«МЕРЕЙЛІ ОТБАСЫ» – ЕЛ МЕРЕЙІ
– Отбасылық құндылықтар – баға жетпес байлығымыз. Шаңырақтың үйлесімді дамуы мемлекеттің іргетасының берік болуына қызмет етеді. Елбасының әр жылдағы халыққа арнаған Жолдауларында отбасылық құндылықтарды сақтау, бала тәрбиесі мәселесі тұрақты қозғалып келеді. Ұлттық «Мерейлі отбасы» конкурсының да үлгілі отбасыларды өскелең ұрпаққа өнеге етуде маңызы зор, — деді Мейірім Жоламанұлы.
«Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демекші, Нәсимолла Әжіғалиевтың отбасы қалалық «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауында бас жүлдеге ие болды. «Бақыт бағасын білгеннің ғана басында тұрады» деген қағиданы берік ұстанған бұл отбасы мұнайлы мекенге ұлттық салт-дәстүрді дәріптеуші, ынтымағы жарасқан көп балалы әулет ретінде кеңінен танымал. Нәсимолла Әжіғалиұлы ұзақ жыл колхозда қызмет етіп, бүгінде еңбектің зейнетін көріп отырған құрметті зейнеткер. Отанасы Айман Әбуғалиқызы – «Алтын алқа» иегері. Бұл отбасының ұл-қыздары білім беру саласында жемісті еңбек етуде.
Осындай жанұялардың қатарындағы Бекешовтер әулеті ұлттық байқаудың бірінші жүлдесін иеленді. Әліпқали Шамжанұлы – Атырау қалалық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы. Басшылық қызметте жемісті еңбек етіп, Атырау қаласының Құрметті азаматы атанды. Балаларының анасы Қазира Нәжімқызы – медицина саласының ардагері, зейнеткер. Ұлттық дәстүрді ұрпақ тәрбиесінде берік ұстанатын олар – бес ұл-қызынан он бес немере-жиен, үш шөбере сүйіп отырған бақытты әулет иелері.
Байқаудың екінші байрағы Мұрат Сармановтың отбасына берілді. Бұл жанұяны Атырау жұртшылығы мұқтаж жандарға қайырымдылық көмегін ұсынатын кәсіпкерлер әулеті ретінде таниды. Олардың өмірлік ұстанымы – «Адам мәңгі жасамайды, мәңгі жасайтын – оның ісі». Мұрат Сатыбалдыұлы өңір экономикасын дамытуға қосқан үлесі үшін Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы атанып, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Ал, жары Қарлығаш Бағытқызы – жоғары санатты математика пәнінің мұғалімі. Отбасының қос ұлы Бауыржан мен Асылан әке жолын қуып, жеке кәсіпкерлікпен айналысса, қызы Райхан – қаржы саласының маманы.
Ал, үшінші орынды иеленген Нұрсұлтан Достановтың отбасы да береке-бірлігі жарасқан шағын мемлекет ретінде жақсы таныс. Нұрсұлтан Дәрібайұлы облыс экономикасының негізгі күретамыры саналатын Атырау мұнай өңдеу зауытында жұмыс істеп, кейіннен Атырау политехникалық колледжін басқарған. Ол жары Марал Кәмелқызы екеуі – ұлы мен төрт қызынан он төрт немере-жиен сүйген бақытты жандар.
Мұнайлы мекен – қашаннан өнегелі де ұлағатты отбасыларға бай өңір. Жиында Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – хатшылық меңгерушісі Гүлмира Шәкірова қалалық «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының дипломанттары – Орынбасар Мирасов, Армен Арутюнян және Асылбек Хамметовтердің отбасыларына дипломдар мен ескерткіш сыйлықтар табыстады.
Рита ӨТЕУҒАЛИ