқармасының басшысы Сатқан Есенғалиев баяндады.
Ата-аналар атынан сөз алған Самалдың анасы Ақмарал Қайыржанова балалардың жетістігін бағалап, қабылдап, құттықтап жатқан облыс басшысына, балаларды он бір жыл бойы білім нәрімен сусындатқан ұстаздарға шексіз алғысын білдірді. Ал, балаларға үлкен өмірде ата-ана мен ұстаздар үмітін ақтап, тәуелсіз Қазақ елінің ертеңгі жарқын болашағын баянды ететініне сенім білдірді. Сондай-ақ, гимназия директоры София Әлібаева: «Техникалық гимназия жылма-жыл республикадағы үздік 100 мектептің, облыс бойынша үздік он мектептің қатарында келеді. Нұржан мен Ақ-Бөкен – Назарбаев зияткерлік университетіне, ал, Самал – Ұлыбританияның жоғары оқу орнына қабылданып отыр. «Бірлік бар жерде – тірлік бар». Биылғы көрсеткішіміз – біздің ортақ жетістігіміз», — деп, қолдау көрсеткен облыс басшыларына, облыстық білім беру басқармасы мен қалалық білім бөліміне алғысын білдірді.
Ақ-Бөкен мен Нұржанның сынып жетекшісі Гүлмарал Әбілованың айтуынша, сыныпты 25 оқушы бітіріп, оның барлығы дерлік жоғары балл жинаған. Және сыныптағы «Алтын белгіге» үміткер бес оқушы да түгелімен өз білімдерін ақтап шықты. Соның ішінде 124 балл жинаған Айнаш Әубекерова да – «Алтын белгіге» үміткерлер қатарында.
— Сіздердің үздік көрсеткіштеріңіз – облыс үшін үлкен мақтаныш, — деді облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлы. — Осыдан 47 жыл бұрын мен де мектепті үздік медальмен бітіріп, жоғары оқу орнын да сәтті аяқтап, кейін кандидаттық диссертация қорғадым. Еңбек жолымнан хабардарсыздар. Сондықтан, білім қуу арқылы өмірде үлкен жетістіктерге жете аласыздар. Алған беттеріңнен таймай, үздіктер қатарынан көріне беріңдер!
Облыс әкімі білім додасында топ жарған түлектерге бір миллион теңгеге сертификат табыс етіп, ата-аналарға, ұстаздарға «Алғыс хат» ұсынды. Сондай-ақ, үздік түлектерге, олардың ата-аналары мен ұстаздарына Солтүстік Кавказдағы «Қазақстан геологі» пансионатына демалуға жолдама берді.
Айгүл ЕРТІЛЕУ.