Миллионер атанғың келе ме?
Қазақстандық мектептерде 10-11 сынып бағдарламасына «Экономика және кәсіпкерлік негіздері» пәні енгізілуі мүмкін. Бұл туралы «Атамекен» ҰКП әлеуметтік сала және әлеуметтік серіктестік комитетінің төрағасы Талғат Доскенов мәлім етті» деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бағдарламаны Назарбаев зияткерлік мектебі, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Алтынсарин атындағы Ұлттық білім беру академиясымен және Almaty Management University мамандары бірлесіп жасақтауда. Оған сәйкес, әрбір 11 сынып оқушысы мектеп бітіргенде өзінің жеке бизнес жобаларын ұсынулары тиіс. «Мектеп бағдарламасына осындай пәннің енгізілуі қазақстандықтардың бизнеске деген машығын мектеп табалдырығынан бастап игеруге мүмкіндік береді» деп есептейді бастамашылар. Бұл сауал соңғы екі жыл бойы Ұлттық кәсіпкерлер палатасында да белсенді талқыланып келген. «Біз сіздермен бірге біздің елдің кәсіпкерлік саласының болашақ дамуын жобалаудамыз. Оқушылар өзінің болашақ өмірін кәсіпкерлік білімдері арқылы құратын болса, кәмелеттік жасқа толмай жатып, миллионер атанып жатса, қанеки! Сондықтан, мектеп бағдарламасына кәсіпкерлік негіздерін енгізу, мектеп жасынан бастап, кәсіпкерлікті жүргізуді меңгерген, нарықтық экономикаға бейімделген жас буын өкілдерін тәрбиелеп шығуға жол ашады», — деп атап өтті Талғат Доскенов. Жаңа пәнді 2019 жылы барлық мектептерде 10-11 сынып бағдарламаларына енгізу жоспарланған. Ерекшелігі, жаңа пәнде негізінен практикалық машықтауға назар аударатын болады. Жыл бойы оқушылар өздерінің бизнес-идеяларын жасақтап, кейін оны қорғайды. Сонымен қатар, оқыту барысында оқушылар қаржылық сауатқа, банктердің несие-ақша саясатының негіздеріне қанық болады.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА.
Дереккөз: «ҚазАқпарат»