ӨМІРІ ӨНЕГЕ АҒА ҚҰРМЕТІНЕ
Мини-футболды тамашалауға келген жанкүйерлер алдында облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлжанат Қаленова сөз сөйлеп, турнирге барлығы сегіз команда қатысқанын, олардың тамаша ойын көрсеткенін атап өтті.
Жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне келген облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев жерлесіміз, атақты геолог-барлаушы Таумұш Нұрышұлының өмірі мен қызметіне қысқаша тоқталып, кейінгі жас ұрпақтың осындай тау тұлғалы аталарынан үлгі алу керектігін баса айтты. Әсіресе, спорттың қай түрінің де жастардың жинақы, таза, сергек жүрулеріне көмектесетінін, салауатты өмір салтын ұстануларына оң ықпал ететінін әңгімеледі.
Осыдан кейін облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Исламұлы мен Таумұш ағаның жары Бәтіш апа жеңімпаз командаларды Қазақстан спортшылары күнімен шын жүректен құттықтап, марапаттау рәсімін бастады. Мини-футболдан өткен облыстық турнирде бірінші орынды — «Мұнайшы», екіншіні — «Аламан», үшінші орынды «Махамбет» командасы иеленді. Сондай-ақ ойынның «Үздік шабуылшысы» — Төлеген Шынтаев, «Үздік қақпашы» — Айдын Аманшиев, «Үздік қорғаушы» болып Нәбижан Қуанышев танылды.
Жүлдегерлердің бәріне арнайы «Дипломдар» мен сый-сияпаттар табыс етілді. Марапаттау рәсімінің соңында Бәтіш апа өзінің қосағы, туған елінің құрметті де қадірлі ұлы бола білген Таумұш ағаны еске алуға арналған көптеген мәдени-көпшілік, спорт шараларының өтіп жатқанына өз ризашылығын білдіріп, облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов пен осы жұмысты өткізуге жұмыла кірісіп кеткен барша атыраулыққа үлкен алғыс сезімін білдірді.
Лиза СЕЙТІМОВА.
Суретті түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.